Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық қондырғылары іске қосылып, жанар-жағармай өнімдерін шығару ісі қайта жанданды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Атырау МӨЗ» ЖШС-нің қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, зауыт кеше, 6 шілдеде жұмыс істей бастаған. Зауытта баяу кокстеу қондырғысынан басқа желілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
«Баяу кокстеу қондырғысында апатты тоқтау салдарынан бітеліп қалған жабдықты тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қондырғы шикі кокс өндіруге арналған. Мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару көлеміне әсер етпейді. Аталған қондырғыны іске қосу 9 шілдеге жоспарланып отыр», -деп хабарлады кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен.
Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытының резервуарларындағы қор есебінен әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерін жөнелту жалғасып жатыр. Мәселен, 1-6 шілде аралығында тұтынушыларға 24 мың тонна АИ-92 бензинін, 9 мың тонна АИ-95 жанармайын, 40 мың тонна дизель отынын, 3 мың тонна әуе отынын жөнелткен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқанын хабарлаған едік.
Атырау мұнай өңдеу зауыты 3 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 17:25-те жұмысын тоқтатты. Оған «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі себеп болған.
Кейін зауыт қондырғылары іске қосылып жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауыты 6 шілдеде толық іске қосылатыны айтылды.
Ал, экологтар Атырау мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.