Сырдың жұрты ерте көктемнен күріш егісіне көңіл бөледі. Солай болатын жөні де бар. Жергілікті топырақ, негізінен, күрішке арналған. Топырақтың тұздылығы өзге дақылдардан өз деңгейінде өнім алуға мүмкіндік бере бермейді. Қызылордалық диқандардың бұл тіршілік көзінен нәпақа айырып жүргеніне ғасырға жуық уақыт болып қалды. Содан бері жерден несібе теріп үйренген ағайын бел шеше бейнет жасап, күріштің бар жағдайын жасайды. Қазіргі таңда дария бойындағы диқандар өз өнімімен республика халқын толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Әрине, осының барлығы ауыз толтырып айтарлық мақтаныш болғанымен, бұл салада әлі де қолға алатын істер жоқ емес. Елдегі ағайынның еңсесін тіктеп, өнімді жұмыс жасауына қамқорлық қажет етіледі. Солардың бірі – тұқым мәселесі. Жақында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев егінші қауыммен жүздесу барысында игі бастама көтерді. Күріштің «Ақмаржан» сортын аймақтың бренді ретінде қалыптастыру жөнінде ұсынысын білдірді.
Бұл пікір тектен-текке айтылып отырған жоқ. Күріштің осы сорты Сыр диқандарының атағын шығарып, жалпақ жұрт алдында абыройын биіктете түсті. Сондықтан күріш дегенде, ең алдымен, «Ақмаржан» сорты ойға оралады. Өзге өңірдегі жұрт күріштің бұл сортын өте жоғары бағалайды. Қысқаша айтқанда, «Ақмаржан» жергілікті диқандардың беделін биіктетті. Рас, соңғы жылдарда бұл жөнінде әртүрлі қаңқу әңгімелер айтылып жүр. Өйткені оның өндіріске енгізілгеніне 30 жылға жуық уақыт өтіпті. Осыны көпшілік алдына көлденең тартқысы келетін кейбір адамдар күріштің аталған сортын бүгінгі күн талабына сай келмейді деген сылтауды айтады. Ғалымдардың ендігі бір бөлігі бұған қарсы пікірді тілге тиек етеді. Бір сөзбен айтқанда, оны қазақ күрішшілері өмірге келтірген төл сорт деп есептеуге толық негіз бар. Ендеше, төл сортты бәз-баяғысынша төрге шығарып, оның беделі мен абыройын асқақ етуге қандай мүмкіндік бар? Бүгінгі таңда жергілікті ғалымдар мен өндіріс басшылары осы тұрғыда өз ойларын білдіріп келеді. Күріштің бұл сортын 1983 жылы жергілікті ғалым Құрманбек Бәкірұлы өндіріске енгізген еді. Бұл тұрғыда ол кісінің ойы қандай?
Құрманбек БӘКІРҰЛЫ, Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС-ның бөлім басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы:
– Қай кезде де жергілікті сорттарды дамытуға мән беруіміз керек. Облыс басшысының бұл бастамасын өте орынды деп есептеймін. Иә, «Ақмаржан» сортының өндіріске енгізілгеніне 30 жылға таяды. Соған қарамастан, ол әлі де елдің сұранысын толық қанағаттандырып отыр деп айта аламын. Өйткені қазіргі таңда облыста егілетін күріш алқабының 60 пайызға жуығы сол сорт болып саналады. Байқасаңыз, оған сұраныс өте зор. Жалпы, тұтынушы талғамынан шығу оңай емес. Олар сапаға қарайды. Тағамдық қасиетін бағалайды. Бұл тұрғыда ресейлік сорттар біздікінен бір мысқал төмен тұратыны жасырын емес. Сыр жұрты «Кубань» деген сортты да біледі. Ол 1968 жылы өндіріске енгізілді. Алайда ол «Ақмаржан» секілді бедел алып кетпеді. Ресейлік сорт жоғары өнім береді. Оның кемшілігі піскен кезде жерге құлап, жатып қалатынын елдің көзі көрді. Жерге құлап жатқан дәніне су тисе, қайтадан көктеп шыға беретіні тағы бар. Соның салдарынан бөртіп кеткен аталмыш сорт өнімділігін төмендетеді. Ал «Ақмаржан» 1987 жылы Жалағаш ауданының Сынақ ауылында аудандастырылған. Одан бергі жылдарда облыстың барлық шаруашылығында үлкен алқапта егіліп келеді. Облыс басшысының «Ақмаржанды» брендке айналдыру жөнінде ұсынысын қолдаймын. Өйткені еліміздің өзге өңірлеріндегі тұтыншылар оны сапалы күріш есебінде әлдеқашан мойындады.
