"Ажар" ардагерлерге киім тіге бастады
Биылғы жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Астана және Мәскеу қалаларына Алматы облысынан 17 ардагер барады. ҚР Қорғаныс министрлігінің шешімі бойынша майдангерлер мерекелік біркелкі костюм киетін болды. Осыған байланысты талдықорғандық тігіншілер ардагерлерге арнап киім тігу ісіне кірісіп те кетті.
Талдықорғандағы «Ажар» тігін фабрикасы майдангерлердің киім өлшемдерін алып жатыр. Алғашқы өлшемге ҰОС ардагерлері Тоқтарбай Қанапиянов, Хасан Боранбаев, Алтынай Есболатова барды. Олармен бірге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев та фабрикаға атбасын бұрды.
«Ажар» тігін фабрикасының директоры Хамидолла Ержановтың айтуынша, кәсіпорын мамандары аудан-аудандарды аралап, соғыс ардагерлерінің киім өлшемдерін алмақ. Тапсырыстың барлығы сәуір айының соңында дайын болады.
Еске сала кетсек, ҚР Қорғаныс министрі бекіткен форма біркелкі болады және матасы да бірдей. Майдангерлердің мерекелік костюмін тігуді облыстық ардагерлер кеңесі қаржыландыратын болады.