Бордақыланған бақа бизнесі қызып тұр...
Еврей отбасында он жылдай үй күтушісі болып қызмет еткен бір танысым қызықты жайтты айтып беріп еді. Отағасы күнде 5 жасар баласына екі құрбақаны қуырып береді екен. Әрі оны не үшін жегізетінін өте құпия ұстайтын көрінеді. Соған қарағанда құрбақаның адам ағзасына қандай да бір пайдасы болғаны ғой. Ақыл ойды жетілдіруде ме, әлде басқалай себебі бар ма, әйтеуір бекерден бекер құрбақаны қуырмайтын болар...
Құрылдаған құрбақалардың экзотикалық тағамға айналарын кім білген? Францияда құрбақадан дайындалған ас деликатес саналады. Оны әртүрлі етіп дайындап елдегі маңдайалды мейрамханаларда келушілерге ұсынады. Оның бағасы да тым қымбат. Ғалымдардың зерттеулерінше құрбақаны тамаққа пайдалануды ойлап тапқан француздар емес, чехтар көрінеді. Прагаға жақын маңда осыдан 5 мың жыл бұрын өмір сүрген ауыл табылған. Олардың қола дәуірінде құрбақа етімен тамақтанғаны белгілі болып отыр. Сондай-ақ, құрбақаны құр жібермеген қытайлықтар құсайды. Бақа шаянды ас мәзірінен түсірмейтін олар құрбақадан да бармағыңды жалап тұрып жейтін керемет ас әзірлеуде алдына жан салмайды. Ресейде де құрбақа еті үлкен сұранысқа ие. Әрі кірісі мол кәсіп түрі болып саналады. Бизнестегі бос кеңістікті пайдаланып қалуды көздегендер бүгінде құрбақадан да күреп ақша тауып жүр. Қатырылған құрбақаның аяқтары 150-500 рубль тұрады. 200 грамм қуырылған құрбақаның аяғын 400-500 рубльге саудалайды. Құрбақаның қалдығын да кәдеге жаратуға болады. Одан жоғары сапалы тыңайтқыш жасап шығарады. Сыра сататындардың да құлағына алтын сырға. Құрбақаның қытырлақ аяқтарын сатуға болады сырамен қосып. Осылайша Ресейде бақа бизнесінің көрігі қызып тұр. Қазақстан да құрбақа бизнесінен құралақан емес. Астана мен Алматы секілді ірі қалалардағы мейрамханаларда құрбақа қуырдағын сатып жатыр. Әрине арзан емес. Жеңсік асқа тәбеті тартқандар теңгесін аямайды, әрине... Ғалымдардың есебі бойынша, адамзат жыл сайын 1 миллиардтай құрбақаны аулап жейді екен. Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, амфибияларды аулауға деген құмарлық олардың тіршілігіне қауіп төндіріп отыр. Жуырда құрбақалардың халықаралық саудасы туралы БҰҰ сарапшылары жариялаған жаңалық жаға ұстатарлықтай. Бақалардың ең үлкен тасымалдаушылары - АҚШ пен Франция болып септеледі екен. Осы екі елден өндірілген өнім жүздеген елдерге жөнелтіледі. Басы жалпақ бақаларға сұранысты арттырып отырған ел Индонезия болып шықты. Осы елдің тұрғындары жыл сайын 5 тоннадай бақа жейді. Ия, құрбақаның етінен құр қалып жүрген ел көрінбейді… Бүгінгі таңда әлемде қосмекенділердің 4 000-нан астам түрі бар. Елімізде қосмекенділердің 12 түрі таралған. Оның 3 түрі сирек кездесетіндіктен «Қызыл кітапқа» тіркелген. Ең көп көп кездесетін түрі жасыл құрбақа, кәдімгі құрбақа және даната құрбақасы. Олар зиянды бунақденелілермен қоректеніп, ауыл шаруашылығына көп пайда келтіреді. Даната құрбақасы «Қызыл кітапқа» тіркелген. Олар қорғауды қажет етеді. Расында бүгінде ауылға барсақ кешқұрым құрылдаған құрбақаның дауысын естімейтін болдық. Құрбақалар құрып барады деп ... дабыл қағатындай жағдайға жетіп қалғандаймыз. Оған әрине араны ашылған адамзат көп үлесін қосып отырғаны белгілі. «Қызыл кітапқа» енгізілген кез-келген тіршілік атаулыны заңсыз тасымалдағандар заң бойынша жауапқа тартылушы еді.
