Әрбір төртінші адам өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді: жойылуы мүмкін мамандықтартар
Елімізде алдағы 15-20 жылда 250-ге жуық жаңа мамандық пайда болады. Осыған сай, кейбір мамандықтарға сұраныс азаймақ. Биыл түлектердің басым бөлігі қандай мамандық таңдады және елімізде сұранысы жоғары, жас маман үшін жұмысқа тұру оңайға түсетін салалар қандай екенін Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, банк қызметкерлері, есепші және сызбашы сияқты мамандықтар алдағы уақытта жойылып кетуі мүмкін. Салдарынан өңдеу өнеркәсібі мен сақтандыру саласының мамандарына да сұрыныс азаймақ. Өйткені автоматтандыру нәтижесінде мамандықтың 14%-ы жойылып, 32%-ы өзгеріске ұшырайды. Нәтижесінде пилотсыз ұшу аппаратының диспетчері, сандық жобалаушы, «Ақылды үй» жобалаушысы, туристік маршруттардың навигаторын әзірлеуші, блокчейн-технолог сияқты жаңа мамандық пайда болады.
Білім және ғылым министрлігің мәліметінше, қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ нәтижелері бойынша бейінді пәндердің ең танымал комбинациясы «Математика-Физика» және «Биология-Химия» бағытына тиесілі. «Математика-Физиканы» тестіленушілердің 30%-ы және «Биология-Химияны» 20%-ы таңдайды. Ең аз таңдау «Химия-Физика» комбинациясында. Яғни, 1%-ға да жетпейді. «Математика-Физика» бейінді пәндерін таңдағандар негізінен инженерлік, IT мамандықтарға, ал «Биология-химияны» таңдағандар медициналық және педагогикалық мамандықтарға түседі. Бұл бағыттарда бірнеше жылдан бері ең үлкен конкурс болып келе жатқанын да айта кеткен жөн. Ал ең аз таңдалатын «Химия-Физика» бағыты бойынша «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасына түсуге болады.
КҮЗЕТШІ БОЛУ ҮШІН ДЕ СЕРТИФИКАТ КЕРЕК
Стратегия және анализ басқармасының басшысы, Ұлпан Шегенованың айтуынша, электрондық еңбек биржасының мәліметі бойынша мамыр айында күзетші, автокөлік жүргізушілері, медбикелер, бала күтушілер мен аспаздар және есепшілер әдеттегідей жоғары сұранысқа ие.
«Бізде бұл мамандықтар біліксіз мамандықтар тобына жатпайды. Күзетші болу үшін де сертификат керек. Қазір ауыл шаруашылығы саласында малшы мен егінші және сатушы жетіспейді. Мамыр айының көрсеткіші бойынша 1300 медбикенің ваканциясы бос тұр. Бұған қоса, 2000 денсаулық сақтау мекемесінде жұмыс істейтін санитар және т.б маман тапшы болып отыр. Сол сияқты еліміздегі балабақшада бала күтушісі жетіспейді. Олардың саны 2000-ға жуық. Мен атаған мамандықтардың айлығы 100 мың теңге шамасында», - дейді ол.
Жылда ақпараттық түсіндіру жұмысының қарқынды жүргізілуіне қарамастан заңгер мен экономист мамандығын бітіретіндер саны артып отыр. Соған сәйкес олардың жұмысқа орналасуы жыл сайын қиындай береді.
«Электрондық еңбек биржасында заңгер мен экономист ретінде жұмысқа орналасқысы келетіндер саны басқа мамандықтармен салыстырғанда жоғары. Бірақ қазір біздің IT мамандар мен инженерлерге сұраныстың өте жоғары екені ескерілмейді. Әлемдік трендке байланысты Қазақстанда да техникалық мамандақтарға сұраныс жоғары. Еңбек нарығында бұл мамандықтардың жалақысы басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Алдағы уақытта да сұраныс артпаса, кемімейді. Сондықтан 1-2 жылда оқуға тапсыратын түлектерге осы бағытты таңдауға кеңес береміз», - дейді Ұ. Шегенова.
ӘРБІР ТӨРТІНШІ АДАМ ӨЗІ ОҚЫҒАН МАМАНДЫҚТА ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ
Оның сөзінше, жұмысқа орналасу бойынша түйіндеме өткізгендердің 3/1 бөлігі 29 жасқа дейінгі жастар. Жалпы Қазақстанда диплом алған мамандардың 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.
«Біздің зерттеуміз бойынша Қазақстанда әрбір төртінші адам өзі оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Жастар дәрігер, мұғалім сияқты мамандықты таңдайды. Ауыл шаруашылығы жалпы алғанда жалақы мөлшерлемесі төмен салалар қатарына жатады. Десе де онда жоғары айлық алатындар да жоқ емес. Көбіне айлық мөлшерлемесі жұмыс өтіліне байланысты», - дейді сарапшы.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыс беруші кәсіпорындар арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде алдағы 2 жылда 9,5 мың компания кадр тапшылығы болатынын хабарласа, 112 кәсіпорын штатты оңтайландыруды жоспарлайтынын мәлімдеген.
Белгілі болғандай, 2022-2024 жылдары өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру және сауда секілді секторларда маман тапшылығы сезіледі. Сонымен қатар, сирек кездесетін сумен жабдықтау, жылжымайтын мүлік саласында қысқарту болмайтыны анықталған. Сауалнама көрсеткендей, еңбек нарығында біліктілігі орташа және төмен мамандықтар сұранысқа ие болып отыр. Олардың қатарында аспаз, тігінші, сатушы, қосалқы жұмысшылар, тракторшылар, слесарь-жөндеушілер бар.
ҚАЗІР ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР ӘМБЕБАП ҚЫЗМЕТКЕР ІЗДЕЙДІ
Әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы сарапшы, Эльдар Мұқашевтың сөзінше, еңбек нарығына жаңа компаниялар мен жаңа кәсіпорындардың келуі бәсекелестікті арттырады.
«Соңғы 10 жылда Қазақстанда IT, өндірісті автоматтандыру, мұнай өндіру және мұнай сервисі сияқты түрлі салаларда мамандардың айтарлықтай жетіспеушілігі сезіледі. Қазір Қазақстанға негізінен IT-мамандар келіп жатыр. Алайда олардың көпшілігі Қазақстанға түпкілікті қоныс аударады деген сөз емес», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қазір жұмыс берушілер әмбебап қызметкер іздейді.
Белгілі болғандай, бос жұмыс орындары жарияланатын Enbek.kz және Headhunter.kz платформаларында 85 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Онда бухгалтер мен әкімшілік қызметкерлерге сұраныс өте жоғары. Бұған қоса, ірі қалаларда құрылыс мамандарының тапшылығы байқалады. Ең көп сұранысқа ие мамандықтың үштігіне сатушы, есепші және тұтынушыларға қызмет көрсету менеджері кіреді.
Бұған қоса, соңғы жылдарда халық санының өсуіне байланысты әлеуметтік инфрақұрылымға – білім беру, медициналық мекемелерге, тұрғын үй саласына жүктеме артады. Бұл өз кезегінде осы саладағы мамандар тапшылығына алып келеді.
«ЭКОНОМИСТІҢ ОҚУЫН ОҚЫСАҢ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙСЫҢ, КЕЙІН ЖАҚСЫ АҚША ТАБАСЫҢ...»
BTS Education зерттеу бөлімінің басшысы, Бауыржан Әбуовтың сөзінше, еңбек нарығында ЖОО-да кей мамандықта оқитын студент саны көп болса, керісінше кейбір мамандыққа түсетіндер саусақпен санарлық қана.
«Оның себебі 1991 жылдан бастап нарықтық экономика көшкен кезде барлық оқу орны оңтайланудан өтіп, жаңадан жасақталған уақытта небәрі 61 ЖОО болды. Ал 2001 жылы тіркелген оқу орындарының саны – 182. Университет саны 3 есе көбейгенімен профессор саны мен оқытушылар саны артқан жоқ. Ал өткен ғасырдың кеңес заманында жыл сайын еңбек нарығында қай салаға қанша маман жетіспейтіні ашық жарияланатын», - дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарының басында елде заңгер мен экономист, қаржыгерлер көп ақша тапты. Осының салдарынан ата-аналар жаппай балаларын аталған мамандыққа оқыта бастады.
