Инновациялық дамудың бір тетігі

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда «Егемен Қазақстан» басылымында жарық көрген: «Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай жиырма  қадам» мақаласында еліміздің әлеуметтік және экономикалық жаңғыртудың басты қадамдарын саралап берді.  Оның басты мақсаты – қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайында өмір сүруге дайындау; үдемелі даму мен қоғамдық игіліктермен қамтылу арасындағы тепе-теңдікті ұстану; заңның басымдылығы мен әділеттік принциптеріне сүйенген әлеуметтік қатынастар құру болып табылады. Сонымен қатар Елбасы бұл мақсаттарға жету үшін басты қадамдардың бірі ретінде «Инновациялық экономиканың басты қозғаушы күші – креативті таптың туындауы мен дамуын қамтамасыз ету маңызды мәселе» деп атап өтті. Демек, қоғамның бүгінгі даму деңгейінде басты рөл атқарып отырған инновациялық дамудың бір тетігі ретінде халықтың техникалық творчествосы –  өнертапқыштықтың маңызы ерекше.  

Өнертабыс –техникалық эволюцияның қозғаушы күші
Ежелден өнертабыстың қоғам өмірін­дегі ерекше орнын, елдің ішкі, сыртқы саясатына тигізетін ықпалын АҚШ, Жапо­ния және Батыс елдері жете сезінді.  Өнер­табыс жаңалықтарын дер кезінде зияткер­лік меншік ретінде тиісті құжаттар­мен қорғау – олар үшін өмірлік заң. Жоғарыда аталған мемлекеттердегі ұлттық мүдде, бірде-бір өнертабыс жаңалығы қоғамнан тыс қал­мауы керек. Жалаң ұран емес, мем­лекет саясатының нақты көрінісі. Себе­бі, оларға сырттан келетін үлкен қаржы арнасы – зияткерлік меншік.
Ғылыми болжамдар бойынша, алдағы 10-15 жыл аралығында әлемде үлкен технологиялық түбірлі өзгерістер болады. Ғылымға деген сұраныс жоғарылайды, өнертабыс жаңалықтарын өмірге енгізудің жылдамдығы артады, жаппай қолданысқа әзірге көпшілікке беймәлім заттар енеді, қуаттың жаңа түрлері пайда болады. Мы­салға, графит тектес жаңа құйма графен, салмақсыз, беріктігі болат құрышынан 200 есе жоғары, электр тогын өткізу мүмкін­шілігі шексіз, үйкеліске төзімді. Оны 2020 жылы күтіліп отырған өндірісте шыға бас­тауынан кейін, ғарыш зымырандары, ұшақ, автокөлік, темірден жасалынатын заттардың көптеген түрлері,  электроника тетіктері графеннен жасала бастайды.
Онда бүгінде жер қойнауындағы бар­лау жұмыстарынан бастап, дайын өнім дәре­жесіне жеткізгенге шейін қыруар қаржы жұмсалып, жер қойнауын бүлдіріп,  жерасты суларын ластап, өндіріп жатқан түрлі түсті металдар, темір, алюминий, оларды өңдейтін металлургия өндірісі ертең кімге керек?!
Ғылым көкжиегінде нанотехнология­ның бейнесі көріне бастады. Әлем атом мен молекулалардың жиынтығынан тұратын болса, олардың өлшемі метрдің миллиардтан бір бөлшегі – нанометр. Сонымен нанотехнология дегеніміз, әзірге табиғаттағы белгісіз затты жекелеген атом­дар мен молекулаларды  ерекше сызбалар­мен жинақтау. Бір сызба бойынша жинақ­талған атом мен молекуладан тіршілікке қажет ауа мен су пайда болса, екінші сызбамен өмірге қауіпті сәуле ағындарын дүниеге келтіруге болады.
Болашақтағы ғылымның, оның ішінде нанотехнологияның даму бағыттарын алдын ала анықтайтын сілтеме – өнер­табысқа берілген патент. Статистикаға сү­йен­сек, патент, оны іске асыру үшін жүр­гізілетін ғылыми-зерттеу  жұмыстарынан жеті-сегіз жыл, алғашқы шығаратын өнім­нен 10-12 жыл бұрын беріледі екен.
