Денсаулық экономикасындағы «әділетсіз» субсидиялау
Үдемелі жаһандану білікті мамандарға қол жеткізуде бәсекелестік тудырады. Анағұрлым «өтімді» мамандықтардың қатарына медицина қызметкерлерін жатқызуға болады. Денсаулық сақтау саласында дәрігерлер, медбикелер және басқа да мамандар мансапқа жету және жаңа мүмкіншіліктерді іздеу мақсатында миграция мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады. Әсіресе соңғы жылдары мұндай миграция деңгейі айтарлықтай өсіп келеді.
Әлемде денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің саны 60 миллионға жуық. Оның үштен екі бөлігі медициналық қызмет көрсетеді, ал қалған бөлігі – әкімшілік және көмекші қызмет атқаратындар. Бұл қызметкерлер болмаса, аурудың алдын алу жұмыстарын жүргізу, науқасты емдеу, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер оларды қажет ететін адамдар үшін қолжетімсіз болар еді. Әлемдік денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлер мен халықтың саны жағынан теңгерімсіздік айқын көрініс табады. Ал медицина қызметкерлерінің миграциясы осы сандық айырмашылықты одан әрі өршітеді.
Табысы жоғары елдерде кадрлық ресурстардың дайындығы жеткіліксіз мөлшерде жүргізіледі және медициналық қызметкерлерге деген сұраныс үнемі өсіп отырады. Сондай-ақ бұл елдерде медициналық-санитарлық қызметтерге сұраныстың өсуі халықтың қартаюымен, қант диабеті және жүрек-қан тамыры ауруымен ауыратындар санының өсуімен байланысты.
Медициналық қызметкерлердің миграциялық үрдісіне сәйкес, барлық елдер негізгі екі топқа бөлінеді: бастапқы немесе тудырушы елдер (донор елдер) және қабылдаушы елдер (реципиент елдер).
Миграция нәтижесінде бастапқы елдер мамандардың көп бөлігін дайындауды жүзеге асырады, өз мамандарының миграциясын қолдайды және оны қамтамасыз етеді, экспорт саясатын ұстанады.
Өз кезегінде қабылдаушы елдер отандық денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерін лайықты жалақы және еңбек шарттарымен қамтамасыз етеді; отандық нарықты қорғау мақсатында жасанды тосқауылдар жасайды; денсаулық сақтау саласын қолдайды; өтемақы жүйесін әзірлейді; импорт саясатын ұстанады; бастапқы елдермен ортақ байланыс орнатады; айналым миграциясының мәселелерін шешеді.
Миграциялық саясатта маңызды бағыт – мигрант-қызметкерлердің құқықтарын ескеру. Осы үрдісте маңызды рөлді жалдау ісімен айналысатын жеке ірі агенттіктер және жіберуші елдер атқарады. Бұл денсаулық сақтау саласында халықаралық байланыстың өсіп келе жатқандығын білдіреді.
Интеграция және жаһандану үрдістерінің аясында әлемдік еңбек нарығында маңызды өзгерістер байқалуда. Соңғы 30 жылдың ішінде көптеген еуропалық елде денсаулық сақтау саласындағы мигрант-қызметкерлердің саны жыл сайын 5 пайызға өсіп отырған. Қазіргі жағдайда әлемдік еңбек нарығында медициналық қызметкерлердің тапшылығы анықталған. Әлемдік еңбек нарығында жалпы медициналық персонал тапшылығы – 4,3 млн адам. Медициналық қызметкерлердің 86 пайызы шетелде – АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия, Австралия сияқты ірі бес елде жұмыс атқарып жүргенде, әлемнің 57 елінде қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады. Медициналық мамандар үшін басты бәсекелестер: АҚШ, Канада, Жапония, Австралия, Корея, Еуропа елдері. Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында кадрлардың Еуроодақтың құрамындағы жаңа мүше-елдерінен Еуроодақ құрамындағы ескі мүше-елдерге ауысуы жиі байқалады. Денсаулық сақтау саласындағы миграцияның негізгі бағыты – Германия және Ұлыбритания. Бұларда мигранттар мемлекеттік құрылымдарда: емханаларда да, үйлерге барып та жұмыс жасауға келеді. Жалпы алғанда, Еуропа елдерінің ішінде өзара бәсекелес мемлекеттер бар, олар: Германия, Ұлыбритания, Франция және Швеция.
Еңбек миграциясының арқасында табысы төмен елдерге сырттан миллиардтап қаржы құйылады. Жағымды әсері – мигранттардың туыстарына жіберетін осындай қаражаты кедейшіліктің төмендеуіне себеп болады. Екінші әсері – денсаулық сақтау саласының қызметкерлері шетелде жинаған мол тәжірибесін өз еліне әкеледі.
