Газды жеңілдікпен де жеткізуге болады
Kөгілдір отынды үйге кіргізу оңай шаруа емес. Газ құбырын тарту, оны үйге енгізу жұмыстарына аз шығын кетпейді. Дегенмен басқасын қайдам, Қарасай, Жамбыл және Талғар аудандарының ауылдарын газбен қамтамасыз етіп отырған «Тәуекел-Н-Алғабас» ЖШС-ның жұмысына жергілікті тұрғындардың ризашылығы зор.
«Тәуекел» алғаш құрылғанда мұнда үш-төрт ақ адам қызмет еткен екен. Міне, осындай азғантай адамнан құралған мекеме ұжымы уақыт өте келе айтарлықтай үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Бүгінде «Тәуекел» 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған ірі компанияға айналды. Қазір осы кәсіпорынға еншілес алты-жеті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ашылған. Өздерінің арнайы өнеркәсіптік базасы мен қызметкерлеріне арналған заманауи үлгідегі жатақханасы бар. Мұнда дәнекерлеушінің айлығы 150 мың теңге, ал темір ұстасы 50 мың мен 75 мың теңгенің аралығында жалақы алады. Өздерінің авариялық қызметі бар. Аталмыш компанияның басшысы әрі Алматы облысы газ шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Молдияр Нұрбаевтың айтуынша, ең алғаш осы істі бастағанда өз қаражатымен халыққа газ тарту ісі мүлдем болмаған екен. «Кәсіпорынды алғаш құрғанда көптеген қиындықтар кездесті. Бірақ осындай қиын сәтте бізге ең бірінші «ҚазТрансГаз» АҚ-тың басшысы Серік Сұлтанғалиев көп жәрдем етті. Сонымен бірге облыс әкімі болған ұлтжанды азамат, қарапайым халықтың жанашыры бола білген Мәжіліс депутаты Серік Үмбетовтің көп көмегі тиді, Алматы облысы, Жамбыл ауданының әкімі болған, қазірде ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Тұрлашев та зор қолдау көрсетті. Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев те қолынан келгенше бізге болысып отыр. Үмбетовтың бастаған баянды істерін одан әрі сәтті жалғастырып отырған Алматы облысының қазіргі әкімі Аңсар Мұсаханов та біздің ұжымға таяныш, тірек болып келеді. Сондай-ақ «ҚазТрансГаз-Алматы» АҚ-тың басқарма төрағасы Ақылбай Сапаров та қолғабыс етуде. Сондықтан халыққа адал қызмет етіп, ел үдесінен шыққан осындай парасатты азаматтардың бізге қолдау көрсеткені үшін ризашылығымыз шексіз», – дейді Молдияр Қылшықұлы.
Айта кетейік, Молдияр Нұрбаев – жалпы газ саласына өз қаржысын құйып, көпшілікті көгілдір отынмен қамтамасыз еткен еліміздегі ең алғашқы кәсіпкер.
– Біз тұрғындарға газ құбырын тартуды тендер арқылы емес, өз қаражатымызбен жүргізіп келеміз. Жағдайына қарай халыққа түрлі жеңілдіктер жасап отырмыз. Мәселен, соғыс ардагерлеріне, мешіттерге, әлеуметтік нысандарға, балалар үйлеріне газды тегін кіргізіп береміз. «Алтын алқа» алған аналарға 50 пайыз, «Күміс алқалы» аналарымызға 20 пайыз, ІІ-інші, І-інші топ мүгедектеріне 20-30 пайыз жеңілдіктер қарастырылған, – дейді М.Нұрбаев.
Жалпы, бұл компания 2012 жылы түрлі жеңілдіктер жасау арқылы халыққа 1 млн доллардан аса көмек көрсеткен. Онымен қоса, 2013 жылы Қарасай ауданының әкімі Амангелді Дәуренбаевтың өтінішімен, осы жылдың басынан шілде айына дейін жекеменшік секторға газ енгізудің құнын төмендеткен. Осылайша, аталмыш компания биылдың өзінде қарапайым халыққа тағы да 70 миллион теңге көлемінде жәрдем көрсетті. Бүгінде Молдияр ағаның ақсақалдарға, алтын құрсақты аналарға, жетім-жесірлерге, кембағал жандарға жасаған жақсылықтары ескерусіз қалған жоқ. Қарасай, Талғар және Жамбыл аудандарының ақсақалдары Молдекеңді ел-жұртқа сыйлы «Алтын жүректі азамат», көмек сұрағандарға астындағы атын түсіп беретін қолы ашық, жомарт, қазақтың зиялы кәсіпкері атайды.Тіпті Молдияр аға ел-жұртқа қайырымдылық және демеушілік көп көрсеткеннен кейін республикалық «Бауыржан» қайырымдылық қоры арқылы «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты атанып, арнайы дипломмен марапатталған, Құрмет орденінің иегері.
«Қашан да елдің батасын алуға тырысамын. Өйткені халықтан асқан сыншы жоқ. Халық – айна, бәрін біліп отырады. Халықтың арасында жүргендіктен олардың жағдайын жақсы түсінемін», – дейді ол.
Жергілікті тұрғындар бұл компанияның қарапайым халыққа түрлі жеңілдіктермен газ тартып беріп отырғанына риза . Дегенмен кейде түрлі түсініспеушіліктер де болып жатады. Кейбіреулер бұл кәсіпорын тендерге қатысу арқылы мемлекеттен қаражат алып, халыққа газ тартып беріп отыр деп ойлайды. Әйтсе де бүгінгі күнге дейін бұл компания ешқандай мемлекеттік сатып алу ісіне қатысқан емес. «Бізге Үкіметтен ештеңе керек емес, тек жұмыс істеуге мүмкіндік берсе болды», – дейді компания басшысы. Молдияр аға өз қаржысымен газ тартамын деген іскер азаматтарды біріктіріп, Алматы облысы газ шаруашылығы қауымдастығын құрып, оған өзі төрағалық етуде. «Негізгі мақсат – Үкіметтен қаржы алмай, өз күшімізбен халыққа газ құбырын тарту. Осылайша, мемлекетке өз тарапымыздан жәрдем еткіміз келеді», – дейді М.Нұрбаев.
Қалай десек те, өмірі көгілдір отын жүргізілмеген аймақтар бүгінде «Тәуекелдің» арқасында газбен қамтылып, жұртшылық қолдарын жылы суға малып отыр. «Тәуекелдіктердің» әлі де алға қойған жоспарлары көп екен.
Молдияр НҰРБАЕВ, «Тәуекел-Н-Алғабас» ЖШС-ның бас директоры, Құрмет орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы:
–Мен бір нәрсені баса айтқым келеді. Егер облыс әкімдігінің аймақты газбен қамтамасыз етеміз деген қаржылары болса, онда оны бұл салаға емес, одан да мектеп, балабақша, ауруханалар салуға жұмсасын. Ал газды біз бұл аймаққа өз қаражатымызбен кіргіземіз. Егер мүмкіндіктер болса, облысты толық газбен қамтамасыз етуге шамамыз жетеді. Ендігі көздейтініміз, газды халыққа мейлінше арзандатып жеткізгіміз келеді. Қалай десек те, өзімізде өндірілген газдың халық игілігін көрсін десек, оның қолжетімділік жағына аса мән бергеніміз дұрыс.