Соңғы оншақты жылдағы әлемдегі патент қозғалысына зер салсақ, ке­ле­шекте  өмірге үлкен өзгерістер әкелетін жаңалықтар, ғарыш саласында, қайта­рым­ды қуат көздерінде, байланыс ақпарат құралдарында, физика және биология тоғысында пайда болуы мүмкін екені байқалады.
Жел қуатын қалай еселейміз?
Балама энергетика саласын алсақ, желдің соғу күшін адамзат қоғамы біздің дәуірге дейінгі төртінші ғасырда пайдалана бастаған. Бүгінгі заманға жеткен түрі, элек­тр тогын өндіретін қалақшалы жел стан­сылары. Қазірде, қалақшаларының өзара қашықтығы 70 метрге дейін жететін қуатты жел стансылары Батыс Еуропа елдерінде, Қытайда, Индияда самсап тұр. Олардың басты кемшілігі, тұрақты жұмыс істеулері желдің соғу жылдамдығы 4-15 м/секунд аралығында болуы керек.
Тексерістен өткен заңдылықтар бойын­ша, стансының өндіретін қуат мөлшері, жел жылдамдығының үшінші дәрежесіне тең. Қарапайым түрде айтқанда, желдің соғу  екпіні күшейген сайын, өндіретін қуат еселей артады.
Жел қуатын игеру саласындағы жетекші мемлекеттерде алынған патенттерді зерт­теу жұмыстары көрсеткеніндей, соңғы 10-12 жылда байырғы қалақшалы жел қон­дырғыларына арналған өнертабыс па­тент­тері жоққа тән. Есесіне, АҚШ, Алма­ния, Жапония, Дания, Франция елдерінде құбырдағы жасанды жел ағыстарынан элек­тр тогын өндіруге берілген патенттер баршылық. Әзірге негізгі зерттеу жұмыс­тары жүргізіліп жатқан аталмыш жаңа тех­нологияның ерекшелігі, ауа қабаттарының қысымы, қызуы әртүрлі болатын жер бетіндегі нүктелерді құбырмен жалғастыру, сонда құбырдың ішінде тұрақты, қысымды, жылдамдығы өте үлкен, игерімді жасанды жел ағысы пайда болады. Құбырдың өн бойына орналастырылған турбиналар  тізбегі жасанды жел ағысынан электр қуатын көп мөлшерде өндіруге мүмкіндік береді.
Жоба іске асырыла қалған жағдайда, құбырдағы жасанды жел өзендерінің есеп­теулі жылдамдығы – 100 метр/секундқа жетіп, асып кетуі мүмкін екенін, құбырдың әрбір метрінен 1,5-2,0 киловатт электр тогын өндіруге болатынын ескерсек, жаңа­лықтың жел қуатын игеру саласына кешен­ді өзгерістер әкеліп, үлкен қуат көзіне айна­латынына сенім мол.
Отандық өнертабыс неден сүрінді?
Өкінішке қарай, елімізде өнертабыс жа­­ңа­лықтарына деген сұраныс жоқтың қасы. Оларды өндіріске енгізу жекелеген өнертапқыштың, ғылыми-зерттеу ұйымда­рының мүмкіншілігімен шектеледі. Егер жолы болса, технопарк, әртүрлі қорлардың көмегімен, патентке сәйкес, жаңа заттар­дың, құрал-саймандардың, техноло­гия­ның жекелеген үлгілерін жасайды, тәжі­ри­бе сынағынан өткізеді. Сонымен  бәрі бі­те­ді, есеп беріледі!
Бір мысал: мемлекеттік  тапсырыспен, жаңалығы патентпен бекітілген, тереңдігі ұңғылардың жағдайын аса дәлдікпен бей­некөрініс арқылы зерттейтін, ықшам, оңай қолданылатын отандық ССВ-03 атты құрал дүниеге келді. Әртүрлі өндірістік тексе­рістерден өткізіліп, оған сәйкестік сер­ти­фикаты алынды. Құрал арқылы ұң­ғы­ның тереңдегі ішкі құрылысын, қабыр­ғаларын, ондағы құбырлардың жағдайын компью­терден айнадағыдай анық көруге болады. Содан кейін, ұңғы құрылысының жобаға сәйкестігін, жерастында жүргізілген жұ­мыс­тардың көлемін, сапасын, пайдала­ныл­ған заттардың құрамын дәлме-дәл анықтауға мүмкіндік береді. Сөйтіп, бұған дейін техникалық мүмкіншіліктің жетіс­пеуінен, қалтарыста қалып отырған ұңғы­ның тереңдегі нақты жағдайын талас ту­дырмайтын бейнекөрініс арқылы байқауға болады.
