Ауыл шаруашылығы санатындағы жердің мақсатты игерілмей жатқанына байланысты еліміздің Қаржы министрлігі осы сала алымына қатысты бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Соның бірі – Қазақстандағы арнайы салық режимін жетілдіру. Оған байланысты 2015 жылға дейін бірыңғай жер салығы алынып тасталмақшы. Оның орнына отандық шаруа қожалықтарына жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режиміне өту талап етілуде. Ал 2017 жылдан бастап жер салығының көлемі бірнеше мәртеге көтерілмекші. Міне, осы бастамаға еліміздің мұқым ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер атынан Қазақстанның фермерлер одағы таяуда өз наразылығын білдірді...
Бір беттік декларация орнына 72 бет салық формасы
«Жер – ырыстың кіндігі, еңбек – ырыстың тізгіні» демекші, осылайша Үкімет басшысына ашық хат жолдаған олар бірыңғай жер салығын ешқандай өзгеріссіз қалдыруды, адал еңбектің адамын әуреге салмауды сұрайды. Аталған хатта мынандай себептер алға тартылады: біріншіден, бірыңғай жер салығы салық төлемінің қарапайым да ыңғайлы түрі. Бұл – салықты өз уақытында төлеп, салық қызметі алдында есеп беруге мүмкіндік беретін тиімді форма, екіншіден, ол алынып тасталған жағдайда ұсақ шаруа қожалықтарының өзі штатта есепші ұстауға мәжбүр, ал шалғай ауылдарда білікті бухгалтер табу қиынның қиыны. «Үшіншіден, халықаралық тәжірибені алалық. Алға жылжуды мақсат ететін әлемнің барлық елі ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мейлінше қағазбастылықтан құтқаруға тырысады, ал бірыңғай жер салығы алынып тасталса, бұл осы саладағы бюрократияны күшейте түседі. Егер 2001 жылдан бастап шаруа және фермер қожалықтары бұл ретте салық қызметіне бір беттік декларация өткізсе, енді ол 12 беттен тұратын алты формаға өспек. Біз, керісінше, жеңілдетуді күтсек, бұл арада қағаз жағын одан сайын қиындатып жатыр.
Төртіншіден, бірыңғай жер салығын жою еңбек өнімділігін немесе өндіріс қуатын арттырмайды, тек мемлекет тарапынан тексерушілер мен қадағалаушылар қарасын көбейтеді» делінген аталған салалық одақтың хатында.
Осылай дабыл қағылып, бірыңғай жер салығының алынуы, оның орнына ұсынылып отырған салық төлемі формасы отандық шаруа қожалықтарының жағдайын қиындатады дегеніне қарамастан, бүгіндері құзырлы ведомстволар алған бетінен қайтар түрі жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі де бұл бастаманы қозғап жүргеніне біршама уақыт болды. Өткен айдың соңында олар тағы да осы негізде мәлімдеме жасады. Сөзбе-сөз келтіре кетсек: «Ауыл шаруашылығы жерінің жетіспеуі – мал шаруашылығын тежеуші басты фактор, кең-байтақ жеріміздің барына қарамастан, бізде өз шаруашылығын дамытқысы келетіндер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің жоқтығынан қиналып отыр, ал мұндай нысанға өз құқығын тіркеткендердің малы жоқ, оны өсіруге деген қызығушылықтан да жұрдай.
Сондықтан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді игеру үшін тікелей жер салығын өсіруді ұсынамыз. Оның екі жолы бар», – деді өткен айдағы «Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері және болашағы» атты парламенттік тыңдалымда ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мырза.
Біз хабарласқан экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов министрдің бұл мәлімдемесіне таң-тамаша болғанын жасырмады.
– Қалай жер жоқ, неге жетіспейді?.. Негізінен, ресми мәлімет бойынша, біздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің 1,5 пайызы ғана жекеменшікке сатылған, ал 98,5 пайызы мемлекеттің қолында. Демек, мемлекеттің меншігінде жер көп. Ал жер жетіспейді, жоқ десек, онда бұл ресми цифрды жаңарту керек. Қоғам бізде қанша ауыл шаруашылығы жері жетпей жатқанын білуі тиіс қой, – дейді ғалым.
Жер кодексіне экспертиза керек
Т.Есіркепов бұл арадағы мәселе 2003 жылы Жер кодексін қабылдағанда кеткен олқылықтан туындап отырғанын, оның күрмеуі қиындап бара жатқанын растайды. Сондықтан ол реттеу тұрғысында жаңа тетік құру керектігін айтады. «Бұл арада Жер кодексіне өзгертулер мен түзетулер енгізу қажет. Мұндай жағдайда қоғамдық тыңдалым өткізіліп, ғалымдардың, қоғамдық ұйымдардың пікірі електен өткізілуі шарт. Жекеменшікке 1,5 пайыздың сатылғаны рас, бірақ бұл арада мемлекет қолындағысынан айырылып қалып отыр. Оған Жер кодексін қабылдау барысындағы «жерді пайдалану құқығын сатып алғандарға жер тегін беріледі» делінген өтпелі баптар жол берген. Сол кездің өзінде осылайша 4,5-5,5 млн гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер біреулердің қолына өткен. Алайда осы туралы бір арада айтылып не болмаса көрсетілмейді. Тіпті 2006 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүргізілген санақта да мұның жайы қасақана жасырылды. Нақтырақ айтқанда, санаққа жерге қатысты мәліметтер енгізілмеді», – дейді экономика ғылымының докторы.
«Ауруын жасырған өледі» дегеннің кері келмес үшін ғалым Жер кодексі жұмысын екі жылға доғарып, осы заң нормалары қаншалықты жұмыс істеп жатқаны бойынша бір есеп жүргізуді ұсынады. «Ал дәл қазір жер салығын өсіру мүмкін емес», – дейді ол.
– Жер салығы нарықтың бағамына қарай есептелуі тиіс. Ол үшін Үкімет экономикалық кадастр жасауы керек. Ал біз қолда бар жердің есебін шығара алмай отырмыз. Өткендегі инвентаризация күткен нәтижені бермеді. Осы жағынан алғанда, салықты нарықтың бағамына қарай есептеу мүмкін болмай отыр, ендеше, өсіретін салықтың экономикалық негізі болмайды, – дейді Т.Есіркепов.
Жалпы, жер салығын өсіру әзірге ұсыныс түрінде қалып отыр. Үкімет басшысы Серік Ахметовтің тапсырмасы бойынша бір ай барысында аталған реформаны жақтаушылар мен даттаушылар бірігіп, аймақтағы шаруа қожалық иелерімен кездесіп, мәселе талқысын жүргізуі тиіс екен. Осы талқы қорытындысы бойынша біз шаруа қожалықтарының, оның ішінде әрең күнін көріп отырған ұсақ шаруашылықтарға зиян тигізбейтіндей шешім қабылданса деп тілек айтамыз.
Еске сала кетелік, бірыңғай жер салығы осыдан 14 жыл бұрын енгізілген, нақтырақ айтқанда, 1999 жылдың 16 шілдесінде. Шаруалар бұл салықты жер телімінің бағаланған құнының 0,1 пайызы көлемінде жыл сайын төлеп келеді.