Байқоңырдан ұшқан әрбір зымыран экологиялық бақылауда
«Байқоңыр» – еліміздің ғарыш қақпасы. Осыған орай, оған артып отырған үмітіміз зор болғанымен, үмітке ілесе жүрер қауіп те жоқ емес. Әрбір ұшырылымның сәтті жүзеге асуымен қатар, оның табиғатқа, жергілікті халыққа тигізер экологиялық әсері қандай болатыны – көпшілікті мазалайтын мәселе.
Сол себепті де зымыран-тасығыштардың еліміздің қоршаған ортасына, тұрғындардың денсаулығына әсерін Үкімет үнемі бақылауда ұстап келеді. Осы мақсатпен 2001 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі («Қазғарыш») жанынан «Инфракос-Экос» еншілес мемлекеттік кәсіпорны құрылған болатын. Жақында кәсіпорын «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды. Қазіргі кезде кәсіпорын «Роскосмос» кәсіпорындарымен («Жерүсті ғарыштық инфрақұрылымдарды пайдалану орталығы» федералды унитарлық кәсіпорны, «Машина жасау ғылыми-өндірістік бірлестігі» Әскери-өнеркәсіптік корпорациясы» АҚ) бірлесіп жыл сайын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын зымыран-тасығыштардың экологиялық қолдау (мониторинг) жұмыстарын жүргізеді. Әр жыл басында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жүзеге асырылатын зымырандар ұшырылымын экологиялық қолдау жұмыстарының жылдық жоспары Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен келісіліп, Ресей ғарыш агенттігімен («Роскосмос») бекітіледі. Мысалы, өткен 2011 жылы мекемеміз 17 зымыранның ұшырылымына экологиялық қолдау жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық бақылау қалай жүзеге асады?
Экологиялық бақылау «Байқоңыр» ғарыш айлағынан отын ретінде – гептил мен азот тетратоксидімен ұшатын барлық зымырандарға («Протон», РС-18, РС-20), «Зенит» және коммерциялық бағдарламалармен ұшырылатын «Союз» зымырантасығыштарына жүргізіледі. Ғарыш айлағының позициялық ауданында зымырандардың жанармай құрамаларын құюы және ұшуы кезінде олардың айналасындағы ауаның, топырақтың, өсімдіктің және судың, кездескен жағдайда қардың сынақтары алынып, химиялық-экологиялық зертханада сарапталды. Зымырандардың ажырайтын бөліктерінің (сатыларының) құлау аймақтарында қоршаған орта нысандарының (топырақ, су, өсімдік) сынамалары алынады және сатылар құлағаннан кейін сол жерлердің экологиялық ахуалын зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, жер бетінің ландшафт суреттемесі және оның қаншалықты зақымданғаны, өсімдіктің қаншама бүлінгені және қандай көлемде жанғаны, бөлшектердің орналасу сызбасы, қоршаған орта нысандарынан сынамалардың алыну сызбасы жасалады. Бұл жұмыстардың нәтижесі жағдай құжаты түрінде рәсімделіп, зерттеуге қатысқан қызметкерлердің тарапынан актіленеді. Егер экспресс сараптама нәтижесінде зымыран отыны құрамдас бөліктерінің және зиянды ыдырау өнімдерінің шекті мөлшері рұқсат етілген деңгейінен асып кеткені анықталса, дереу Ресей жағынан залалсыздандыру (детоксикация) жұмысы жүргізіледі. Бұл жұмыс нәтижесі кейін біздің бақылауымызға алынады.
Зертханалық кешендер тиісті талаптарға сай жарақталған
Қоршаған орта нысандары сынамаларын сараптау үшін кәсіпорынның Алматы, Жезқазған және Байқоңыр қалаларындағы тұрақты химиялық-экологиялық зертханалары жұмыс істейді. Сонымен қатар Жезқазған қаласында «КамАЗ» автокөлігінде жылжымалы зертхана жасақталған. Жылжымалы зертхана төтенше жағдайларда, әсіресе зымыран ұшырылымдарының апатты жағдайында залалы тиген аймақтарға кешенді экологиялық бақылау жұмыстарын жоғары деңгейде әрі жедел жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұл зертханалар қазіргі талаптарға сай техникалық құралдармен жабдықталған және мемлекеттік стандарттау жүйесінде тіркеуден өткен. Зертханалар «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын зымыран-тасығыштарда қолданылатын отынның құрамдас бөліктерінің және олардың зиянды ыдырау өнімдерінің ауада, топырақта, суда (қарда), өсімдікте, жануарлар ағзасында кездесу мөлшерін анықтай алады.
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын зымырандардың экологиялық мониторингі жұмыстарының бір жылдық нәтижесінің жинақталған есебі біздің кәсіпорын мен «Роскосмосқа» қарасты «Жерүсті ғарыштық инфрақұрылымдарды пайдалану орталығы» федералды унитарлық кәсіпорнымен бірлесіп дайындалады да, Ресей федералдық ғарыш агенттігіне, еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне және «Қазғарышқа» жіберіледі.
Топырақты залалсыздандырудың жаңа технологиясы бар
Кәсіпорын экологиялық мониторингі жұмыстарын жүргізуді жетілдіру мақсатында нормативтік-әдістемелік құжаттарды дайындау, оларды қолданысқа енгізу, сондай-ақ қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Атап айтсақ, өткен жылы гептилмен ластанған топырақты катализдік және микробиологиялық залалсыздандыру технологиясы қолданысқа енгізілді. Гептилдің топырақтағы мөлшерін анықтаудың газды хроматографиялық құралда «масс-селективті детекторлау» әдісі жасалынды. Соңғы үш-төрт жыл ішінде гептилдің зиянды ыдырау өнімдерінің (нитрозодиметиламин, тетраметилтетразен, диметиламин, диметилформамид) және Т-1 керосинінің топырақтағы шектеуі рұқсат етілген деңгейлері әзірленіп, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінде бекітілді.
Болашақта осы аталған жұмыстар жалғасын тауып, олардың тиімділігін арттыру бағытында біздің кәсіпорын өз міндетін абыроймен атқара бермек.
Жайлаубай ЖҰБАТОВ, ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» РМК бас директорының міндетін атқарушы