Дағдарыс салқыны шикізат секторына қалай әсер етті?
Қазақстан экономикасының көшбасшылары АҚ «ҚазМұнайгаз», «Қазақмыс», ENRC тағы басқа ірі кен өндіретін компаниялар болып табылатыны белгілі. Өйткені ел экономикасын әртараптандыруға қанша тырысып жатқанымызбен, шикізат табысына тәуелділіктен арыла алмай келе жатқанымыз ақиқат. Сондықтан нарықтың осы секторындағы еңбек қарым-қатынасын жіті зерделеп көрелік...
ҚР Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, экономиканың әр саласында 8,5 млн адам жұмыс істейді, ал аталмыш компаниялардың қызметкерлері жұмысқа қабілетті адамдардың тек 1-2% ғана құрайды екен. Соған қарамастан, дәл осы мекемелердегі еңбек ресурстарының жағдайы Қазақстанның еңбек нарығының басты көрсеткіші болып отыр. Қазақстандағы жұмыссыздар саны ресми деректер бойынша, 2012 жылы 474,8 мың адамға жеткен, өткен жылдың соңында оның тек 34,6 мыңы ғана Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлік органдарында тіркелген.
Дағдарыстағы басқару
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми аға қызметкері Вера Можарованың пікірінше, 2008-2010 жылдары республикада жұмысшыларды жаппай жұмыстан босату, жүздеген кәсіпорынның жабылуы, мыңдаған адамдарды ақысыз демалысқа шығару секілді дағдарысқа тән құбылыс орын алды. Инвестициялар тиімділігін зерттеу агенттігінің (АИРИ) аға сарапшысы Ерлен Бадыхан да «өндірістегі жұмысшыларды қысқарту еліміздің ірі компанияларының барлығында тіркелді» деп бұл фактіні нақтылай түседі. Мәселен, 2012 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «ҚазМұнайГаз» компаниясының орталық аппараты жұмысын оңтайландыру барысында ондағы қызметкерлер саны 47,8% қысқарып, ал ҚМГ басқармасы аппаратындағы адамдар саны 26% төмендеген. Жалпы, осыдан бір жыл бұрын мекемеде 6000 адам қысқартылады деп жоспарланған болатын. Сондай-ақ жаппай қысқартулар ірі компаниялар мен екінші деңгейдегі банктерде де болып жатты. Сөйтіп, бұл процестердің барлығы сәнге айналған «дағдарыс менеджменті» деген сөзбен атала бастады. Дағдарыс салдарынан соңғы жылдары металлургия саласында да жағдай қиындаған, өйткені металдың әлемдік бағасы төмендеп, қазақстандық өнімге деген сұраныс азайған. В.Можарованың айтуынша, халықаралық нарықтағы сұраныстың бәсеңсуі салдарынан Жезқазған, Балқаш, Сәтпаев қалаларының әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін «Қазақмыс» корпорациясында айрықша күрделі жағдай қалыптасып отыр. Жергілікті еңбек нарығының әлсіздігін, шағын және орта бизнестің жетілмегендігін сөз еткен сарапшылар «бұл жағдай шұғыл шара қолданбаса қауіпті» дейді. Осыған байланысты 2012 жылы осы қалалар бойынша үкіметтік комиссия жұмыс істегені белгілі. Бұл орайда, негізінен, компания басшылығы шұғыл іс-қимылдар жасауға мәжбүр болғанын баса айта кету керек. Жалақыларының өсуін талап еткен жұмысшылар ереуілге шығып, кейбірі БАҚ арқылы билікке шағымын жеткізуде белгілі бір деңгейде өз дегендеріне жетті деп айтса да болады. Ерлен Бадыханның айтуынша, ағымдағы жылдың мамыр айында компанияның (Қазақмыс) әкімшілік қызметкерлерінің жалақысы 25-30% қысқарған. Алдындағы дағдарыс кезеңдерінде де бұл компания жұмысшылардың демалыс ақысын жартылай төлеу, өндірісті уақытша тоқтату секілді үнемдеу шараларын қолданған. Бүгіндері корпорация жұмысшыларды жаппай қысқартуға барған жоқ.
Ал «Қазцинк» және ENRC компанияларында кадр саясаты тұрақты деп айтуға болады. Мәселен, «Қазцинкте» жұмысшылар баяғы қалпынша жұмыс істеп жатыр. Әрине, жұмысқа жаңа адамдар алынып жатқан жоқ. 60 мыңнан астам жұмыс істейтін мекемелері бар ENRC тобы да әзірге жұмысшыларды қысқарту мәселесін көтермеді. Тек соңғы уақытта акционерлер мен сырттан шақырылған менеджерлер арасындағы келіспеушіліктің салдарынан лауазымды орындағы бірнеше адам компания басшылығынан кетті. Сарапшы В.Можарова 2012-2013 жылдары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-та жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында еңбек дауы орын алғанын айтады. Бұл дауға президент Н.Назарбаевтың өзі араласып, кеншілерді жұмыстарын жалғастыруға шақырып, ортада туындаған мәселені шешу жолын қарастыруды ұсынған. Нақтырақ айтқанда, ол кезде аталған кәсіпорыннан 3000 адамды қысқарту мәселесі көтерілген болатын.
Сондай-ақ мұнай өндіретін компанияларда да жалақыны көтеруге қатысты ереуілдер жиі болып тұрады (мәселен, Маңғыстау облысының бұрғылаушылары). PetroKazakhstanOilProducts ЖШС жұмысшылары да (PKOP, Шымкент МӨЗ) еңбекақысын көтеріп, әлеуметтік төлемақылар төлеуді талап еткен. «Негізінен, мұнайшылардың дүрбелеңге түсуіне қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақыларының арасындағы үлкен айырма себеп болып отыр», – дейді В.Можарова. Сол секілді ҚСЗИ маманы құрылысшыларды да дағдарыс айналып өтпегенін айтады. Мәселен, стратегиялық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолын салып жатқан құрылысшылардың еңбекақысы төмен және ол уақытысында төленбейді де екен. ҚСЗИ сарапшысының пайымдауынша, Қазақстанда еңбек дауларының туындау мүмкіндігі әлі де сақталып қалуда, мұны 2012 жылдың соңында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов ресми түрде мойындады да. Басты себеп – жалақының төмендігі және оның уақытылы төленбеуі. «Бұл жағдайда Қазақстан еңбек нарығында тыныштық болады деп айту қиын» деп түйіндейді маман. Бұл пікірмен ИТЗА (АИРИ) талдаушысы да келісіп отыр. Егер экономикалық жағдай қолайсыз өрбісе (әлемдік нарықтағы өнім бағасы төмендей берсе), онда жұмысшыларды жаппай қысқарту жалғасады. Ал бұл жайт өндірістік өңірлердің әлеуметтік жағдайының ушығуына әкеліп соғады.
Мәселені шешу жолдары
«Еңбек даулары шешімінде кәсіподақтардың атқаратын рөлі ерекше», – деп есептейді ҚСЗИ-дің ғылыми аға қызметкері В.Можарова. Батыс Еуропада жұмысшылар мүддесін қорғап, ереуіл қозғалыстарын басқарып, келіссөздер жүргізетін де солар. Қазақстанда кәсіподақтар жоқтың қасы, я болмаса олар тек формальдық сипатқа ие. Жұмыс берушілер төмен жалақыны ұстап отырғаны белгілі (40-60 мың теңге – мұндай қаражатқа өмір сүру күннен күнге қиынға түсуде). Халық бұл жағдайда жұмыс берушілер алдында қауқарсыз болып отыр. Ал мемлекеттік саясат және қолданыстағы заңдар жұмысшылар мүддесін қорғауда белгілі бір деңгейде қауқарсыз. Мұндай жағдайда жаппай ереуілге шығудың күшеюі заңдылық, өйткені бұл – жұмысшылардың өз жайына биліктің назарын аудартудың жалғыз амалы.
Халықаралық HumanRightsWatch (HRW) құқыққорғау ұйымы 2012 жылы жариялаған «Мұнай және ереуілдер. Қазақстан мұнай саласындағы еңбек құқықтарының бұзылуы» баяндамасында билікті кәсіподақтарға қысым көрсетпей, еңбек дауларын келіссөз арқылы шешуге шақырды. ҚСЗИ сарапшысының пікірінше, 2011 жылы Жаңаөзендегі еңбек дауының бірнеше айға созылған себебі – жергілікті мұнайшылар кәсіподағын ешкім мойындамады, ал мұнай компаниясы және жергілікті билікпен келіссөздер жүргізген кәсіподақтар федерациясының өкілдері мәселені шеше алмады. Мамандардың айтуынша, Қазақстан кәсіподақтары жұмысшылар алдында бедел жинау керек, елдегі және шетелдік ұйымдармен қарым-қатынас жасап, заңдарды жетілдіруге атсалысып, еңбек нарығында өз маңыздылығын күшеютуі тиіс. Еуропалық тәжірибеден тыс, жұмысшылар құқықтарын жақсы қорғап жүрген ресейлік әріптестерден де үлгі алған дұрыс. 2007 жылы қабылданған ҚР Еңбек кодексін әзірлеуге кәсіподақтар федерациясы мен «Еңбек» депутаттық тобының қатысуы нәтижесінде бұл заңнама халықаралық стандарттарға жақындай түсті. Дамыған елдер тәжірибесін қолдану елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» заңды қабылдауға сеп болды, бұл – заңды тұрғыда дауласқан жақтарға үшінші жаққа жүгінуге мүмкіндік беретін құқықтық құжат. Алайда аталған заңның іс жүзіндегі белсенді қолданысы әзірге байқалмайды.
Қазақстанда еңбек нарығындағы мәселелерді экономикалық әдістермен шешу жоспарланған еді, мәселен, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы. Бірақ жақында Мәжіліс отырысында аталған бағдарламаны жүзеге асыру жағы дәйекті сынға ұшырады. Тіпті бағдарламаны тоқтату туралы ұсыныс жасалды. Қазақстан өзін «әлеуметтік бағыт алған мемлекет» деп ресми жариялағанымен, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға келгенде сараңдық танытады. Мәселен, Еуропа одағы елдерінде әлеуметтік бағдарламаларға мемлекеттік бюджеттің 27% жұмсалады екен. Қазақстанда бұл көрсеткіш бес есе аз. Халықаралық сарапшылар және ұйымдар бұл көрсеткішті ең болмаса екі есеге көбейту керек деседі. Осы себептен болу керек, ірі кәсіпорындар мемлекеттік бюджеттің орнына әлеуметтік жүкті өздері арқалап келеді. Қазақстанда еңбекақының ішкі жалпы өнімдегі үлесі Еуропа елдеріндегі және АҚШ-тағы көрсеткіштерден үш-алты есе кем. Бұл ретте сарапшылар «республикадағы әлеуметтік көрсеткіштерді қайта қарастырып, жұмысшылардың табыстарын көбейту қажет. Салық жүйесін жетілдірумен бірге, жемқорлықпен күресті күшейту керек» деген қорытындыға келіп отыр.