Арнайы экономикалық аймақтар аяқтанып келеді

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ел экономикасын әртараптандыруға тікелей ықпал етуі тиіс арнайы эко­номикалық аймақтар бізде 2000 жылдан кейін пайда бола бастады. Одан бері біршама уақыт өтті. Алайда бұл ретте күтілген нәтижеге толықтай қол жеткізе ал­май отырмыз. Оған басты себеп – инфрақұрылымдық мәселелердің шешілмеуі, осы аймақтарды дамытушы ірі жо­балардың аздығы. Әрине, мұндай тежеліске бірінің ізін бірі басқан әлемдік қаржылық дағдарыс толқындарының да өзіндік ықпалы бар. Бі­рақ осын­дай кедергілерге қара­мас­тан, ел Үкіметі бұл ба­ғыт­та­ғы жұмысты күшейте түс­пек­ші...

Үкімет арнайы эконо­ми­калық аймақтарды дамыту жұмыстарын жалғастырады
2011 жылдың 1 шілдесінде Елбасы ҚР-дағы «Арнайы экономикалық ай­мақ­­тар ту­ралы» Заңға қол қойды. Он­да осы ай­мақ­тардың қызметі мен бас­қару тиім­ділігін арттыруға ба­рын­ша ба­­сым­дық берілген. Соған сәйкес, атал­ған ай­мақ­тарға ірі кә­сіби бас­қа­ру­шы компа­ниялар тарту көз­дел­ген. Сондай-ақ құ­қықтық құжатта қосым­ша салықтық жеңілдіктер белгі­лен­ген. Заң­дағы осын­дай айрықша пункттер арнайы эко­но­микалық аймақтардың өзі­не жүктелген мін­деттерін таяу бола­шақ­та қалт­қысыз атқаруына мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Таяуда Үкіметтің ресми сай­тында: «2012 жылы Үкімет арнайы эко­­но­­ми­калық аймақтарды дамыту бо­­йын­ша бел­сенді жұмыстарды ары қа­рай жал­ғас­­ты­ратын болады. Бұл Қа­зақстан эко­­но­ми­касына қосымша ин­вестиция­лар тартуға мүмкіндік бе­ріп, аталған ай­мақ­тардағы өндірістерді жо­ғары та­быспен қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­реді», – делінді.
Бұл арада оқырмандарымызға түсі­нік­ті бо­лу үшін, бұл аймақтардың функ­ция­сына, ха­лықаралық тәжірибе­дегі ар­тық­шы­лығына да тоқтала кете­лік.
Жалпы, арнайы экономикалық ай­мақ дегеніміз – капиталды инвести­ция­­лау және экономиканы дамыту үшін жағ­дай ту­ғы­затын шетел және отан­дық кә­сіпкерлерге ерекше эко­но­ми­калық же­ңіл­діктер беретін ұлттық-мемлекеттік шектелген аумақ бөлігі болып табылады. Олар ішкі сауда, жал­пыэкономикалық, әлеуметтік жә­не ғылыми-тех­никалық мәселелерді ше­шу үшін құрылады.
Оффшорлық қызмет түсінігіне ең жа­қын мазмұндағы сәйкестік отандық тә­жі­рибеде арнайы экономикалық аймақтар арқылы қарастырылады.
Міне, ғаламдық экономикада осын­­дай тарихи мәні бар мұнай ай­мақ­тары елімізде 2002 жылдан бастап пай­да болды. Нақ­ты­сында, оның негізі 90-жылдары қаланған-тұғын. Ол сол кездегі «Еркін экономикалық ай­­мақ туралы» Заң­ның қабылдануы­мен ты­ғыз байланысты еді. Онда ұсы­нылған бір­қатар жеңіл­дік­тер, кедендік артық­шы­лықтар негізінде 1991 және 1996 жылдары аралығында елімізде осындай тоғыз аймақ құрылды. Елбасының Жарлығымен құрыл­ған бұл аймақтардың ішінде ішкі мәселе мен сыртқы ықпалға төтеп бере ал­ғаны бі­реу ғана еді. Ол – 1993 жылы негізі қа­лан­ған «Лисаковская». Бұл аймақ режимі қала­дағы «Лисаковкая ТКК» АҚ және «Қы­зыл Октябрь бок­сит­ті басқару» АҚ секілді негізгі деген екі кәсіпорынның жұмысын тұрақ­тандыруға ықпал етіп, ондаған жеңіл және тамақ өнеркәсібін құруға мүм­кіндік берді. Бірақ 1996 жылы мұның бәрі жойылды...
Алғатбек Қыдырбекұлы, халықаралық экономика сарапшысы:
– Алғашында экономикалық аймақ­тар қажетті сараптама мен ғылыми негізсіз құрыла салды. Яғни көлемді территорияны басқару берілгенімен, оның қызмет тетіктері мен жауап­кер­ші­лікті алушы орталықтар болмады. Сон­дықтан олар көбіне тиімсіздік танытты. Осының бәрі 1996 жылы олардың ара­сында нәтижелі жұмыс істегені барына қарамастан, ыдырауға әкеп соқты. Яғни мемлекет бәрін басынан бастауды жөн деп тапты. Елбасының Жарлығы негізінде 1996 жылы «Арнайы эко­но­ми­калық аймақтар туралы» Заң қабыл­данды. Онда әрбір аймақтың ай­на­лысатын қызметі мен тиісті жеңілдіктері нақты көрсетілді. Сөйтіп, 2002 жылы жаңа буынның алғашқы аймағы пайда болды.
Содан бері бүгіндері қалыпты ағымға түсе алған алты арнайы экономикалық ай­мағымыз бар: «Астана – жаңа қала», «Ақ­тау теңіз порты», «Инновациялық тех­но­ло­гия­лар паркі», «Оңтүстік», «Ұлттық индуст­рия­лық мұнай-химия техникалық паркі», «Бурабай» және Астана мен Қарағанды қалаларындағы екі индустриялық аймақ. Сол секілді былтыр жыл соңында осындай үш салалық аймақ құрылды: Қарағанды об­лысында металлургия мен металды өңдеуді дамыту үшін «Сарыарқа», Алматы облысында еліміздің көліктік-логистикалық потенциалын арттыру үшін «Қорғас – Шығыс қақпа», Павлодар облысында хи­мия және мұнай химиясы өндірісін жан­дан­дыру үшін «Павлодар» арнайы эко­номикалық аймақтары.
Басты тежеуші фактор – инфрақұрылым мен инвестиция мәселесі
Жалпы, мамандардың бажай­лауын­ша,  осылардың ішіндегі әлеуетті болуға мүм­кіндігі бары – «Ақтау теңіз порты» мен «Астана – жаңа қала». Сондықтан осы аталған екі аймақтың қызметін таратып айтып көрелік.
«Астана – жаңа қала» 2002 жылы Есіл өзе­нінің сол жағалауындағы қала құ­ры­лыстарын жеделдету мақсатында құрылды. Сол кезеңнен бастап бұл аймаққа 6 млрд доллар инвестиция тартылды. Оның 40 пайызы – бюджет қаражаттары, қалғаны –жекелеген инвестициялар. Осы жағынан алғанда, аталған аймақ жұмысы жемісті болып табылады. Мәліметтерге сүйенсек, сол инвестициялар негізінде 118 нысан (тұрғын үй кешендерімен қатар, әкімшілік және өндірістік мақсаттағы ғимараттар) пай­далануға беріліп, 100-ден астам ны­санда әлі де құрылыс жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Құрылыс жұмысымен 85 бас мер­дігерлік, 600-ден астам қосалқы мер­ді­гер­лік ұйым айналысуда. Оның ішінде Түркия, Германия, Ресей, Қытай, АҚШ, Испания, Словакия және Корей компаниялары да бар.
Мемлекеттік бюджет есебінен ин­же­нер­лік жұмыстар (электр желілері, су­құ­быр­лары, кәріз құбырлары, жылумен қам­ту және т.б.) жүргізілуде. Яғни осы жа­ғынан арнайы экономикалық айма­ғы­ның дамуында мемлекеттің де рөлі зор.
Ақтаудағы арнайы экономикалық ай­мақ­қа төрт қала енеді. Онда мұнай-газ секторына жататын үш зауыт жұмыс істейді. «Аймақ теңіз порты» төрт қосалқы аймаққа бөлінген: Aktau Industries индустриалдық қаласы, Каспий қайраңы ин­фра­құ­ры­лым­да­рын меңгеру бойынша орталық, Aktau Free Trade шекаралық сауда орталығы және мультимодельді көліктік-логистикалық орталық.
