Азық-түлік бағасы күннен күнге қымбаттап барады
Азық-түлік бағасы ауыздықтауға келер емес. Әсіресе, желтоқсан басталғалы кейбір маңызды тауардың құны шарықтап кетті. Мұны сарапшылар маусымдық құбылу дейді. Ал тұрғындар әрине, ырыққа бағынбайтын нарыққа ызалы. Қай өңірде не қымбат? Тілшілерді тыңдайық, - деп хабарлады Аstanatv.kz.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Шымкентте жаңа жылдық қарбалас қазірден-ақ басталып кеткен. Дастарханның сәнін келтіретін жеміс -жидек пен көкөністің бағасы аспандап тұр. Әсіресе шетелден келетін апельсин, мандарин қымбат.
Тропикалық жемістер сортына қарай сатылуда. Балалар сүйіп жейтін ұсақ мандариннің келісі -1300 теңгеден түспей тұр. Өзге түрлері де арзан емес, мың теңгеден басталады. Әзірге қолжетімді болып тұрғаны -алма Келісі -350-400 теңге. Сатушылардың айтуынша, өзге елден келетін өнімдер жылдан жылға қымбаттап барады.
Зухра АХМЕДОВА, САТУШЫ: Қойып жатқанымыз 15 процент, максимум 20 процент қоямыз. Барлығы 70 процент товар шеттен келеді ғой. Жазда біздікі местный. Қазір уже бәрі привозной. Мандариндер шеттен келеді, Иран, Марокканский, турецский...қазір енді басталғаны үшін әлі қымбат.
Сондықтан сатып алушының азайып бара жатқанын олар жасырмайды. Мұны жұрт қалыпты құбылыс дейді, мерекеден баға бірқалыпқа түсер деп үміттенеді.
БЛИЦ:
- Жалпы Шымкенттің бағасы ең қымбат баға, егер шындап келетін болса ең қымбат. Сондықтан аламыз жәйлап аз-аздан жейміз.
- Күнделікті алатынымыз жеміс, көкөніс пен ет қана. Ең керегі осылар. Бәрі қымбат. Жаңа-жыл қарсаңында баға бұдан да шарықтап кетпесе болғаны. Қазірдің өзінде базарға бір кірсек ақшаны тауысып шығамыз.
- Клубника алып жатырмын қазірше. Клубника жақсы бірақ, высший сорт, сапасы жақсы болғасын бағасына сай. Қазір келісін 6,5 мыңнан алып жатырмын. Турецский клублика.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Базарда ығы-жығы халық. Бағаға қарап жатқан жоқ ешкім. Мерекенің қамы дейді. Жаңа жыл қарсаңында тіпті қымбаттап кететінін ескеріп, ескірмейтін азық-түлік пен жеміс-жидек түрлерін қазірден сатып алып қоюға көшкен. Қызылжарда баға қалай, әрі қарай әріптесім Абзал Құрманкин жалғастырады.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: Қызылжарда да баға тұрақсыз. Сырттан келетін өнімді айтпағанда, облыс ішінде өндірілетін азық-түлік түрлерінің құны да біраз көтерілген. Мәселен, жылдың басында 400-500 теңгеден сатылған жұмыртқа қазір 600 теңгеден асады. Аймақ тұрғындары құбыла беретін бағадан әбден мезі қалғанын айтады.
БЛИЦ:
- Май мың теңге, ал жұмыртқа 600 теңгеге жеткен. Азық түлік тым қымбаттап жатыр. Бара бара не болатынын құдай білсін.
- Тамақ масқара қымбат! Май, шұжық, макарон, қант. Бәрінің бағасы жылдап емес, ай сайын өсіп келеді. Оны бақылайтын орган бар ма өзі бізде?
Соңғы кезде ресейліктер тарапынан күрішке деген сұраныс өскен. Ізінше бұл тауар жетіспеушілігіне әкеліп, өнім бағасы шарықтап кетуі мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан жергілікті билік ірі компаниялармен келісіп, арзандатылған бағамен күріштің 200 тоннасын алдын ала сатып алған.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: Қазір күріштің бір келісі 335 теңге тұрады. Тапшылық жоқ. Ал Алматыда жағдай қалай? Ол туралы әріптесім Мөлдір Жақан айтады.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Алматыда да азық-түліктің күрт қымбаттауы байқалады. Мұнда күрішке қатысты мәселе жоқ. Бірақ, жеміс – жидек, көкөністің құны шарықтап тұр. КТМ: Бұл тұрғындар үшін қалыпты жағдайға айналған. Жылда жыл таяғында азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттардың бағасы аспандайды дейді.
БЛИЦ:
- Жаңа жылға дайындалғанда баға көтеріледі. Потому что оған спрос болғандықтан, барлығы бағаны көтереді. Например, мандариндар болса, бағалары сентябрьге қарағанда көбірек болады.
- Ұнның бағасы, нан, бауырсақ, жеміс-жидек, картошка, пияздың бағасы екі есе өсіп кетеді.
- Азық-түліктің бағасы шарықтап барады. Халыққа өте қиын. Тек жаңа жыл қарсаңында емес, баға ай сайын көтеріліп жатыр. Бұл мәселені билік өкілдері тез арада қолға алуы керек деп ойлаймын.
Сарапшылар мұны маусымдық құбылу деп атайды. Оның арты жақсылыққа апармайтынын және инфляцияға тікелей әсер ететінін жеткізді.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ: Желтоқсан айында тек Қазақстанда емес, әлемде осы инфляцияның өршитіні бар белгілі бір дәрежеде. Өйткені түсінікті жағдай, Жаңа жылдың алдында бәрі бір-біріне сыйлық алады. Бәрі дастарханды әзірлеуге тырысады. Енді мұны бір жағынан маусымдық деп те айтамыз. Екінші жағынан қарасақ, бізде инфляцияның өте жоғары болып жатқанын байқауға болады. Бұл жақсы көрініс емес.
Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Сондай- ақ, тауар бағасының күрт қымбаттауын экономистер рубль бағамының өсуімен байланыстырады. Айта кету керек, бүгінде еліміздегі жылдық инфляция деңгейі 20 пайызға жетті. Ал азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асқан.
А. Төребекқызы