Астанадағы Жеңіс даңғылы енді қазылмайды
Көше бойы самаладай жарқыраған әдемі шамдар, тақтайдай даңғыл асфальт жолдың жиегінде тас кесектерден (брусчатка) төселген жаяу жүргіншілер сүрлеуі, оның жиегінде көк-жасыл көгал. Көше қиылыстарында жаңадан орнатылған бағдаршамдар мен заманауи құралдармен айшықталған жол белгілері. Міне, осы игіліктердің бәрі Астана қаласының ескі бөлігіндегі ең үлкен көшелердің бірі – Жеңіс даңғылында да көз сүйіндірмек.
Рас, елорданың Жеңiс даңғылын бұрын көрмеген жұрт: «Мұның несі қызық, Астана көшелерінің бәрі солай болуы тиіс қой», – деп таңдануы мүмкін. Бірақ, өкінішке қарай, елорда Астана болғалы осы Жеңіс даңғылының бағы ашылған емес. Мұны қала тұрғындары ғана емес, Астанаға жиі келіп тұратын қонақтар да әбден біліп алғаны анық.
Жеңіс даңғылы емес, «Геологтер көшесі»
Асфальтын жаңартып төсеп тұрғанымен, оның игілігі ұзаққа бармайды. Осы көшенің астында құдды бір Кубрин көпестің баға жетпес қазынасы тығылып, сол табылмай жүргендей-ақ, жыл сайын әр жерден бір қопарыла қазылып жатқаны. Сол себепті де Жеңіс даңғылы жұрт аузында «Геологтер көшесі» атанып кеткен. Ол турасында елорда газеттерінде талай сықақтар мен сыни мақалалар да жазылды. Бірақ одан қайран болған емес, Астана астана болғаннан бері Жеңіс даңғылының қазылмай қалған жылы жоқ. Елорданың ескі бөлігіндегі көлік қатынасында күретамыр іспетті қызмет атқаратын екі көше болса, соның бірі осы – Жеңіс даңғылы. Әр қазған сайын көшенің сол бөлігі ұзақ мерзімге жабылып, жол-көлік қатынасы шектелетіндігін ескерсек, оның қала тұрғындарына қаншалық жайсыздықтар тудыратынын шамалай беруге болар. Ал бұл көшенің жыл сайын қазылуының ең басты себебі – оның астында жатқан сумен, жылумен қамтамасыз ететін құбырлар мен кәріздердің әбден тозуы. Сонау кеңес заманында төселіп, пайдалану мерзімінен 15-20 жыл, тіпті 30-40 жыл асып кеткен инженерлік желілердің жылда бір жерінен апаттық ақау шығып жатуы да, бір жағынан, заңдылық. Алайда соны біле тұра, қала бюджетінің көше бойындағы бүкіл инженерлік-коммуникациялық желілерді түгел жаңартуға шамасы да жеткен емес. Сондықтан «геологиялық қазба» жұмыстары жол астындағы құбырлардың жарамсыз болып қалған тұстарын ғана ауыстырумен шектеліп келді. Сол Жеңіс даңғылы биыл тағы жаз шыға қазыла бастаған еді. Осының бәрін тәптіштеп айтып жатуымыздың себебі не дейсіз ғой? Оның да себебі бар. Жеңіс даңғылын қазу осы биылғы жұмыстармен түбегейлі бітіп, тұрғындар жыл сайын тап болатын жайсыздықтарды енді кемінде 15-20 жылға дейін ұмытпақ, Құдай қаласа.
Өткен ғасырдың 40-жылдары салынған
Әлқисса, соры ашылмаған Жеңіс даңғылы биылғы жаз шыға тағы қазыла бастағанын жоғарыда айттық. Бірақ бұл жолы қала әкімдігі осы көшенің проблемасын біржола, түбегейлі шешуді ойластырғаны көшені қазу жұмыстары басталған сәттен-ақ байқалды. Алдымен Ақжайық көшесінен Әлия Молдағұлова көшесімен қиылысқа дейінгі бөлікті толық жауып, қопара қазған мердігер компаниялар жол астындағы барлық инженерлік-коммуникациялық желілерді – су құбырларын, кәріздер мен өзге де коммуникациялық желілердің бәрін түгелдей жаңартып шықты. Осылай үш ай бұрын басталған жұмыс, Жеңіс даңғылын көлденең қиятын Мәскеу – Бөгенбай батыр – Ә.Жангелдин – С.Сейфуллин – Абай даңғылы аралықтарында көлік қозғалысын кезең-кезеңімен тоқтатып, жөндеу-жаңарту жұмыстарын толыққанды атқара отырып, Абай даңғылы мен Кенесары көшесі аралығындағы бөлікке де келіп жетті. Бұл жұмыстар екі ауыз сөзге сыйғанымен, іс жүзінде күні-түні тоқтаусыз қимыл мен қауырт еңбекті, сондай-ақ асқан ыждақаттылықты қажет еткеніне өзіміз де куәміз. Ойлай беріңіз, Жеңіс даңғылының астында жатқан инженерлік-коммуникациялық желілердің кейбір материалдары өткен ғасырдың 70- жылдарына тән болса, кәріздік құбырлардың кейбір тұстары әуелі одан да әрі, 40-жылдары ағаштан салынған екен. Осыдан кейін бұл құбырлар жарылмай қайтсін?! Соңғы үш жылдың өзінде ғана Жеңіс даңғылының астында жатқан желілерде 35 рет техникалық апат болыпты. Ал мұндай жағдайдың әрқайсысы да жолдың асфальт-бетон қыртысын бұзып, қазуды қажет ететіндіктен, бюджетке миллион теңгелеп шығындар әкеліп отырды. Енді инженерлік желілердің бәрі жол бойындағы көгалды жиектің астына шығарылғандықтан, ақау бола қалған күннің өзінде тұтастай жолды қопарудың қажеті болмайды.