Расы керек, бүгінгі күнге дейін облыс диқандары түрлі күріш сорттарын екті. Алайда олардың ешқайсысы да елдің арасында «Ақмаржан» секілді бедел алып кете алған жоқ. Сондықтан жергілікті ғалымның ұзақ жылдар бойы тер төккен төл сорты әлі күнге дейін өз маңызын арттырып отыр. Оны диқандар қауымы да толық құптайды. Өйткені қайсыбір жылдары Ресей елінен жеткізілген сорттар облыстың климаттық жағдайына сәйкес келе бермеді. Тіпті олардың арасында алғашқы жылдың өзінде тиімсіздігін көрсеткені де бар. Себебі аймақтың топырағы да оларды жатсынып, аталмыш сорттардан көңілдегідей өнім қамбаға құйыла қойған жоқ. Осының нәтижесінде жергілікті еңбекшілердің олардың бізге қолайлы емес екеніне әбден көзі жетті деуге негіз бар. Қуаныштысы, қаншама жылдан бері елдің игілігіне айналып келе жатқан «Ақмаржан» сол бұрынғы биігінен бір мысқал да төмен түсе қойған жоқ. Ендеше, оны аймақтың абыройын арттыратын брендке айналдыруға толықтай негіз бар.
Сапарбек АСҚАРОВ, «Ақжар-Агроинвест» ЖШС директоры:
– «Ақмаржанды» брендке айналдыру жөніндегі бастама өте орынды көтеріліп отыр деп ойлаймын. Елдің шынайы ықыласына бөленген күріш сортын дамыта отырып, озық іске айналдыруға толық негіз бар. Себебі оның басқа сорттардан ерекшелігі бар. Біздің жергілікті климатқа толықтай сай келеді. Оның дәнінің ірілігі, шынылығы көзге бірден көрініп тұрады. Сондай-ақ одан мол өнімге негіз қалауға болады. Қазіргі таңда нарықта сұрыныс пен ұсыныстың үйлесім табуы басты талаптың бірі саналады емес пе? Тағы бір айтарым, «Ақмаржан» сортының нарықтағы бағасы ресейлік сорттардан біршама арзан.
Қысқаша айтқанда, бүгінгі күнге дейін облыста «Ақмаржан» өз әлеуетін жоғалта қойған жоқ. Ғалымдар жергілікті сорттың маңызы зор екенін айтады. Өйткені бұл сорттар аймақтың топырақтық-климаттық жағдайына сәйкес келтіріледі. Соған қарай бейімделеді. Сол себепті олардың топырақтың тұздылығы, түн мезгіліндегі температураның алмасуына, климаттың күрт өзгеруіне төтеп беру қабілеті жоғары болатыны анық. Дәнінің ірі болуына байланысты «Ақмаржан» өзге елдердегі сорттардан асып түспесе, кем түспейтіні белгілі.
Қызылорда қаласында орын тепкен Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары соңғы жылдары бірқатар сорттарды шығарды. Олардың қатарында «Түгіскен-1», «Ару», «Арал-202» секілді сорттар бар. Дегенмен олар әлі өндіріске енгізіле қойған жоқ. Институт ғалымдарының айтуынша, соңғы бір-екі жылдың көлемінде «ҚазНИИ-5», «ҚазЕр-6» сорттары да шығарылып отыр. Алдағы жылы осы сорттардан 400 тонна элита тұқымын өндіру межеленуде.
Ғалымдардың айтуынша, селекция үздіксіз жүргізіле береді. Олар жергілікті сорттарды брендке айналдыру үшін жаңа технологиялар қажет екенін тілге тиек етіп келеді. Ендігі кезекте осы бағытта жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.
«Ақмаржан» сорты брендке айналады
Последние статьи автора