Екібастұз ГРЭС-1-де Павлодар өңіріндегі энергия генерациялаушы кәсіпорындардың басшылары облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа өздерінің инвестициялық міндеттемелерінің орындалу нәтижелерін баяндады.
Еліміз бойынша энергетикадан былтырғы түскен табыстың 55 пайызы Павлодар облысына тиесілі. Ел көлеміндегі энергия қуатын өндіретін алпауыт компаниялар да Ертістің Кереку өңірінде. Осы салада бұрын қызмет еткен облыс басшысы жиында «Қазақстан алюминий», «Павлодарэнерго», «Еуразия энергетика корпорациясы» сынды жайындардың «екі аяғын бір етікке тықты». «Біз тарифтердің өскенін біліп отырамыз. Бірақ түскен ақшаның қайда, неге жұмсалғанын халыққа айтыңдар», – деген Бақытжан Әбдірұлының қатқыл мәлімдемесін «бас антимонополист» Нұрлан Шәдібекұлы да қостады. «Әй дер әже, қой дер қожа» жоқ болып, еркінсіген энергетика серкелерін облыс әкімі тәубасына түсірді.
Себебі осыған дейін халықпен тышқан мен мысық ойынын ойнап келген монополистер не себепті бағаны өсіргендеріне тұшымды жауап та бермей келген болатын. Әр жылға арналған белгіленген баға жоспары бар екенінен қарапайым халық та хабарсыз болған. Түбіртек қағаздарында қандай баға көрсетіледі, соны төлеп отыра берген. Енді энергия қуатының бағалары қатаң бақылауда болып, алпауыт корпорациялардың тендерде болсын, баға саясатында болсын, барша істері жария түрде жүзеге асатын болады.
Бұл кеңесте жөндеуге жұмсалған қаржының игерілуі ғана емес, қайтарымы да сөз болды. Мысалы, былтыр Екібастұз ГРЭС-1 7млрд 764 миллион теңгеге жөндеу жүргізіпті. Жөндеу жұмыстарына дейін 2200 мегаВатт қуат өндірген станция жөндеуден кейін 2450 мегаВаттқа дейін жеткізіпті. «Бақсақ, бақа екен» демекші, монополистер болса, жөндеуге кеткен ақшаның шығынын тарифті өсіру арқылы қайтарып отырған. Тариф былтырғы жылы 32 пайызға өскен. Бұл дегеніңіз, ақшаға шаққанда 4,9 млрд теңгеге тең. Ал монополистер болса, 2008 жылдан кейін халықтың энергия тұтынуда үнемге көшкенін айтып ақталды. Мұндай жағдайда алпауыттардың қалтасына түсіп отырған қаржы да ортайды деген сөз.
Отырыста сөз алған ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов корпорация басшыларынан ашықтықты, жариялылықты талап ететінін, сондай жағдайда ғана жұрт көкейіндегі күмәннің сейілерін қадап айтты.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, Павлодар облысының әкімі:
– Үкімет 2015 жылға дейінгі бағаны бекітіп берді. Ал монополистер болса, жыл сайын соны ашып көрсетулері керек. Ал біз оны көріп отырған жоқпыз. Бізде ешқандай мәлімет жоқ. Сондықтан осыдан былай билік бағаны бақылауда ұстайтын болады.
Нұрлан АЛДАБЕРГЕНОВ, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:
– Енді бұдан былай біз энергетика монополистерін қатаң бақылауға аламыз. Заңда белгіленген шеңберден асатын болса, қатаң жазалаймыз. Сондай-ақ ауызсу мәселесі де – өткір мәселе. Еліміз бойынша су көздері 12 жылға ғана жетеді. Үнемшіл болуымыз керек.