Астық контрабандасымен күрес аясында жуырда ел аумағына алты ай мерзімге автокөлікпен бидай әкелуге тыйым салынған болатын. Десе де салалық қауымдастықтар астық жүктерінің шекарасынан өтуге тиісті қызметтер бұл бұзушылықтарға көз жұма қараған жағдайда ғана мүмкін болады деп есептейді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Еgemen.kz-ке сілтеме жасап.
Соңғы бірнеше жылда отандық астық нарығы шекаралас елдерден бидайдың контрабандалық импорты салдарынан шығынға ұшырап келеді. Мамандардың мәліметінше, «сұр импорт» көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетсе, мемлекетке келтірілген жалпы шығын жыл сайын 500 млн доллар мөлшерінде есептелген. Бұл ішкі нарықтағы бағаға әсер етуде. Мысалы, былтыр шілде айынан бастап бидайдың құны тоннасына 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін төмендеген. Бұл отандық бидайды экспортқа сатуға кедергі келтірді. Сондай-ақ фермерлерге өз өнімдерін жақсы бағамен сатуға мүмкіндік бермей, ішкі нарыққа қысым жасады.
Бидай импортының «сұр схемаларына» еліміздің шекаралас өңірлері жиі тартылып жүр. Заңсыз астықты қабылдау мен транзит Павлодар облысында, сондай-ақ Ресеймен шекаралас Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында көп тіркелді. Әкелінген бидай ҚҚС төлемей шаруа қожалықтарына және жасырын кері экспорт түрінде ресімделіп, транзиттік тариф төлеместен Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға жол тартады. Мысалы, Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті өңірдегі серіктестіктердің бірі 2021-2022 жылдар аралығында Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға 1 млрд теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна көлемінде ресейлік контрабандалық астықты экспорттағанын анықтады. Жеңілдікті экспорттық тарифті алу мақсатында компания отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, шаруа қожалықтарының отандық шығу тегін растайтыны жалған шот-фактураларын пайдаланған. Транзиттік тарифтен жалтарған компания «ҚТЖ – Қазақстан жүк тасымалы» серіктестігіне де 150 млн теңгеге жуық шығын келтірген.
Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары астықты өлке болып саналмайды. Осы аймақтарда жиналған өнім әрқашан өз қажеттіліктері, соның ішінде тұқым ретінде пайдалану үшін қалдырылады. Ал жетіспейтін көлемі елдің солтүстік аймақтарынан сатып алынады. Алайда нарық қатысушыларынан түскен ақпаратқа сәйкес, осы өңірлерде кенеттен «экспорттық әлеует» пайда болып, олар басқа өңірлерге астық жеткізу бойынша донорға айналған. Бұл фактілердің барлығы көрші елдерден астық импортының «сұр» схемаларының орын алғанын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, 3,5 млн тонна көлемінде астық пен ұн экспортын, сондай-ақ 3,6 млн тонна шегіндегі ішкі тұтынуды ескере отырып, елімізде биыл 1 қыркүйекке дейін 3,8 млн тонна көлемінде астықтың ауқымды ауыспалы қоры қалуы ықтимал. Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды егудің болжамды ауданы ‒ 16,2 млн гектар. Бұл алқап көлемі ішкі нарықты, сондай-ақ дәнді дақылдарды дәстүрлі көлемде экспорттауды қамтамасыз ету үшін жеткілікті.
Осылайша, шұғыл іс-шаралар қабылданбаған жағдайда астықтың көп мөлшерінің отандық бизнес үшін салдары болуы мүмкін. Өйткені астық алыпсатарлары мемлекет пен заңды бизнеске, оның ішінде фермерлерге орасан зиян келтіреді. Айталық, елдегі астық түсімінің нақты статистикасының бұрмалануы кесірінен бидайды өндіру мен тұтынудың теңгерімін қалыптастыру мүмкін болмайды. Ал бұл көрсеткіштер болмауы көршілердің сұранысының артуы кезінде Үкіметтің қобалжып, экспортқа тыйым салулар мен шектеулер енгізуіне итермелейді. Ал бұл көпжылдық сауда қатынастарының бұзылуына және нарық қатысушыларының пайда тапшылығына әкеледі. Сонымен қатар бюджетке де міндетті салық аударымдарының түспеуі, темір жолдарымен транзиттік мөлшерлемелерден кірістілік толық алынбауы, осындай бидайдан ұн тартатын адал сатып алушыларға ҚҚС-ны қосымша есептеу сияқты ілеспе мәселелер де туындайды. Соңында арзан контрабандалық астық біздің Орталық Азия мен Ауғанстандағы сатып алушыларымыз үшін маркет-мейкерге айналады. Мысалы, «Сарыағаш» стансасындағы «сұр» бидай заңды бидайға қарағанда, 5-10%-ға арзан ұсынылады, сөйтіп, сатып алушы қазақстандық астықпен жұмыс істейтін трейдерлерден де жеңілдіктер талап ете бастайды. Олар осы шарттарға баруға мәжбүр, әйтпесе, сауда-саттық тоқтап қалады. Тек импортқа ҚҚС бойынша астықтың көлеңкелі айналымына төленбеген салық сомасы жыл сайын 27 миллиард теңгеден (57 миллион доллар) астам болуы мүмкін. Транзиттік тарифті төлемеуден 1,7 млн тонна астықты заңсыз әкелу мен транзитінен «ҚТЖ» шығыны жыл сайын 40,2 млрд теңгеге (85 млн доллар) есептеледі. Қазақстан астықтың әр тоннасынан 50 доллар жоғалтады.
Осы ретте салалық қауымдастықтар Ресей – Қазақстан шекарасы арқылы өтетін «сұр» астық ағынының жолын кесу жөнінде өз ұсыныстарын дайындады. Әрине, мұнда басты мәселе ‒ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Астық өңдеушілер одағы мен Астық одағы біздің елге Ресей бидайын және басқа да азық-түлік тауарларын әкелуді бақылау бойынша бірнеше жауапты органдардың қатысуымен ведомствоаралық штаб құруды ұсынады. Астықты бақылаудың арнайы цифрлық жүйесі де ашықтыққа көмектеседі. Контрабандашылар шекарадан өту үшін қандай айла-тәсілдерге баратынын да бақылау қажет. Мысалы, бұл жүк көлігінің немесе вагонның нормативтік сыйымдылығы 50-100%-дан асатын автомобиль және теміржол көлігінің шамадан тыс жүктемесі. «Сұр импорттың» түсімін азайту үшін бидай импортын, ең алдымен ҚҚС төлемей автомобиль көлігімен әкелуді шектеуді күшейту қажет. Тұтастай алғанда, қолға алынған іс-шаралардың бәрі ықпалды болуы, астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға әсер етуге тиіс.