Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасына сәйкес балық шаруашылығын дамыту мақсатында арнайы бағдарлама дайындалып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отыр. Өткен жылдың басынан бастап тауарлы балық өсіру шаруашылықтарына бюджет есебінен субсидия да бөліне бастады. Балық қорын көбейтуді көздеген Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы «Ардағым» шаруа қожалығының тың жобасы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолдауына ие болып, «ақсүйектер асы» саналатын бекіре тұқымын молайтуға мүмкіндік алды.
Қожалық төрағасы Қали Исмайловтың бұл кәсіппен айналысқанына 20 жылдың жүзі болды. Бұрын тек тұқы тұқымдас балықтарды өсірумен айналысқан кәсіпкер алты жылдан бері бекіре тұқымдас балықтарды өз тоғанына еркін жібере бастады. Аумағы 600 гектар алқапты алып жатқан оның қожалығында бүгінгі таңда 10 мыңнан астам бекіре тұқымдас балық бар. Алғашында Ресейдің Астрахань қаласынан әкелінген бұл балықтар жаңа жерді жатсынбай, жерсініп кеткен көрінеді. Әрине, шығынсыз тағы болмайтыны белгілі. Бірақ шаруа басшысы 60 пайыз балықтың өзге тоғанды өзімсініп кетуін жақсылыққа балап отыр.
Қали ИСМАЙЛОВ, кәсіпкер:
– Мамандардың айтуынша, негізінен, басқа жақтан әкелінген балықтардың 10 пайызының ғана жаңа жағдайға бейімделіп кету мүмкіндігі бар. Бағымызға қарай, бізде көп балық бой жазып, жерсініп кетті. Тек бекіре ғана емес, теңіз тұқымдас балықтардың да бірнеше түрін өсіріп жатырмыз. Шаруашылықтың қыр-сырын 20 жылдан бері меңгеріп қалған соң, ауқымын ұлғайтқым келіп жүрген. Бастама болғанымен, бәрін қаражат қана шешетіні белгілі ғой. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолдауы мен үшін дер кезінде келген көмек болды.
Сөйтіп, «Ардағым» шаруа қожалығы құны 35 млн теңгенің жобасын қаржыландыруға қол жеткізді. Қожалық басшысы бұл қаражатқа жаңадан 15 тоған салып, 570 шаршы метр жерге су құбырын жүргізбекші. 840 шаршы метр жерге дейінгі автокөлік жолдарын жөндеу де осы жобаның ішінде қарастырылған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша жұмыс орны ашылатыны тағы бар. Бүгінге дейін қаламыздағы дүкен мен базар сөрелерін балғын балықпен қамтамасыз етіп отырған шаруа қожалығы ендігі жерде жылына 100 тоннаға дейін асханалық бекіре әзірлеуге мүмкіндік ашылды деп, бөріктерін аспанға лақтырып отыр. Оған ұрықтандыру кезіндегі көзбен көрген нәтижені айтсақ та, жетіп жатыр. Өткен жылы ұрығын алатын аналықтар сүзгімен ауланса, биылғы жағдай одан әлдеқайда басқаша. Уылдырығы бар балықтың төрт түйірінен бір астаудың беті зорға көрініп жатыр. Бекіренің салмағы қазіргі таңда орта есеппен 10 келіге жетіп қалған. Бүгінде баласындай бағып-қағып, мәпелеп отырған бекіре (осетр), шоқыр (севрюга), қорытпа (белуга) балықтарының салмағы күндердің-күнінде бір тоннаға жететініне Қали Исмайловтың сенімі зор.
Самал ҚАРАЖАН, Ақтөбе облысы
Суретке түсірген Лилия БЕЛИКОВА
Бекіре – бесінші түлік
Последние статьи автора