Жыл сайын тасбақа тасымалдайтындар ұсталады. Мұны кеденшілер жерден жеті қоян тапқандай қуана хабарлап жатады. Ал енді осындай арнайы қорғауға алынған құрбақаларды саудалаушылардың ұсталғаны туралы бірде-бір мәлімет жоқ. Сонда осы бақа бизнесінің көрігін қыздырып жүргендер оны қайдан әкеліп жатыр? Бұл да бір түйіні тарқатылуы тиіс мәселенің бірі... Ресейде бүгінде құрбақаны арнайы аулап, өсіріп, сатушылар көбейді. Оны өсіру оңай шаруа емес. Уылдырық сатып алып содан да өсіруге болады. Оны 4 жыл бойы бағу керек. Бұл бизнестің «тілін таппаса» жемісін беруі де қиын. Шығынды көп қажет ететін кәсіптің түрі. Арнайы орын дайындап, бағып, өсіру үшін сан-салалы интернет сайттары көмек қолын созуға дайын. Тіпті бақаларды қалай күтіп, баптау керек, оны қалай «жемдеу» керек, тіпті одан тағамды қалай әзірлеу керектігіне дейін соқырға таяқ ұстатқандай алдыңызға тосады. Улы бақаларды қалай ажыратуға болатындығына дейін бар. Бақаны жақсылап «бордақылаған» жағдайда бір құрбақаның өзі 1-1,5 келіге дейін жетеді екен. Жәндіктермен қоректенетін құрбақаның жеуге тек аяғы ғана жарайды. Бақа шаян жейтін қысық көзділердің елі емес. Оны өткізу де қиын. Тек жеңсік ас ретінде ғана дәм татушылар табылар. Дәмі тауық пен балықтың етіне ұқсас болғандықтан бір дәмін татқан адам тағы да жегісі келіп тұрады дейді дегустаторлар. Негізінен жылы жақта өсетін құрбақалар жеуге жарамды көрінеді. Күзде ауланған құрбақа өте тәтті болып есептеледі. Жаз бойы пайдалы заттармен қоректенген құрбақа күзге қарай семіреді. Көзіне көрінгенінің бәрін жұта беретін күркетауық емес. Олар тек таза өніммен ғана қоректенеді... Ғалымдардың соңғы зерттеулері тіпті таңқалдырарлықтай. Құрбақа етінің құрамындағы кей заттар қатерлі ісік дертіне таптырмайтын дәрумен көрінеді. Мидың қатерлі ісігін ем болады екен. Құрбақалардың көбеюі елдегі масалардың азаюына сондай-ақ қан сорушы жәндіктердің азаюына септігін тигізеді. Ауылшаруашылығына тигізетін пайдасы да орасан. Алайда аранымыз ашылып аз жәндікті азайтып алмасақ болғаны. Құрбақа етін пайдалануға тиым салатын тетік табылмаса ... онда құрбақалардың құрып кету қаупі төніп тұр.
Құрбақа-жаңалық
Араб зерттеушілері құрбақаның терісінде аса қауіпті бактериялармен күресте таптырмайтын аса бағалы заттар бар екенін анықтады. Оның терісі бактерияға қарсы заттармен көмкерілген. Ғалымдар зерттеу барысында құрбақаның терісінен синтезделген құрам тапқан. Ол алтынтүсті стафилококк пен Acintobacter baumanni бактериясына қарсы қолданылады. Зерттеушілер жаңа антибактериялды дәрі алдағы 5 жылда нарыққа шығарылуы мүмкін деп отыр. Егер осы өндірісті инвестициялайтын әріптес табылса.