Еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бюджеттік ұйымдарда энергоменеджер лауазымын енгізуді ұсынуда. Министрлік мамандарының мәлімдеуінше, энергоменеджерлер қызметіне жүгіну болашақта халықты энергияны үнемдеуге, сауатты пайдалануға және энергетика мәселесіне қатысты мемлекеттік шараларды үйлестіруге өзіндік оң ықпалын тигізбек.
Мұндай пікірді әсіресе Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі басқармасының мамандары қуаттап отыр. Мамандардың пайымдауынша, бюджеттік ұйымдарда энергоменеджмент лауазымын штаттық кестеге енгізу бұл саладағы ысырапқа қатысты мәселені шешудің бірінші бағыты болмақ.
Менеджерлер дағдарыстан алып шығады
Сөйтіп, болашақта біздің бұқара қауым энергоменеджерлердің қызметін тұтынып қалуы ғажап емес. Сарапшылар мұндай қызмет түрін 2013-2014 жылдар аралығында қолданысқа енгізу қажеттілігін алға тартуда.
Негізінен, энергетика саласына қатысты дерек атаулыны тізбелесек, қазір Қазақстанда 72,7 млрд кВт электр қуаты өндіріледі. 2013 жылға дейін бұл көрсеткішті 76 млрд кВт-қа жеткізбесек, екі жылдың ішінде энергетикалық дағдарысқа ұшырауымыз мүмкін. Міне, осындайда дағдарыс атаулының алдын алып, үнемдеуге үндейтін, тығырықтан алып шығатын нақ осы менеджерлер болуы тиіс.
Әлібек ҚАЛЫБАЙ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі басқармасының бастығы:
– Тұрғын үй-коммуналдық секторы мен бюджеттік сектор энергия үнемдеуде зор әлеуетке ие болуы тиіс. Біздің 2011 жылдың 30 қарашасында энергия үнемдеудің кешенді жоспарын қабылдағанымызды білесіздер. Онда жергілікті жерлерде энергоменеджмент жүйесін енгізу бойынша кешенді іс-шаралар қамтылған. Әлемдік тәжірибені ескерсек, бұл жүйе өңірлерде энергия үнемдеудегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың шын мәніндегі тетігі болып табылады. Энергоменеджерлер өз кезегінде энергия үнемдеумен және осыған орай арнайы ұсыныстар әзірлеумен айналысуы тиіс. Сонда ғана жергілікті жерлерде энергия үнемдеуді дамыту проблемасын шешуге болады. Сондықтан бюджеттік ұйымдарда энергоменеджмент лауазымын штаттық кестеге енгізу керек. Мұндай менеджерлер бізді ұсыныстары мен тілектері арқылы энергиялық тапшылықтан, дағдарыстан, ысырапшылдықтан алып шығатын болады.
Мәселені тек менеджер шеше алмайды
Министрлік мамандары менеджерлер жайын осылай сөз етіп жатқан тұста экономист-ғалымдарымыз «мәселені тек энергоменеджерлер шеше алмайтынын» ашып айтты. Ғалымдарымыздың бағамдауынша, барлық мәселе – елде бәсекеге қабілетті бөлшек нарығының болмауында.
