Қазақтан «Мың ділдә: бардың қалтасында, жоқтың аузында» деген аталы сөз қалыпты. Жоқтың мыңы не қиялында, не аузында, не түсінде жүретіні мәлім. Ал мыңы барлар кімдер? Қалай тауып жүр? Аталмыш сұрақтардың кімнің де болса көкейіне оралары анық.
Америкалық Forbes журналы әлем миллиардерлерінің былтырғы рейтингісі бойынша әлемдегі ең бай адам – 74 жастағы мексикалық кәсіпкер Карлос Слим деп тапты. Рейтинг жасаушылар кәсіпкердің байлығын 74 миллиард долларға бағалаған. Ол телекоммуникация саласындағы негізгі компанияның жетекшісі. Яғни, бұл жетістіктің бастауы - нөлден көтерілген кәсіп. Айналамызға қарасақ, аты шығып, байып жатқанның бәрі белгілі бір кәсіптің иесі. Бұрындары байлық атадан балаға қалатын болса, қазір әрбір еңбекке қабілетті адам кәсіппен айналысып, өз биігіне өзі жетуде. Абай заманында «Ақылды адамға иман парыз» еді, бүгінде «Ақылды адамға кәсіп парыз» болды. Заманның ағысы дейміз бе, қоғамның талабы дейміз бе, «жақсы» өмір сүрудің шешімі дейміз бе, әйтеу, жан бағудың тиімді жолы осы. Әлемдегі байлардың тізімін ақтаратын болсақ, мыңдаған миллиондар тізбектеліп кете береді. Біздің мақсат біреудің байлығын санау емес, сол дәрежеге қай жолмен, қалай жеткеніне сыни көзбен бір қарау. Ақиқатында бұл жұмбақты шешу тым қиын емес. Бағзы заманнан бері өзгермеген жалғыз шындық. Еңбек. Кәсіптің тасын өрге домалатқандардың алғашқы баспалдағы – еңбек. Осы бір ұғымды жөргегімізден санамызға құйып өстік. Мектепке барсақ та, кітапты ашсақ та, үйге келсек те, кино көрсек те, жаңалық тыңдасақ та, Елбасының жыл сайынғы жолдауынан да, тіпті балабақшадағы бес жасар баладан да осы сөзді естиміз. Көп естігенімізден нәтиже шығарып жатқанымыз шамалы-ақ. Сары майдай алтын басымызға сақтап қана қоямыз. Әрі қарай өзіңіз болжай беріңіз... Ақша жоқтықтың әні шырқай жөнеледі.
Еңбекті жолдас еткендердің екі дүниесі бар: кәсіп пен ақша. Бұл ақшасы жоқтың бәрі еңбек етпейді деген сөз емес. Мәселе, еңбекпен кімнің, қалай тіл табысуында. Біреулер еңбек атаулымен алыстан араласып, ғайыптан бай болып кетеді. Енді біреулер тірнектеп жүріп, ақша табады. Бірақ, анау айтқандай бай емес. Бұл да ақша табудың бір жолы. Мұны жоққа шығара алмайсыз. Яғни кез келген адам ақша таба алады. Біреу көше сыпырып, тігін тігеді. Біреу қалам ұстап, ән айтады. Бәрінің мақсаты бір. Айырмашылығы, бәрі бірдей бай емес.
Қазақстандық ең жас миллионер Марат Әбиев ақша табудың тетігін он жасында тауыпты. Сол заманда скотч жоқтың қасы. Ол сыныптастарының жыртылған кітабының әр бетін 5 теңгеге жабыстырып ақша табады. Мұны түсінбегендер, әрине, күлді. Бірақ, ешкім сол 5 теңге миллионердің алғашқы табысы болады деп ойлаған жоқ. Еңбектің таза жеңісі деген осы болар. Ойыма мынандай диалог оралып отыр:
Адам:
–Ақша, сенің балаларың да, бауырларың да көп. Қаласаң, жер бетіндегі барша жұртқа жетесің. Елді таластырмай, неге бәріне бара бермейсің, ааа?
Ақша:
–Жоооқ, адам, қателеспе. Иә, мен күллі адамзатқа жетемін. Бірақ, сендер менің көптігімді білсеңдер, қадірімді ұмытасыңдар. Сол үшін де әдейі аз болып көрінемін. Соншалықты сараң да емеспін. Бармаймын емес, барамын. Тек, ақылдың айтқаны болып, еңбектің тері төгілген жерге ғана.
Адам:
–Сенбеймін. Өмірінде еңкейіп көрмеген қаншама адам жүр. Ақшасын бұршақша жаудырып. Сол ағайындар саған қалай жетіп жүр?
Ақша:
–Олар мен емес. Менің елестерім. Оларды сынау үшін қасақана жіберемін. Көп адам мені елестеріммен шатастырып алады. Көре сала, құшақ жаяды. Жібергісі келмейді. Мен екен деп қалады. Ал менің елестерім ешқашан ешкімнің басына тұрақтамаған. Олар тек, эксперимент үшін ғана. Есіңе сақта, мен де, елестерім де ешқашан мәңгілік емеспіз. Таң қаламын... неге мені сонша жақсы көресіңдер?
Адам:
–...соны өзім де білмеймін.
Кімнің, қалай ақша тауып жүргені өзі мен Тәңірге ғана аян шығар. Ақша табудың нақты қадамдарын ұсынған экономист, миллионерлер жетерлік. Бірақ, біреудің айтқан жолы екіншіге табыс әкелуі мүмкін бе?! Ойлану керек... Кәсіппен айналысуға, азын-аулақ байлыққа жетуге әр адам өз жолымен, өз тактикасымен барғаны жөн. Біреудің жүріп өткен соқпағы біреуге бағыт беруі мүмкін, бірақ, дәл өзінікіндей нәтиже бере алмасы анық. Мысалы, әлемдегі екінші бай адам – Билл Гейтс кәсібі туралы:
–Мен жұмысқа жалқау адамдарды аламын. Себебі, олар кез келген қиын мәселені шешудің оңай жолын тез-ақ табады,- дейді. Бір қарағанда, дүдәмалдау пікір. Біз «жалқау адаммен ісіміз алға баспайды» деп ойлаймыз. Арғы жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. Әркімнің өз шындығы бар.
Маржан ӘБІШ