Алайда миграциялық үрдістердің негізгі кемшілігі – «әділетсіз» субсидиялау. «Әділетсіз» субсидиялау – бұл кедей елдерден бай елдерге өтетін қаржылай трансферттер. Табысы жоғары елдегі денсаулық сақтау жүйесі шетелде оқып келген дәрігерлер мен медбикелерге байланысты. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде дәрігерлердің 20 пайызға жуығы – мигранттар. Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты Парсы шығанағының кейбір елдерінде денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің 50 пайызы – мигранттар. Ганадан келген медицина қызметкерлерін жалдау арқылы Ұлыбритания медперсоналды дайындау мен оқытуда 103 млн фунт стерлингті үнемдейді. Жалпы алғанда, африкалық медициналық персонал Ұлыбритания үшін 2,5 млрд фунт стерлингті үнемдейді. Мұндай субсидиялау денсаулық сақтау саласындағы әлемдік тепе-теңдікті бұзады, сондықтан өтемақы жүйесін қайта қарауды талап етеді. Табысы төмен кейбір елдерде денсаулық сақтау саласының жоғары мамандандырылған қызметкерлерінің 50 пайызға жуығы жұмысқа орналасудың анағұрлым жақсы мүмкіндігіне ие болу мақсатында басқа елге кетіп жатады.
Еске түсірсек, 2010 жылдың мамыр айында медициналық қызметкерлерді жалдау мәселесі бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Жаһандық кодексі қабылданды. Кодекстің негізгі мақсаты – денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін тудырушы елдері мен қабылдаушы елдері қызметкерлері мүдделерінің әділ қатынасына қол жеткізу. Денсаулық сақтау саласын еңбек ресурстарымен қамсыздандыру дағдарысын бастан кешіп отырған елдерде еңбек ресурстары миграциясының жағымсыз салдарын жоюға ерекше көңіл бөлінген. Кодекстің негізгі қағидалары төмендегілерді қарастырады:
• Еңбек ресурсын сақтауға және шарттарды жақсартуға тырысатын, денсаулық сақтау саласында қызметкерлерге тапшы елдерге көмектесу;
• Денсаулық сақтау саласында тиімді саясатты әзірлеу мақсатында қызметкерлердің әлеуетті миграциясын, нақты мәліметтерді пайдалануға негізделген мониторингтеу үшін ғылыми зерттеулер мен ақпараттық жүйелерге инвестициялар;
• Денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне деген қажеттілікті мүмкіндігінше ел ішіндегі еңбек ресурстарының есебінен қанағаттандыру: оларды оқыту, ұстап қалу және одан арғы қолдау.
Осы елде дайындықта болған денсаулық сақтау қызметкерлері мен мигрант-қызметкерлердің тең дәрежелі құқықтарын қамтамасыз ету.
Кодекске сәйкес, еңбек ресурстарын тудырушы елдердің де, қабылдаушы елдердің де денсаулық сақтау жүйесі кадрлардың халықаралық миграциясынан теңдей дәрежеде пайда көруі тиіс. Қабылдаушы елдерге денсаулық сақтау саласының кадрлық ресурстарын әзірлеу және оқыту бағдарламаларын қолдау және дамыту мақсатында тудырушы елдермен серіктесіп жұмыс істеу ұсынылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мүше-елдеріне денсаулық сақтау саласындағы мамандарға тапшы дамыған елдерден қызметкерлерді белсенді жалға алу тәжірибесін қолданбау ұсынылады. Тенденцияларды едәуір тиімді мониторингтеу үшін медициналық мамандардың миграциялық ағымдары жайындағы мәліметтерді жақсарту қажет.
Денсаулық сақтау қызметкерлерінің миграциясы еңбек нарығындағы денсаулық сақтау қызметкерлерінің мобильділігі мен едәуір кең динамикалық өзгерістердің бөлігі болып келеді және саяси көзқарас тұрғысынан жеке өзі қарастырылмауы қажет. Осылайша денсаулық сақтау қызметкерлерімен қамсыздандырылуға кез келген теріс әсерді төмендету мақсатында миграция үрдістерін басқарудың түрлі тәсілдеріне аса көңіл бөлу қажет. Берілген мәселеге кез болған елдер миграциялық үрдістерді реттеу бойынша арнайы шараларды қолдануы тиіс. Сол арқылы кадрлық саясаттың, денсаулық сақтау саласындағы жоспарлау мен тәжірибелік әрекеттердің тиімділігіне қол жеткізіледі, бұл өз кезегінде кадрларға деген қажеттілікті анағұрлым жақсырақ қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Ләззат СПАНҚҰЛОВА, экономика ғылымының докторы