Оқу жылының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Сондықтан ата-аналар мектепке қажетті бұйымдарды қайдан және қаншаға алу керектігін ойлана бастады. Бір қуантарлығы – биыл да мектеп формасын кию міндетті болмайды. Қазіргі уақытта барлық тауар бағасы шарықтап кеткені туралы жиі естуге болады. Біреулер бұған пандемия себеп болды десе, біреулер қымбатшылыққа жауапты органдарды кінәлап отыр.
Қалай болғанда да қарапайым қажеттіліктер ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңындағы мектеп жабдықтарына да қатысты. Sputnik Қазақстан кеңсе тауарларының қазіргі құнын былтырғы бағамен салыстырды. Осы оқу жылында баланы мектепке дайындау қанша шығынды қажет ететіні туралы біздің материалдан оқыңыз.
Мектеп сөмкесі мен қажетті жабдықтар
Онлайн-дүкендердегі кеңсе тауарларының бағасында айырмашылық көп. Ұлдар мен қыздарға арналған рюкзакты 2 мың теңгеге де, 50 мың теңгеге де сатып алуға болады.
Әртүрлі бес онлайн-дүкендегі рюкзактың орташа бағасы 12 мың теңге.
Жазуға арналған құралдар мен дәптердің орташа бағасы:
қаламсап жинағы – 300-2 900 теңге;
түссіз қарындаштар жинағы – 200-1 160 теңге;
түрлі-түсті қарындаштар жинағы – 430- 3 950 теңге;
фломастерлер – 880-2 270 теңге;
қылқалам – 469-1 450 теңге;
сызғыш – 65-400 теңге (бір данасы);
сурет салуға арналған бояу – 289-3 100 теңге;
жай дәптер – 20-100 теңге (бір данасы)
қалың дәптер – 120-625 теңге (бір данасы, парақ санына қарай);
сурет салуға арналған альбом – 269-850 теңге (бір данасы);
пенал – 1 300-5 000 теңге.
1 қыркүйек қарсаңында қазақстандық онлайн-дүкеннің кез келгенінде "Мектепке дайындық" бөлімін табуға болатынын атап өту керек. Мұнда мектепке қажетті барлық тауар түрі жинақталған. Сондай-ақ жеңілдіктер бар.
© SPUTNIK / АЛИНА ШАШКИНА
Сөмкені 2 мың теңгеге де, 50 мың теңгеге де сатып алуға болады
Sputnik Қазақстан тілшісі кеңсе тауарларын сататын дүкендерде болып, тауарлардың бағасы интернетте көрсетілген бағадан өзгеше ме, жоқ па, осыны анықтады.
Қазақстанда танымал дүкен желісінде түрлі үлгідегі, көлемдегі және сападағы мектепке арналған рюкзак орта есеппен 3 290 теңгеден 21 мың теңгеге дейінгі тұрады.
Мұндағы кеңсе тауарлары бағасының интернеттегіден еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан қажетті тауарды дүкеннен немесе интернет арқылы сатып алу әркімнің өз таңдауына байланысты.
Әйтсе де осы тектес тауарды базарда саудаласып, әлдеқайда арзан алуға болады.
Қазақстанда баланың мектепке қажетті құрал-жабдығын шамамен 20-25 мың теңгеге (47-58 доллар) сатып алуға болады.
Кеңсе тауарларының былтырғы бағасы
2020 жылы қазақстандық оқушылар мектепке толыққанды барған жоқ. Оқу жылының басым бөлігінде сабақ қашықтан, үйде өткізілді. Сондықтан осы оқу жылындағыдай мектеп формасын сатып алу қажеттілігі болған жоқ.
Былтыр ата-аналар мектеп жабдығына орта есеппен 35-50 мың теңге жұмсаған
Алайда ата-аналар кеңсе тауарларын сатып алды. 2020 жылы Нұр-Сұлтан әкімдігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін баланы мектепке дайындауға әр балаға 40 мың теңгеден бөлді. Әкімдік мектепке қажетті құрал-жабдықты сатып алуға осы көлемде қаражат қажет болады деп шешті. Ал 2019 жылы дәл осы мақсатқа әр бала үшін 30 мың теңгеден бөлінген болатын.
Кейбір мәлімет бойынша былтыр ата-аналар мектеп жабдығына орта есеппен 35-50 мың теңге жұмсаған. Бұл аяқкиім, мектеп формасы және спорт киімін есепке алмаған кездегі шығын көлемі.