Кешелі бері АҚШ-тың «Spectral Capital Corp» компаниясы Қазақстан территориясындағы ірі алтынмыс кен орнын игеру жобасының пайыздық үлесін арттырғаны бізге белгілі болды. Аталмыш компания бұдан былай алтын өндіру үшін елдегі ірі компаниялардың бірінің 65 пайыздық акция құрамына иелік етпек. Spectral-дың бас директоры Дженифер Остервалдердің сөзіне қарағанда, «компания Қазақстан билігі тарапынан барлық қажетті шешімдерге ие». Кен орны алтын өндіруге дайын болғандықтан америкалықтар биылғы жылдан бастап іске кіріспек. Мақсаттары - қазақ алтының көсегесін көгертіп өздері де пайда таппақ, бізді де жарылқамақ. Былай қарағанда америкалық алпауыттардың қазақ алтын өндірісіне араласуынан мәселе іздеуге де болмас. Дегенмен осы уақытқа дейін де еліміздегі алтын өндірісіне араласушы сырт көздің анағұрлым көп болғаны жасырын емес. Әйтсе де бұдан отандық алтын өндірісі тұсауын үзе алды ма? Алаш айнасы осыған қатысты ой таразылап көруді жөн көрді.
Деректерге жүгінсек, Қазақ елінде алтын өндіруші отандық және шетелдік компаниялар жеткілікті болғанмен, 2010 жылы елдегі өндірілетін алтынның парқы бар-жоғы 10,336 тонна болса, 2013 жылы бұл көрсеткіштен 26 пайызға артығырақ алтын өндіріппіз. Жартылай өңделген, қоспа түрінде өндірілген алтын көлемі 22,525 келіні құрапты. Өкініштісі, біз өндірілген сол 10 тонна алтынды да «ұқсатып» отырғанымыз шамалы. Бүгінде елде өндірілген таза саф алтынның біраз бөлігін Ұлттық банк сатып алса, басым бөлігі Лондон биржасына пұлдап сатуға жіберіледі. Ал жартылай шикізат күйінде өндірілген өнімдер Германия мен Қытай асып кетеді. Міне, әзірге қазақ алтын өндірісінің кешкен күйі осы...
Бір қызығы, біз осылай алтынның парқын ұғынуда марғаулық танытып отырған тұста өзге елдер алтынға мемлекетінің ішкі байлығы деп қана емес, елдің қауіпсіздігін сақтайтын құндылық ретінде қарайды. Жаһандық экономикадағы алтын бағасының жылдан-жылға қымбаттауы небір дамыған және дамушы елдерге осыбір бағалы металдың қадір-қасиетін ұғындырды. Алтынның басты қасиеті ол тауар ретінде ешқашан айналыстан шықпайды. Мұнай-газ тәрізді жағылып кетпейді. Алтын қай кезде де өзінің құндылығын сақтап қалатындығымен бағалы. Осыны ескерген біршама елдер алтын өндірісінде дайын өнімге дейін жұмыс істеп сыртқа емес, ішкі нарығында алтынның таралуына жол ашуда.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
- Қазақстанның ішкі нарығында алтын тым азайып кетті. Алтынды ішкі нарықта сату көрсеткіші өте төмен. Біздегі алтын өндірушілер алтынды сыртқа шығару арқылы ғана пайда тапқысы келеді. Себебі, ішкі нарықта сатылған алтын үшін салық төленеді. Ал сыртқа сатылатын алтын салықтық алымнан босатылған. Елімізде өндірілген ең жоғары сапалы (999, 9999 пробалы) алтын Швейцарияда біздегіден 2,5 есеге дейін арзан. Сондықтан да жергілікті өнім өндірушілер жоғары сапалы саф алтын өндіруге құлшына қоймайды. Қазіргі таңда әлемдік нарықта инвестиция үшін алтын ең белсенді актив болып тұрғанын ескерсек, оған тек құнды металл ретінде қарау қателік болады. Ішкі нарықта алтын саудасын жүргізу жүйесі құрылуы керек. Оның қандай өнім түрінде өндірілгеніне қарамастан нарықтық айналысқа түсуі еліміздің жаһандық алтын нарығынан тыс қалмауына жағдай жасап, халықаралық деңгейде өзге елдерді бізбен есептесуге мәжбүр етер еді.
Негізінен, алтын өндірісіне қатысты мамандардың пайымдауынша, қазірде өз елдерінің алтын қорын сақтап қалғысы келгісі келген алпауыт мемлекеттер алдымен өзге елдің алтын кенішіне қолқа салып, шаруасын дөңгелетіп есебін түгендеуде. Мәселен, -дейді сарапшы Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ:
- Қазірде қазақтың алтынына көз сүзіп отырғандардың асығы алшысынан түсіп отыр. 2005 жылы Гонконгтың алпауыт компаниясы біздегі Бақыршақ алтын кенішіндегі алтынды бірлесіп игеруге ұсыныс жасап, сол бойынша жасалған келісімге сәйкес, бірлесіп өндірген өнімнің 70 пайызы Гонконгтың үлесінде ал қалған 30 пайызы Қазақ Үкіметінің үлесіне тиетін болды. Мұнда да Гонконгтың алар үлесі артық. Бұдан соң Ресейдің «Полиметалл» компаниясы Қазақстандағы ең ірі алтын кен орны — Варваринск кенішінің жартысынан көп акциясын сатып алды. 1979 жылдан бері өнім өндіріле бастаған бұл кен орнының бүгінге дейін тек 10 пайызы ғана игерілген. Оның қоры — 370 тонна еді. Мұнда да Ресейліктердің алатын үлесі қазақтың үлесінен анағұрлым көп. Енді міне, америкалықтар келіп алтын кен орнын игеру жобасының 65 пайыз акциясын сатып алуда. Тағы америкалықтардың үлесі басым. Меніңше, бұл жерде алпауыттар қазақ алтын өндірісінің өркендетуді емес, бірінші өздері пайда табуды көздеп отыр. Сондықтан өз басым, алпауыттар Қазақ еліндегі алтынның парқын арттырады дегенге сенбеймін.
Мамандардың байыптауынша, Қазақстан алтын қорының көлемі жөнінен (800 тонна) әлемде алғашқы ондық қатарына енсе, өнім өндіру бойынша тек 35-ші орынды місе тұтуда. Әлемдік есеп өз алдына біз көршілес елдердің есебі бойынша Қытай, Ресей және Өзбекстаннан кейінгі орында тұрмыз. Бұл жағынан өздерінде алтын өндірмейтін, тек оны алып-сатумен ғана айналысатын Түркия мен Үндістан да бізді шаң қаптырып кетеді. Қалай десек те бүгінде еліміздің алтын өндірісіне бір серпін керек екені даусыз. Бұл ретте мамандар «қорымыз алпауыттардың құлқынында кетпес үшін ол серпін әрине, шетелдік алпауыттар тарапынан емес, отандық өндірісшілер тарапынан туса оң болар еді» деседі.
Жұмаділда БАЯХМЕТОВ, экономист-ғалым:
- Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұлттық қорын доллармен мығымдап, долларға деген сенімі нық болған АҚШ-тың федералдық қор жүйесінің өзі де дүниежүзі банктерінен алтын құймалар сатып алып, Алтын валюта қорының 75 пайыздан астамын қымбат бағалы металдардан толығуына салмақпен мән беруде. Сондай-ақ бүгінде Қытай елінің Алтын валюта қоры 2,273 триллион АҚШ долларынан асса, Жапон елі алтын валюта қорын 1,019 трилионға жеткізген. Үндістанның Орталық банктері, Сауд Арабиясындағы кішкентай ғана арал саналатын Маврикий алтын қорын осылай еселеуге жанын салып кірісіп отыр. Біздің алтын өндірісі дегенде басты назар аударатын тұсымыз: бүгінде банктік құймалар сатып алу үрдісі әлем бойынша артып келеді. Мәселен, Қытай өзінің қорында жинақталып қалған долларға алтын құймалар сатып алуда. Қарапайым азамат банктік құймалармен қалай жұмыс істеуі керек, оны қалай пайдалануы тиіс, осы жағынан алғанда Қытай елінің сауаттылығы көш бастап тұр. Біз өкінішке қарай, бұл жағынан әлі де жетіле алмай келеміз. Сондықтан болашақта біз осы мәселелерді шешуге аса мән бергеніміз абзал. Сондай-ақ нақ осы мәселеге қатысты біз кезінде жаппай жекешелендіру тұсында қандайда бір жеке тұлғалар мен шетелдіктерге болмашы қаржыға алтын, алмас, платина кеніштерін сатып жібердік. Ендігі кезекте сол алтын кеніштері мемлекет иелігіне қайтарып алған жөн.
Міне, осылайша өзіндегі барына өзге емес, әр халық өзі иелік етуі керек екенін алға тартқан мамандар, алтын өндірісін дамытуға қатысты Үкіметтің ұстанып отырған қазіргі саясаты «елдегі алтын кеніштеріне бақылауды күйшейтіп, мемлекеттік реттеуді қолға алуға бағытталуы керек» деседі.
Алтын өндірісіндегі алпауыттарға бақылау қажет
Последние статьи автора