Сағындық САТЫБАЛДИН, экономист-ғалым:
– Осы уақытқа дейін тұтынушыларды электр қуатымен толық қамтамасыз ету мақсатында мемлекетіміз біраз істердің басын қайырды. «Электр энергетикасы туралы» Заңға өзгертулер енгізіп, Өңірлік электржелілік компаниялардың құрамындағы энергиямен жабдықтау функциясын құрып, энергиялық жабдықтау ұйымдарына 500-ден астам лицензия да берілген. Десек те, бұл жабдықтаушы ұйымдар бір-бірімен жарысқа түсіп, бәсекеге қабілетті бөлшек нарығын құра алмады. Мұндайда бұл саланың шаруасын дөңгелетіп отырған көршілес Тәжікстан, Өзбекстан елдері көз қызықтырады. Тәжікстан мен Өзбекстанның энергетика саласындағы ұстанған бағыты біздің елге қарағанда әлдеқайда жоғары. Біраз мемлекеттер бұл екі елдің энергетикалық ауқымына көз тігіп, аңысын аңдып отырған жайы бар. Осыдан кейін отандық кәсіпкерлеріміз неге шетелдік энергетика нарығына инвестиция салуға ұмтылмайды деген ой туады. Энергетикалық әлеуеті мықты аймаққа ГЭС құрылысын салу қазақстандықтардың еншісіне тиетін болса, өндірілген электр энергиясын Қазақстанға импорттауға жол ашылар ма еді? Тіпті бұл жөнінде арнайы жобалар да жасалып, тиісті орындарға міндеттер де жүктелген. Сондықтан бұл мәселеде энергоменеджмент жүйесіне, менеджерлер қызметіне жүгіну проблеманы толық шеше алмайды. Енді болашақта біз энергетикалық тапшылықты болдырмаймыз, бұл саладағы ысырапшылдыққа жол бермейміз десек, шетелдік энергетика нарығына инвестиция салып, олардан арзан энергия көзін алуды ойластырған жөн.
Сыртқы нарықтан іштегі өнім қолайлы
Жалпы, қандай да бір реформаға реңк берсек те, келешекте энергетика саласына жаңашылдық енуі керек екені даусыз. Әрине, шет мемлекеттермен энергетикалық байланыс орнату өте орынды ұсыныс. Бірақ бұған қатысты қайсыбір мамандарымыз ішкі өнім өндіру әлеуетін арттыру анағұрлым табысты болатынын құлаққағыс жасауда.
Үсен АМАНБАЕВ, экономист-ғалым:
– Қазір елдегі энергетикалық зәрулікті жою үшін АЭС салу бастамасын көтеріп жүрміз. Бірақ бұл екі-үш жылда сақадай-сай дайын болатын дүние емес. АЭС – болашақтың еншісіндегі жоба. Мамандар 2017 жылға дейін АЭС құрылысын салып бітіру қажеттігін жиі қаузап жүр. Бізге ол құрылыс салынып біткенше де жан бағу керек қой. Неше жыл қатарынан электр қуатының бағасын өсіріп, тұтынушылардың қалтасына қол сұғып келдік. Бұл әрекетті жылда қайталаудан еш нәрсе өнбейді. Бұған қатысты айтарым, біздің уранымыз жеткілікті. Қазақстан өзге елді шикі уранмен жарылқап болды. Енді соны неге өзімізде өңдеуге талпынбасқа? Негізінде, уран өндіріп өнім алуды одан әрі оңтайлы жалғастыруға Қазақстанның қауқары жетеді. Сондықтан өзге елге тәуелді болғанша, өзімізде барды ұқсатқанды жөн санаймын. Отандық табиғи өнімді өндіру – тұтынушыларды арзан электр қуатымен толық қамтамасыз етудің төте жолы.
Түйін
Энергетика саласы туралы сөз еткенде мамандардың басым бөлігі осы салаға инвестиция тартуды жеделдету қажеттігін алға тартады. Негізінде, елімізде энергетика саласына қатысты 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да қабылданған-ды. Осы бағдарламаға сәйкес, энергетика нарығында алдағы екі жылда құны 740 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асыру ойда бар. Мамандардың жобалауынша, бұл салада бағымыз ашылатын кезең 2015-2025 жылдар аралығы болса керек. Оған дейін, әрине, өркениетті елдердің іс-тәжірибесіне жүгініп әр қилы жаңашылдықтарға ден қоярымыз да анық. Бұл ретте менеджерлер тобын жасақтаймыз ба, сыртқы энергетика нарығына инвестиция саламыз ба, отандық табиғи өнім арқылы энергия көзін алуға қол жеткіземіз бе, мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде. Әрине, бір ғана менеджмент жүйесін жетілдіріп, энергоменеджерлер жасақтау арқылы бүкіл бір саланың иығындағы ауыртпалықты жеңілдете алмасымыз тағы анық. Бұған қатысты мамандар «бұл салада өзіндік ұпай түгендеп алу үшін бізге мемлекеттік дамыту жобаларын кешенді түрде жүзеге асыру қажет» дейді.