ССВ-03 құралын пайдаланып, 2007-2011 жылдары еліміздің әртүрлі аймақ­тарында көптеген жерасты су ұңғылары бейнекөрініс арқылы зерттелді. Нәтижесі – елді мекендерді орталықтандырылған жүйелер арқылы сумен қамтамасыз етіп отырған жерасты су  ұңғыларының жағда­йы ешқандай сын көтермейді, санитарлық талаптарға сай келмейді, барлығы дер­лік тозығы әбден жеткен, көмейлері біте­луге жақын іске жарамсыз құбырлармен жаб­дықталған.
Бұлар – суын ішіп, күнделікті бақылауда тұрған ұңғылар. Ал бақылаудан тысқары, даладағы ондаған мың су ұңғылары жайында әңгіме қозғаудың өзі ретсіз. Олар тек қағазда, геологиялық құжаттарда ғана бар, шындығында жоқ. Сонда жыл сайын мемлекеттік бюджеттен жерасты суларын зерттеуге бөлінген қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Әңгіме тек ақшада  емес, ст­ра­тегиялық байлық, өмір сүрудің арқауы, Қазақстан үшін айрықша маңызды, үздіксіз өзгерісте болуы мүмкін жерасты сулары­ның көлемі, орналасу жағдайы туралы жалған мәліметтердің қоры пайда болуын­да.
Бүгінде, ұңғыларды зерттеудің осы әді­сін, ССВ-03 құралын жерасты су жағдайын бақылау жұмыстарына жаппай енгізу үлкен кедергілерге тап болып отыр. Себебі – біреу, оншақты жылдар бойы жерасты су ұңғыларына бақылау, жөндеу немесе жою жұмыстарымен айналысып келген ұжым­дар, бейнекөріністің өздері үшін қанша­лықты қатерлі екенін бірден түсінді. Өйтке­ні оның өндіріске енгізілуінен, жерасты су шаруасындағы орнықты көзбояушылық, жемқорлық жалған ақпараттар тыйылады.
Еліміздің өнертабысы қорғауға лайық
Инновация экономикасындағы дайын өнім өткізуге деген талас, арзан шикізат саудасындағы бәсекелестіктен әлдеқайда жоғары, күрделі. Бүгінде Ресей, Беларусь, Қазақстан мемлекеттерінің бірыңғай ортақ экономикалық кеңістікті құрудағы мақсаты – өзара еңбек бөлінісін нарық жағдайында  реттеу және бұйымдарды өткізу үшін ішкі бәсекелестікті күшейту. Ал бәсекелестіктің басты құралы, жоғарыда айтқанымыздай, еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтып, бұйымдардың сапасын жақсар­татын өнертабыс жаңалықтары.
Ежелден қалыптасқан мемлекетаралық сауда қатынасының бұлжымас қағидасы, дайын бұйымның баратын жеріне байла­нысты, оның құқығы, жаңалығының құ­пия­сы, қолдану аясы сол елдің өнертабыс патентімен қорғалуы тиіс. Осы қағиданы үнемі назарында ұстайтын АҚШ-та жы­лына 450 мың өнертабысқа патенті беріл­се, Жапонияда – 350 мың, Қытайда – 300 мың, Ресейде –16 мыңға жетеді. Атақты IBM компаниясы, ашқан өнертабыс жа­ңалық­тарына 2010 жылы бес мың патент алған.
Ендеше біздің елімізде патентпен қор­ғалған өнертабыс жаңалықтарын сыртта басқалар тегін пайдаланып кетпеуі үшін, өзге елдерге шығаратын бұйымдарымызға  сараптамалар жүргізіліп, оларға шетелдік патенттер алу жұмысын жедел түрде қолға алуымыз керек.
Оған халқымыздың күш-қуаты, өресі жетеді, мәселе ұлттық рухани өсуіміздің әлем мойындаған даңғыл жолдарын дұ­рыс таңдауымызда. 

Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, академик, техника ғылымының докторы, профессор

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста