Соңғы жылдары күріштің пирикуляриоз ауруы Сыр еліндегі егіншілердің діңкесін құртып жүр. Несібесін жерден терген ағайынға бұл да аз салмақ емес. Өйткені аталмыш ауру тараған күріш алқабынан көпшілік күткен өнім қамбаға құйылмайды. Ала жаздай егіннің асты-үстіне түсіп, алақанға салып аялайтын диқандар аталған кеселдің салдарынан ауыз жарымайтын өнімді қанағат тұтуға мәжбүр болады. Енді бес-он күннің айналасында облыстағы күріш алқаптарына орақ түседі деп жоспарланып отыр. Осы жағдайда диқандардың ойын он саққа жүгіртіп отырғаны – «Аталмыш аурудың зардабын шекпейміз бе?» деген сауал.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы мамандары биылғы жылы да осы күріш ауруы көрініс беріп отырғанын хабарлады. Кетпен арқалаған көпшіліктің көңіліне күмән алып келген кесел облыстың Сырдария және Жалағаш аудандарында кездесіп отыр. Аймақта егілетін күріштің тең жарымына жуығы осы екі ауданның еншісінде. Сонымен қатар күріш дерті Қармақшы ауданында да байқалады. Ендеше, пирикуляриоз елдегі егіншілердің еңсесін түсіріп отыр деуге негіз бар. Қазіргі күні ауру ошағы 1,5 мың гектарды шамалайды. Инспекция тарапынан жүргізілген жұмыстың нәтижесінде биыл 12,4 мың гектар алқапта күріш ауруына қарсы зерттеу жұмыстары жүзеге асқан. Пирикуляриоз ауруы Сырдария ауданындағы «Қоғалыкөл», «Ақжарма», «Мағжан және К», Жалағаш ауданындағы «Аққұм», «Ақсу», Қармақшы ауданындағы «Ораз ахун» шаруашылықтарында орын алған.
Инспекцияның өсімдіктерді қорғау бөлімінің бас маманы Әбсадық Науановтың айтуынша, ауру, күтімсіз қалған алқаптарда қанатын кеңге жаяды. Оған жол бермес үшін химиялық препараттар қолданып, аурудың алдын алуға болады. Алайда кейбір жылдары күріш ауруына қарсы күреске мән берілмей келеді. Мәселен, 2005 жылы 6,5 мың гектар күріш алқабы аурудың құрбанына айналды. Осының салдарынан келесі жылы оның көлемі екі есеге артып кеткен. 2006 жылы Сырдария ауданындағы «Қалжан ахун», «Шаған», «Ақжарма» шаруашылығының еңбекшілері әр гектардан бар-жоғы 12-25 центнерден алған өнімді қанағат етті. Мұндай жағдай былтыр да кездесті. Дегенмен аурудың алғашқы белгілері байқалысымен, оған қарсы шаралар қолға алынды. Осының нәтижесінде өнім деңгейі айтарлықтай төмендей қойған жоқ.
Әбсадық НАУАНОВ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы өсімдіктерді қорғау бөлімінің бас маманы:
– Пирикуляриоз ауруының негізгі көзі – күріш атызындағы өсімдіктер қалдығы. Залалданған тұқым себілген атыздарда ауруға жол бермеу мақсатында мына жағдайларға ерекше мән берілуі қажет. Тұқым топырақпен жақсылап жабылып, сумен бастырылған жағдайда ауру тұншығып, дамымай қалады. Пирикуляриоз 60-тан астам дәнді дақылдар және қызыл дәнді күріш түрлерінде дамиды.
Керек дерек
Пирикуляриоз күріш дақылының өсу дәуірінде шықтың мол және ұзақ мерзімде түсуі, жаңбырдың көп жаууы салдарынан көбейіп кетеді. Оған шалдықпайтын күріш сорты жоқ.