Мұндағы басымдық берілген қыз­мет­тер­ге химия мен металлургия саласы да жата­ды. Бүгіндері сомасы 100 млн доллар­ға бағаланып отырған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «АЗСТ» ЖШС шыны талшығы негізіндегі құбырларды өн­діретін зауытты (жылдық қуаты – 400 мың метр) салды. «Арселор Миттал Ақтау» ЖШС мұнай айдауға қажетті құбырларды өн­діретін зауыт (жылдық қуаты 60 мың тон­на) құрылысын аяқтады. Keppel Kazakhstan ЖШС (Keppel Offshore and Marine сингапурлық компанияның ен­ші­лес кәсіпорны) теңізге арналған металл конструкцияларын дайындайтын зауытты салып жатыр. Ал DANAKE корпорациясы мұнда төрт зауыт салуды жоспарлап отыр: электр кабель өнімдері, электродтар, электр сымдары, гальвандық жабындысы бар сымдар өндірісіне арналған. «ЦНТ» ЖШС көліктік-логистикалық орталық құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тағы да ондаған жоба аймақтың кеңес сарап­шы­ла­рының мақұлдауына берілген.
Әрине, мұндай ауқымды жобаларды жү­зеге асыруда кедергілерсіз тағы бол­майды. Олардың ішіндегі ең өзектісі – кәсі­би білікті мамандардың аздығы, аймақ территориясындағы инфра­құры­лым­дар­дың жетілдірілмеуі.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Арнайы экономикалық аймақ­тар­ды құру көбіне өз-өзін ақтайды. Өйткені үлкен көлемде жеңілдіктер ұсынылады. Меніңше, бизнес сол жеңілдіктердің толықтай берілетіндігіне көздері жетпей жатыр. Сондықтан да бұл бағытқа кә­сіп­керлер аяқтарын байқап басуда. Сол секілді алдында мемлекет өз мойнына алған жауапкершілікті аяғына дейін атқармады. Бұл да сенімсіздік ұялатары анық. Жалпы, барлық арнайы эко­но­ми­калық аймаққа өзекті мәселе – қа­жетті инфрақұрылымдармен қам­тыл­мауы. Түрлі деңгейдегі жиындарда осы ин­фрақұрылым мәселесін шешіп беру керек, одан кейін олардан қандай да бір нәтиже талап ету қажет деген мәселе көтеріліп жүр.
Қалай дегенмен де, осы бағыттағы заң қайтадан тағы бір қаралып шықты. Онда аталған мәселелерге айрықша мән беріліп отыр. Осы жағынан алғанда, бұл аймақ­тар­дың болашағы зор деп білемін. Әрине, ауқымы кең, ұзақ мерзімді жобалар болған соң бір күнде олардан нәтиже сұрау асы­ғыс­тық болады. Сондықтан бәрі де өз уа­қы­тында реттеліп, еліміздің арнайы эко­но­ми­калық аймақтарының болашағы жар­қын болады деп сенемін.

Әлемдік тәжірибе
Нарықтық экономиканың қалыптасуы мен дамуы экономикада оффшорлық орталықтардың пайда болуына әкелді. Соңғы 10 жылдықта аталмыш орталықтардың қаржылық активтері айтарлықтай өсіп, экономикасы дамыған елдерде ғаламдық биз­неске айнала бастады.  1970 жылдары оффшорлық аумақтарға шетелдік капи­тал салымдары 6,7 млрд долларды құраса,  1983 жылы олар  50 млрд долларға жә­­не осы жағдайда АҚШ капитал салымдарының жалпы көлемі бүкіл әлемде 227 млрд долларға жетті. Айта кету керек, бұл жерде  1970 жылы АҚШ-тың типтік транс­ұлттық компаниясы елден тыс жалпы пайданың 10-20 пайызы көлемінде табыс тап­ты, ал бұл көрсеткіш 1995 жылы шетелдік филиалдар есебінен 50 пайызға дейін артты.
Шетел тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өндірісті әртараптандыру, жұмыспен қамту, экономикалық, ғылыми-техникалық даму мақсаттарындағы АҚШ-тың – «Силикон-Веллс», Ирландияның – «Шеннон», Бразилияның – «Манаус», ҚХР-дың шет аумақтарындағы және РФ-ның «Липецк» арнайы экономикалық аймақтары дамуы жағынан артта қалған өңірлерде құрылған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста