Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жергілікті атқарушы органдардың энергия үнемдеу саясатын іске асырудағы үлесін бағамдап, баға беріп отырмақ. Бұл туралы «Қазақстанның жоғары технологиялық, энерготиімді және инновациялық компаниялар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің баспасөз мәслихаты барысында егжей-тегжейлі әңгіме болды.
Өкілетті министрліктің Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі басқармасының бастығы Әлібек Қабылбай: «ендігі кезекте жаңадан бой көтерген ғимараттардың барлығы энерготиімділігі бойынша жіктелетін болады. Ғимарат жобаларын энергияны тұтыну көрсеткіштері мен қасиеттеріне қарай жасауға мүмкіндік туады. Энергоаудитті, энергия үнемділік сараптамасын жүргізудің тәртібі мен әдістемелік нұсқаулықтары, жалпы қағидалары бекітілді. Биылдан бастап жергілікті атқарушы органдарға энергия үнемдеу саясатын іске асыру бойынша баға беретін боламыз», – дейді. Оның айтуынша, биыл мемлекеттік энергетикалық тізілім құру қолға алынбақ. Мұнда 2000 өнеркәсіп пен 28 мың бюджеттік мекеме тіркеледі деп жоспарланған. Тізілімнің соңғы тобына мектеп, емхана, аурухана сынды әлеуметтік нысандар кірмек. Осы тұрғыдан келгенде, тізілімге енген мекемелердің барлығында дерлік энергия үнемдеуді және тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді жоспарлар қабылдауы міндеттелінеді.
Ғалым ӘМІРЕЕВ, Қазақстанның жоғары технологиялық, энергия тиімді және инновациялық компаниялар қауымдастығының президенті:
– Энергия үнемдеудің тиімділігін арттыру көп көлемде инвестицияны қажет етеді. Сондықтан Елбасының «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасы шағын және орта бизнес субъектілеріне көмек көрсетуге бағытталған. Бұл ретте энергия үнемдеу шараларын екінші дәрежелі банктер арқылы несилеу мәселесі талқылануда. Сондай-ақ құны 40 млн теңгеден асып жығылатын энергия ресурстарын қажетсінетін ұйымдарға энергоаудит өткізу міндеттеледі. Заң бойынша энергоаудит 2013 жылдың жаз мезгіліне дейін өткізілуі тиіс.
Әлібек ҚАБЫЛБАЙ, ИЖТМ Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі басқармасының бастығы:
– Энергоаудиттерді жүргізетін мекемелер ашылып жатыр. Әсіресе, шетелдік ұйымдар құлшыныс танытуда. Себебі энергоаудит саласында үлкен бәсеке, нарық пайда болуда. Ал әзірге Қазақстанда 20-дан аса аудитор бар. Бұлар жақында ғана ашылған Қазақстан энергоаудиторлар қауымдастығына мүше. Отандық энергетикалық экспертиза және сараптамадан өткізетін мекемелер тарапынан да энергоаудит өткізуге сұраныс баршылық. Сондықтан елде энергоаудиторлардың тапшылығы бола қоймайды.
Энергия үнемдеу саясаты аймақтарда да бақыланатын болады
Последние статьи автора