Ауылға арналған бағдарламалар аяқсыз қала бере ме?
Елімізде ауылдық жерлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама алғаш рет 2003 жылы әзірленді. Жеті жылға есептелген бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ауылдағы тұрмыс-тіршілікке қолайлы жағдай жасау болса, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуы құрылысқа, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын жөндеуге құйылатын инвестициямен тікелей байланысты.
Ауылдық жерлердің даму қарқынын анықтайтын белгі – даму әлеуеті жоғары елді мекендер санының артуы екені түсінікті. Бағдарлама жүзеге аса бастаған 2004 жылмен салыстырғанда 2010 жылы әлеуеті жоғары елді мекен саны 1406-ға артқан көрінеді.
Әйтсе де ауылдық жерде шешімін таппай отырған мәселе көп. 100-ден астам елді мекендегі мектептер апатты жағдайда болса, 40 шақты мектепте үш-төрт ауысыммен бала оқытады, 1513 білім нысаны 40 жыл бұрын салынған, ескі. Мектеп жасына дейінгі мекемелердің жай-күйі де көңіл көншітпейді.
60-тан астам елді мекенде денсаулық сақтау нысаны жоқ, 70 пайыздан астамында денсаулық сақтау орындарының жағдайы мәз емес. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге кедергі келтіреді.
Ауылдағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мониторингінің нәтижесінде 2010 жылғы дерек бойынша елімізде 7002 ауыл тіркелсе, соның ішінде 2610-ының әлеуеті жоғары, орташа әлеуеттісі – 4258, ал әлеуеті төмен елді мекен – 102, тұрғыны жоқ ауыл 32 болып шықты.
Ауызсу мәселесі өткір күйінде қалып келеді. Мемлекеттік бағдарлама аяқталған жылы 200-дей елді мекен тасымалданатын суды пайдаланатын.
Реформа жүргізілген жылдары ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы бұрынғысынша қалды. Әлеуметтік бағдарлама күткендегідей нәтиже әкелген жоқ. Ауыл, кент, шағын және ірі қалалардағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, жұмыспен қамту, табыс деңгейі жағынан теңсіздік сақталды.
Мамандардың айтуынша, ауылдық жерлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қордаланған мәселелердің азғантай бөлігін ғана шешуге септесті. Ал оны орындауға 2004-2010 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттерден 976 млрд теңге қаржы жұмсалды.
Демек, бұл бағдарлама өзін-өзі толық ақтаған жоқ. Осы орайда Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «2004-2010 жылдары біз ауылдық жерлерді дамыту бағдарламасын жүзеге асырған болатынбыз. Бүгінде Үкімет тарапынан осындай жаңа бағдарлама тағы да әзірленіп жатыр. Не үшін, оның не жаңалығы бар? Алдымен белгіленген мақсатты аяғына дейін жеткізіңдер, нақты нәтиже бойынша есеп беріңдер», – деген еді.
Шынында да, Өңірлік даму министрлігі қыркүйек айында алдағы үш жылда ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға арналған мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен 373,2 млрд теңге бөлінетінін жеткізген. «Білім» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерлерде республикалық бюджеттен 85 білім нысаны (соның ішінде 63 мектеп, 17 балабақша мен төрт кәсіби лицей) құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 27,4 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Ал «Ақ бұлақ» және Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламалары шеңберінде 168 сумен жабдықтау нысанының құрылысы мен қайта құруына 34,4 млрд теңге жұмсалады. Сондай-ақ 14 елді мекенді газбен қамтуға 2,5 млрд теңге бөлінбек.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған «Агробизнес-2020» бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге, осы саланы көтеруге 10,0 трлн теңге жеке қаржы тартылмақшы.
Елді мекендердің жартысынан астамының тұрғыны 500-ден аспайды. Онда ауыл тұрғындарының 9,7 пайызы мекендейді.
Өңірлік даму министрлігінің мәліметінше, елімізде 6936 елді мекен бар. Онда 7,6 млн адам өмір сүреді. Бұлардың ішінде 1310 елді мекеннің даму әлеуеті жоғары, 5129-ының даму әлеуеті орташа. 116 елді мекен аудан орталығы болса, 2182 ауыл және кент округтері орталығы есебінде тіркелген.
Ауылдық жердің әлеуетін көтеру үшін ең әуелі тұрғындарды жұмыспен қамту қажеттігі айқын. Ал кеңес дәуірі ыдырағаннан кейін ірі шаруашылықтардың ыдырап, олардың орнын жеке қожалықтардың басқаны да ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне өз ықпалын тигізді. Сондықтан, мамандар көп жылдан бері айтып жүргендей, шашыраңқы шаруашылықтарды ірі өндіріске біріктіру қажеттілігі туындап отыр. Мұндай кооперативке ортақ экономикалық мүдде негіз болар еді. Бұл – техника тапшылығы және технологиялық қызмет, техниканы жөндеу, өнімді өткізу және қайта өңдеу, агрохимиялық қызмет, жанар-жағармаймен, тұқыммен қамтамасыз ету, суармалы жерлерде мелиоративтік жүйелерге қызмет көрсету, мал шаруашылығы нысандарының құрылысы т.с.с. Осындай өндірістік құрылымдардың бәрін ірі елді мекен көлемінде мемлекеттік жеке серіктестік негізінде үлкен кооперативке біріктіруге болар еді. Өндіріс саласында шаруақожалықтары мен серіктестіктеріне қызмет көрсету мүмкіндігіне ие мұндай кооператив елді мекеннің жаңа түрі – агроқалашықты құруға жағдай жасар еді. Агроқалашықтар ең маңызды ұлттық жобаға айналуы тиіс. Оған 5-10 жыл бойы несие, салық салу, жерді меншігіне алу жағынан артықшылықтар берілуі керек. Есеп-қисап көрсеткендей, бір агроқалашықтың 20-30 мың гектар егістік пен 15 мың ірі қараны күтіп-бағуға шамасы жетеді.
Сонымен қатар ауылдық жерлердің тұрақты дамуы үшін құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру негіздері құрылуы қажет. Бұл, әрине, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құзырында. Ғалымдардың осы секілді ұсыныстарын жемісті жүзеге асыру үшін ауылды дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиясын дайындап, бірыңғай ауылдық инвестициялық бюджет құру қажет. Өйткені тек бағдарлама құрумен іс бітпейтінін өмірдің өзі дәлелдеп берді.