Күрделі жұмыс келісіп-пішілген кешенді жоспармен атқарылады
Қандай нәрсе болсын ұзақ қызмет етуі үшін мықты сапа керек. Ал әңгіме жол құрылысы мен оның астында жататын инженерлік-коммуникациялық желілерге қатысты болса, онда материалдардың өте берік, ұзақ мерзімге жарайтын жоғары сапалы болуымен қатар, жұмыс та өте ыждақатты жоспармен ұйымдастырылуы қажет. Сондықтан күні-түні істеген мердігерлер сапаны да мейлінше қамтамасыз еттік деп отыр. Оны уақыт көрсетер. Дегенмен олар осы жұмыстарында ескі-құсқыны пайдалану мерзіміне 50 жылдық кепілдік берілген жоғары сапалы материалдармен алмастырып шықты. Ал бұл жұмыстарға 300-ге тарта заманауи құрылыс техникалары мен 2500-ге жуық түрлі мамандықтағы жұмыскерлер тартылды. Ал жұмыс барысы инжинирингтік қызмет өкілдері мен түрлі сараптамалық зертханалардың бақылауында болды. Соның арқасында жөндеу-жаңарту жұмыстарының дені үш ай мерзімде аяқталды деуге болады. Қазір негізгі жұмыстар Жеңіс даңғылының Кенесары мен Абай көшелері аралығында жүріп жатса, көшенің өне бойындағы үйлерге жылу, су, кәріз және басқа да жаңа желілерді қосу, асфальттың тағы екі қабат қыртысын төсеу, абаттандыру секілді жұмыстар қалды. Бұл жұмыстарды жылыту маусымына дейін бітіру жоспарланып отыр. Асфальтқа қатысты сөз қозғалғанда, былтырдан бастап Астанада үш қыртысты күрделі жабын қолданыла бастағанын да айту керек. Жолдың ең астыңғы қабатында құм және қиыршық тас үстінен бетон құйылып, оның үстіне ірі түйіршікті асфальт, оның бетіне қиыршықтасты-маститті асфальт-бетон төселетін болады. Бұл әдіс жол сапасын екі-үш есе арттыруға мүмкіндік береді.
Жаңарған дүние – инвестициялық тартымдылық
Жеңіс даңғылының бойында тұрғын үй қоры айтарлықтай ескі екені белгілі. Алайда оларды жаңғыртып, жаңа құрылыстар салуға жеке инвесторлар құлықты болған емес. Оған басты себеп – инженерлік-коммуникациялардың әбден ескіруі, соның салдарынан жиі болатын апаттық жағдайлар. Ендігі жерде осы проблеманың бәрі түбегейлі шешіліп қана қоймай, 15-20 жыл бойына қайта жөндеу жұмыстары мазаны алмайтын болады. Демек, тұтастай көшенің де жаңа құрылыстар үшін инвестициялық тартымдылығы артатыны анық.
Айтқандай, Астанада биыл Жеңіс даңғылымен қатар, А. Иманов көшесі де толық күрделі жөндеуге жабылған (Жеңіс даңғылындағыдай кезең-кезеңмен) болатын. Мұнда да жол астындағы барлық инженерлік желілер түгелдей жаңартылуда. Жолдың ені кеңейтіліп, жол бойындағы көлік тұрақтары да ескерілуде. Бұл көшені толығымен абаттандыру жұмыстары 2012 жылы аяқталмақ.
Жалпы, Астанада жол-құрылысы жұмыстарының маусымы басталғаннан бері 23,7 шақырым жол салынып, 10 шақырым жол жабыны жөнделсе, 18,5 шақырым жол қайта жаңғыртылыпты.