Келер жылы үйдің бағасы қалай құбылады? «Пандемия салдарынан сұраныс болмаған соң үй бағасы жыл соңында құлдырайды» деген елдің болжамы рас келді ме? Дәл қазір қаржыны баспанаға салу қаншалықты тиімді? Осы және тұрғын үй нарығына қатысты өзге де сауалдарға Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов жауап берген болатын.
 
Құрылыс қарқын алады 
Маманның болжамынша, келер жылы тұрғын үй құрылысындағы белсенділік жоғарылайды. Оған жаңа баспананы несиелеуге арналған «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламаларынан бөлек әкімдікте кезекте тұрған азаматтарға арналған «Шаңырақ» пилоттық жобасының іске қосылуы да себеп болады. Өйткені бағдарлама 1986 жылдан 2010 жылға дейін әкімдікте пәтер кезегінде тұрған 60 мың азаматты баспанамен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Жыл соңына дейін ғана жоба аясында 17 мыңнан астам азамат баспаналы болуы тиіс болған.
«Шаңырақ» бойынша пәтерді тек жаңа үйден сатып алуға болатынын естеріңізге сала кетейік. Мұндағы бастапқы жарна пәтер сомасының 10 пайызын құрайды, несие жылдық 5 пайызбен 25 жылға дейін беріледі.
Қазіргі күннің өзінде «эконом класқа» жататын төртінші категориялы тұрғын үй кешендерінде пәтер табу қиын. Қазан айында «Шаңырақ» бағдарламасы іске қосыла салысымен оларға деген сұраныс артқан.
Ермек Мүсірепов құрылыс әзірге тек мегаполистерді қарқын алып тұрғанын да атап өтті. Мұнда бағдарламаға қатысушалар сұраныстарына қарай пәтерді қиындықсыз табады. Ал өңірлерде жаңа тұрғын үйден пәтер алу құрылыс қарқының төмендігінен пәтер табу қиындық тудыруы мүмкін.
Федерация үнемі өңірлерде, әсіресе моноқалаларда жаңа тұрғын үйлерді салу қажеттігі жөнінде айтып келеді. Бұл ішкі миграцияға да оң әсерін тигізері сөзсіз. Мемлекеттік бағдарламалар бюджеті өңірлерге көптеп бағытталса, шынымен қолжетімділік деген атына сай болар еді. Өйткені жаңа баспана аз болғандықтан ондағы қолданыстағы ескі үйлердің бағасы да сәйкесінше арзандамайды. Қазіргі күні «Шаңырақ» бағдарламасы облыстардағы тұрғын үй құрылысының бойына қан жүгіртеді деген үміт бар, - деді ол.
«Эконом класс» қымбаттамайды
Жаңа тұрғын үй құрылысы қарқын алып, оған деген сұраныстың артуы баға саясатына қалай әсер етеді? Ермек Мүсіреповтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар негізінен эконом кластағы үйлердің құрылысына бағытталған.
Бұл санаттағы үйлердің құрылысына отандық тауар өндірушілердің материалдары пайдаланылады. Сондықтан оның бағасына қатты әсер етпейді деген болжам бар.
Жалпы жыл көлеміндегі динамикаға назар аударсақ, осы санаттағы үйлердің бағаларының тұрақты екенін байқауға болады. Ал бизнес, комфорт және элит класындағы үйлердің бағасы құрылыс материалдарының шетелден алынатынына байланысты өсті. Дегенмен анау айтқандай 10-20 пайызға емес. Өсім 8 пайыз шамасында, - дейді федерация басшысы.
Сондай-ақ маманның айтуынша, аталған санаттағы үйлердің сапасы мен аяқталу мерзіміне де атқарушы органдар тарапынан қатты көңіл бөлінетін болады. Оның үстіне мемлекет қолжетімді бағдарламалар арқылы тұрғын үй құрылысын ынталандыруды көздеп отырғандықтан нарықта компаниялар саны да артады. Бұл өз кезегінде бәсекелестік тудырып, сапаға оң әсерін тигізеді.
Ел болжамы орындалды ма?
«Сұраныс болмаған соң, баға төмендейді». Бұл карантин кезінде қалтасы жұқарған халықтың болжамы болатын. Ол қаншалықты рас болып шықты? Федерация басшысы баға өсіміне сұраныс қана әсер етпегенін атап өтті.
Елде төтенше жағдай енгізіліп, шектеу салдарынан наурыз-маусым айларында тұрғын үй нарығында тыныштық орнады. Анығын айтқанда сатушылардың өздері де екі ұдай күйде болды. Сатушыларда «пәтер бағасын арзан қойып қоймадым ба» деген ойлар қылаң беріп жатты. Сол ой карантиннен кейін бағадан көрініс тапты. Дәл осы тұста доллар бағасы да өсіп, қолданыстағы үйлердің бағасы жасанды көтеріліп кеткен болатын. Ал карантин бәсеңдеген соң сату-сатып алу процестері сырттай ажиотаж сынды көрініп, ол да әсерін тигізбей қоймады, - дейді ол.
Маман пікіріне сүйенсек, қазір жағдай карантинге дейінгі қалыпқа келді. Қолданыстағы бағасы «үрленген» үйдің да біртіндеп желі шыққанын байқадық. Бастапқы қалпына келмесе де төмендеу динамикасы бар. Бұл жерде қолданыстағы үйдің бағасы жаңа үйдің бағасы, доллар бағамы, сұраныстан қалыптасатынын ұмытпау керек. Дегенмен бұдан әрі үй бағасы төмендейді деу қиын. Дәл қазір қолданыстағы үй сатып алуды көздеп жүргендер мақсаттарын жүзеге асырғандары абзал. Өйткені келер жылы доллар бағамының қандай болары белгісіз, - дейді ол.
Мемлекеттің 3 пайызбен де несиелейтін жағдайы бар
Федерация басшысының айтуынша, қазіргі күні баспана қалай десек те қолжетімді бола түсті. Оған мемлекеттік бағдарламалар өз септігін тигізді. Пайыздар осыдан 10-15 жыл бұрыңғымен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Қазір «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 пайызбен баспана алуға болады. Одан бөлек қаншама бағдарлама бар. Халықта таңдауға мүмкіндік туды. Солай болуы керек те.. Ал осыдан он жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу оңай емес болатын. Оның өзінде пайыздар 14-15 болатын. Екінші деңгейлі банктерде мөлшерлеме 25 пайызға дейін болған. Қазір орташа пайыз 5 десек, екеуінің арасы жер мен көктей. Мұны тұрғын үй нарығындағы кәсіби мамандар мен билік арасындағы жұмыстың нәтижесі деп те айтуға болады, - дейді ол.
Ермек Мүсіреповтің пікірінше, қазіргі күні мемлекеттің барлық санаттағы азамат үшін ипотекалық несиенің құнын 3 пайызға түсіруге қауқары бар. Бұл құрылыс, отандық құрылыс материалдарын өндіру нарығын ынталандыруға да, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға да айтарлықтай септігін тигізер еді.
 
Лаура ТІЛЕУБАЙҚЫЗЫ