Ядролық технологиялар: ғылым мен өндіріс синтезі
Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық құрып, ғылыми-техникалық әлеуетті кешенді пайдалану жобасы еліміздің 2003-2015 жылдардағы индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында жүзеге асқаны мәлім.
Осы орталық негізінде бұдан төрт жыл бұрын құрылған «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамы бүгінде ядролық технологиялар саласындағы ғылыми негіздегі жоғары технологиялық компанияларды дамыту, жаңа технологияны өрістетуге арналған заманауи инфрақұрылымды құру, жоғары технологиялық жобаларды тартып, оларды өнеркәсіптік өндіріске, экономикалық нарыққа енгізу сынды көптеген міндеттерді атқару жолында табысты еңбек етіп келеді. Қазіргі дағдарысқа қарамастан, мемлекет ядролық технологиялар паркін әрі қарай дамытып, қажетті жағдай жасауға мүмкіндіктер туғызып келеді. Ұлттық ядролық технопарктің президенті Абзал Кұсайынов білікті мамандарды маңайына жинап, технопарктің инфрақұрылымы нысандарының құрылысын ұйымдастыруды қолға алды. Нәтижесінде, технопаркті өркендетудің стратегиясы жасалып, жоғары технологиялық жобаларды қарастыру, ғылыми-техникалық саладағы заманауи жүйені енгізу жолында ауқымды жұмыстар жүргізіле бастады.
Технопарктің даму тетіктері
Жалпы, технопарк ғимаратының құрылысы 2006 жылдың ортасында басталды. Өткен жылы мұнда еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік электронды үдеткіштер іске қосылды. Радиациялық технология әдісімен жүзеге асырылған бұл екі өндірістік желінің ел экономикасына тигізер пайдасы мол. Мәселен, осы өндірістік желі бойынша шығарылатын көбіктелген, арнайы өңдеуден өткен бұйымдардың физикалық қасиеттері жаңа сапа деңгейіне көтеріліп, оның мықтылығы бірнеше есе артады.
Ұлттық технопарктің әкімшілік ғимаратында бизнес-орталық, бизнес-инкубатор және өнеркәсіптік зертханалар орналасқан. Бұлардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Айталық, бизнес-орталық коммерциялық негізде келушілерге біліктілік, сертификаттық және ақпараттық-көрме қызметтерін көрсетсе, бизнес-инкубатордың міндеті – ғалымдар мен кәсіпкерлерге өз кәсібін дамытуға арналған қаржылық және техникалық құралдарды іздестіруге қол ұшын беру, сондай-ақ кеңселік қызмет ұсыну. Ал зертханалық зерттеулердің мақсаты – ғылыми жасалған жобаларды өнеркәсіпке енгізуге дейін жеткізу болып табылады.
Бұдан өзге, технопарктің аумағында радиациялық зарарсыздандыру ғимараты да орналасатын болады. ИЛУ-10 өнеркәсіптік қондырғысы базасында медициналық препараттарды, әртүрлі дәрі-дәрмектерді синтездеу, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
«Ядролық технологиялар паркі» АҚ аумағында қолайлы инвестициялық орта құруға «Табыс» венчурлық қоры» тәуекелді инвестициялық қор» АҚ мұрындық болып отыр. Сондай-ақ технопарк базасында «Ядролық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құру бойынша шаралар қолға алынуда. Осындай маңызды міндеттер мен мақсатты жүзеге асыруға белсене кіріскен ұжым да білікті мамандардан құрылған. Даму стратегиясына сәйкес, 2020 жылға қарай ядролық және радиациялық салаларда 20-дан астам жоғары технологиялық компаниялар құру жоспары бар.
Халықаралық серіктестік
Еліміздің ядролық технологиясын дамытуға инвестиция тарту – технопарк қызметінің басты бағыттарының бірі. «Ядролық технологиялар паркі» көптеген шет мемлекеттермен іскерлік байланыс жасап, тәжірибе алмасуда. Құрылған күннен бастап технопарк Ұлыбритания, Қытай, Ресей сынды көптеген мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатып үлгерді. Соның бір көрінісі – Қазақстан-Корей бірлескен кәсіпорны.
Kaz-Kor NuTech Company ЖШС 2008 жылдың қараша айында құрылды. Екі құрылтайшысы бар: «Ядролық технологиялар паркі» АҚ және Sam Young Unitech Co., Ltd. корей компаниясы. Кәсіпорынның негізгі айналысатын мәселесі – ядролық технологиялар негізінде жаңа гидрооқшаулағыш жабын материалдарды өндіру. Бұл өндіріс ЭЛВ-4 өнеркәсіптік электронды үдеткіш қондырғысын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Kaz-Kor NuTech Company ЭЛВ-4 электронды үдеткіш қондырғыда радиациялау тәсілімен өңдеген материалдар бастапқы қалпынан басқаша сипат алып, берік бұйымға айналады. Материалдар ұзақ мерзімді қолданысқа шыдайды, ауа райының өзгерістеріне де төзімді келеді. Қорғанысты жабын материалдар ғимараттардың сыртын қаптауға, өндірістік және азаматтық құрылыстарға пайдалануға арналған. Бұрын-соңды елімізде өндірілмеген мұндай материалдар синтетикалық каучук негізінде жасалған резеңке қоспалардан жасалады. Осылайша, ғылым мен өндірістің синтезі алғашқы жемісін беріп отыр.
«Ядролық технологиялар паркінің» құрылуы экономикамыздың дамуын жаңа технологиялық сатыға көтеріп, қарқынды дамуға әсер етіп қана қоймай, өңірдегі орта және шағын бизнестің өркендеуіне ықпал етіп, әсіресе Курчатов қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға септігін тигізетіні анық.