«Экономистің оқуын оқысаң жұмыссыз қалмайсың, кейін жақсы ақша табасың» деп балаларын саналы түрде аталған мамандықтарға оқыта бастады. Бұл сол кезде қалыптасқан стереотипке айналды. Бұл тұжырымның қате екенін қазір уақыт көрсетіп отыр. Өйткені университетті бітірген заңгер, экономист, қаржыгерлер бірден жұмыс таба алады деген сөз шындыққа жанаспайды. Бірақ бір қызығы аталған мамандықтарды бітіргендер санының көп болуына қарамастан дәл қазір еңбек нарығында білікті, қабілетті заңгер, қаржыгер, экономист табу өте қиын. Менің бұл сөзімді жұмыс берушілер жоққа шығармайды», - дейді BTS Education зерттеу бөлімінің басшысы.
ҚАЗАҚСТАНДА ӘРБІР ҮШІНШІ АДАМНЫҢ ДИПЛОМЫ БАР
Еңбек нарығындағы қордаланған мәселенің бірі – жас түлектің мамандық таңдаудағы қателігі мен өз мамандығының қандай болатынынан бейхабар болуы.
«Мектептің жоғары сыныбында оқитын түлек кейін өзі таңдаған мамандықтың қандай екенін, жүктемесі қалай болатынын білмейді. Қандай да бір салаға түспес бұрын мамандық туралы мәлімет білу маңызды қадам дер едім. Сол себепті, педагогика саласында жыл сайын 5 мың маман тапшы болып отыр. Бірақ мемлекет бұл салаға жыл сайын 30 мың грант бөледі. Яғни, статистика педагогтың дипломын алғанымен, маманның бұл салада жұмысқа тұруға асықпайтынын көрсетіп отыр. Бұл нені көрсетеді, ЖОО-ның дипломы «ойыншыққа» айналды. Жасырын емес, қазір бәрінің жоғары оқу орнын бітірді деген дипломы бар», - дейді Б.Әбуов.
Оның сөзінше, десе де, әлем елдері бойынша Қазақстандағы ЖОО бітірген мамандардың үлесі салыстырмалы түрде төмен. Бізде әрбір үшінші адамның дипломы бар. Негізгі проблема – жұрт мамандықтың маңыздылығына мән бермейді, ең бастысы дипломның болуы басты рөл атқарады деп есептейді.
«Бастысы диплом алып алайық, жұмысты кейін бірдеңе қыламыз» деген түсінік бар. Ол диплом кейін сандықтың түбінде жатуы мүмкін. Қазіргі еңбек нарығындағы басты проблеманың бірі – оқуын аяқтап жұмыс істеп жүргендердің көбі ақ көйлек, қара костюм киіп, офисте жұмыс істегенді жөн көреді. Ал қолына күрек алып, жөндеу және орнату, құрау сияқты нақты күшпен іс-қимылды қажет ететін мамандықтарға сұраныс өте жоғары. Әсіресе өндіріс орындары мен зауыттарда маман жетіспейді. Оларға жұмыс беруші жақсы жалақы мен әлеуметік қолдау көрсетуге дайын», - дейді сарапшы.
«САНТЕХНИК ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ҚАРАҒАНДА ЖАҚСЫ ҚАРАЖАТ ТАБАДЫ...»
Оның айтуынша, зауытта жұмыс істеу үшін 4-5 жыл оқудың қажеті жоқ, ары кетсе 1-2 ай үйреніп, бірден жұмысқа орналасып кетуге болады.
«Бірақ адамдар аталған салаларда жұмыс істегісі келмейді. Еңбек нарығына енді қосылатын жастарға зауыт пен фабрикадағы жұмыстан қашпаңыздар дер едім. Оның мүмкіндігі өте жоғары. Қазір қарапайым сантехник әкімдік қызметкеріне қарағанда жақсы қаражат табады», - дейді Б.Әбуов.
Оның айтуынша, біздің қоғамда жасыратыны жоқ, таныс-тамыр арқылы жұмысқа кіру үдерісі әлі бар. Бұл шын мәнінде білімді, бәсекеге қабілетті жастардың сағын сындырып отыр.
«Олар тасада қалуға мәжбүр. Қазір бәріміз білеміз, тіл білетін жастар өз болашағын шетелмен байланыстырады. Сондықтан жұмыс беруші алдымен үміткердің қабілетін, ресурсын бағалауы керек деп есептеймін», - дейді ол.