Оқу-жаттығу шаралары Шу-Сарысу аумағындағы «Амангелді Газ» ЖШС кен орнында өткізілді.
Оқу-жаттығу өткізудегі негізгі мақсат – Азаматтық қорғаныс, Төтенше жағдайлар басқармасының, Шу-Сарысу өндірістік филиалының, «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС «Ақ Берен» жедел тобының, «Сауыт Сөндіруші» ЖШС, «Сауыт Жедел Тобы» ЖШС және басқа да аймақтық ұйымдардың газ кен орындарында болатын апаттарға, «Амангелді Газ» ЖШС аумағында болуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындығы пысықталып, аталған ұжымдардың қызметкерлеріне ТЖ кезінде зардап шеккен адамдарға алғашқы көмек көрсету шаралары үйретілді.
Бұл шараға түрлі деңгейдегі басқарушы ұйымдар қатысты, компаниялар мен мердігер мекемелерден 50 жұмысшы тартылды, 14 техника жұмылдырылды.
Оқу-жаттығу жұмысында екі апаттық-құтқару операциясы ойластырылған:
Біріншісі – Амангелді кен орнында №119 газ ұңғымасында жер асты жөндеу жұмыстары кезіндегі газдың атылуы.
Екіншісі – Шу-Сарысу аумағындағы «Амангелді Газ» ЖШС өндіріс ішінде диаметрі 219 мм-лік технологиялық газ құбырындағы жарылысты болдырмау.
Ұңғымалар құрылысындағы іс-тәжірибе көрсеткендей, төтенше жағдайларда тәжірибенің жетіспеуі, жағдайды бақылауда ұстай алмау газ кен орындарында газдың ашық атқылауына әкеп соғады. Ал бұл ұңғылау жұмыстары кезігндегі ең күрделі апат болып есептеледі.
Жамбыл облысы ТЖ Департаменті өкілінің бағалауынша, оқу-жаттығу жұмысы кезіндегі тапсырмалар сапалы әрі толық көлемде орындалды. "Амангелді Газ» ЖШС басқарма ұйымдары мен азаматтық қорғаныс күштері және мердігер мекемелердің жұмысшылары ұйымдасқан түрде сенімді іс-әрекеттерін көрсете білді", – деді ол.