Гүл бизнесі табысты әрі тәуекелі көп сала. Сондықтан да бұл салаға тәуекел деп тас жұтқандар ғана болмаса, көпшілік жолай бермейді. Елімізде гүл өсірумен айналысатын шаруашылықтар саусақпен санарлықтай ғана. Отандық, қазақ жерінің гүлі дегенде тілдің тұсалары да осы тұс. Еліміздегі гүл нарығының басым бөлігін шетелдік өнім жаулап алған. Ал оның орнын басуға қазақ кәсіпкерінің қауқары жетер емес. Гүл саудасы жайында «Алаш айнасының» тілшісі де зерттеп көрген еді.
Елімізде сатылатын гүлдердің тек 25 пайызы ғана өз жерімізде өсіріледі екен. Қалғанын импорт гүлдер құрайды. Ірі деген 4-5 ғана гүл өсіретін жылыжайлар бар. Оның екеуі Алматы облысында, Текелі мен Степногорскіде, енді бірі Тараз қаласында. Гүл өсіретін жылыжай болғанда да оның аражігін ажыратып алған да дұрыс секілді. Ірі жылыжайлардың бір-екеуі көшет өндіретін, енді бірі сатылатын гүлдер өсіреді. Астана, Алматы сынды ірі қалалардың ажарын ашып, жайнатып тұрған гүлдердің көшеттерінің дені Тараздан жеткізіледі. 2500 метр аумақты алып жатқан алып гүлзарды толық жабдықтауға 300 мың доллар жұмсалыпты. Мұнда көздің жауын алар әсем гүлдердің нешеме түрі өсіріледі.
3 миллионға жуық алуан гүлдің түрі жайқалып тұр. Шаруашылық басшылығы алдағы уақытта гүлдердің жаңа түрлерін әкеліп оларды көбейтуді көздеп отыр. Қосалқы ғимараттарды жабдықтауға 1 миллион доллар жұмсалған. «Жасұлан және К» ЖШС-інің гүл өсіруден жылдық өнімділігі 11 миллион дана гүлді құрайды. Бүгінде бұл серіктестік 7 миллион доллар тұратын жобаны іске асыруда. Шымкенттің шырайын ашып тұрған да осы тараздық гүлдер. Тапсырыс көп, тіпті кейде орындай алмай қалатын кездеріміз де болады дейді мұндағы жұмысшылар...Шетелден келген қонақтар алдымен еліміздің табиғатына назар аударады емес пе? Айналаның ажарын ашатын әрине, гүлдер. Бірақ елімізде осы гүл шаруашылығына көптеп көңіл бөлінбейтіні тағы да рас. Мәселен, Қытайда 25 мыңнан астам гүл өсірумен айналысатын шаруашылықтар бар екен. Бұл бизнес түрінің көрігін қыздырып жүрген кәсіпкерлердің саны 1,5 миллионнан да асып жығылады екен. Ал, одан түскен пайданың қазына қаржысын қомақтыландырып жатқаны сөзсіз. Бізге әзірге тау асып, теңіз басып келген гүлдерді көз қуаныш қылып тұра тұруға тура келетін сықылды. Бұл саланың тамырына су жүгіртіп, бойына жан бітіру үшін әлі де талай жыл қажет сияқты. Кез-келген қуанышымыздың ажарын ашатын осы гүл атаулының шеттен әкелінетіндерінің мұрын жаратын жұпар иісі де жоқ екенін байқадыңыз ба? Тек гүл орамасының дизайнының әдемілігі болмаса. Әрі бағасы да удай. Кәрзеңкелі гүлдер тіптен қымбат. Қуаныш иесін қуанту үшін сатып алуға мәжбүрсіз. Солардың арасынан қазақстандықпын деп тұрғанын таппайсыз. Болса да некен саяқ. Қазақстанда өсірілген гүлдердің бойы 40 сантиметр. Импорт тауары бойшаңырақ, 60-80 сантиметрден болады. Бірақ біздің гүлдер ұзағырақ сақталады әрі иісі де табиғи болып келеді...
Елімізде сатылып жатқан гүлдерден түскен пайда өзгенің қамбасына құйылуда. Отандық гүл өсірушілерді қолдасақ, қазынаның бір жыртығы сөзсіз жамалар еді. Гүл өсірумен айналысатындардың сөзіне қарағанда әсемдік символына деген сұраныс жыл сайын артып келеді екен. Бұл дегеніңіз осы салада кеңістік жартылай бос тұр деген сөз ғой. Бос кеңістікте пайда мол түсетіні де белгілі. Тек тәуекел жетіспейтін сықылды. Әрі мемлекеттің де осы салаға көңіл аударуы кемшін...
Ұлғаным Айдарханова, гүл сатушы:
– Шынында саудаға түсетін гүлдердің дені шеттен келеді. Ташкент жақын болғаннан кейін бізге раушан гүлдері сол жақтан түседі. Сондай-ақ Сарыағаш ауданында да гүл өсіретін шаруашылықтар бар... Гүл өтімділігін арттыратын уақыттар болады. 8 наурыз, соңғы қоңырау, алғашқы қоңырау кездерінде көп сатылады. Тойы көп өңір болғандықтан жаз айларында да өтімділігі бар. Ал, қыс айларында гүл саудасының «өлі кезеңі» басталады. Шетелден келетін гүлдердің орнын басуға жергілікті гүлдер әбден жарайды-ақ. Сондықтан жергілікті гүл өсіретін кәсіпкерлер көбейсе деген тілегім бар.
Гүл-ақпарат
Кейбір мәліметке жүгінсек, өткен жылы елімізге 130 тонна, яғни 1,3 миллион тал раушан гүлдері, 6 мың қалампыр, 3122 орхидея, 49 тонна бақытгүл (хризантема) әкелініпті. Гүл сатумен айналысатын кәсіпкерлер раушан гүлдерін Эквадордан, Голландия мен Германиядан, бақытгүлді – Голландия мен Германиядан, орхидеяны – Таиландтан, баршынгүлді (гладиолустарды) – Ираннан тасымалдайды.