Алматыда қой бағасы 90 мыңға дейін жетті
Алматыда қой қымбаттап кетті. Әсіресе Еділбай тұқымына сұраныс артқан. Бір жағынан қойдың еті, құйрық майы мен сорпасы қауіпті індеттің бетін қайтарады деп санайтын тұрғындар жаппай мал алып жатса, екіншіден індеттен қаза болғандарға құран оқыту үшін сатып алатындар көбейген. Azattyq Rýhy тілшісі мал базарларынан фоторепортаж ұсынады.
Қаланың ортасындағы мал базарларының бірі Айнабұлақ ықшам ауданының жанында орналасқан. Дәл жанында қасапханасы бар базарда тек ұсақ мал сатылады. Таңдаған қойыңыз қанша келі ет беретінін көзмөлшермен дәл айтып беретін сатушының бірі Еркебұлан.
«Қазір 90 мың теңгенің қойы қалмады. Ондай бағадағы денесі ірі, жуан ісек қойлар мен қошқарлар жылдам өтіп кетеді. Әрі ондай бағаға тұралық қойда сирек келеді. Міне, мынау былтыр желтоқсан айында туған, бір жастан асқан қошқар. Тұқымы өзгеше болғандықтан денесі де ірі. Бағасы 80 мың теңге. Құдайы тамақ берсеңде, өзің үшін сойсаңда ұятқа қалдырмайды, семіз қошқар. Қырық келідей ет шығарады», - деді сатушы жігіт.
Қой базарына келушілерге қалағанын тауып беріп, ақша санап алудан қолдары босамай жатқан жігіттердің көп сөзге уақыттары жоқ. Қанағат есімді жіттің айтуынша, биыл мал бағасы қымбаттаған. Баға тағы қосылмаса, қойдың құны жуық арада түспейді. Әрі құрбан айтта жақындап қалды.
«Меринос қойын көбінесе кәуап жасайтын адамдар мейрамхана, кафелерге алып кетеді. Қазір тұмауға байланысты елдің көбі қазақы, Еділбай қойын сатып алып жатыр. 30 келі ет шығаратын қойлардың бағасы 65-70 мың теңге. Тоқтылар 40 мың теңгеден басталады. Егер қалаған етім шықпай қалады деген күмән болса, сойғызып, таза тушасын өлшеп те сатамыз. Бірақ, сойып беретіндерге ақшасын жеке төлейсіздер», - деді өзін Қанағат деп таныстырған жігіт.
Базардағы қасапшылардың да уақыты тығыз. Сатып алған қойын сойғызу үшін келушілер кезекке тұрады.
«Қойды сойып, етін мүшелеп, жіліктеп береміз. Оның бағасы 3,5 мың теңге. Бұл бағаға ішек-қарнын тазалауда кіреді. Бас сирақты үйту 1,5 жарым теңге алады. Қойды тұтастай үйткізіп, құйқа қылып жеймін дегендерден 15 мың теңге сұраймыз», - деді пышағын қайрап жатып жағдайды түсіндіре кеткен Байболат Қорғанбаев.
Келушілердің көбі коронавирустан көз жұмған жақындарының жетісін, қырқын беру үшін қой іздегендер. Баян Төлеуханқызы қара тоқтыны саудаласып жүріп, 38 мың теңгеге сатып алды. Қасапхананың қасында құран оқытқан әйел, күйеуінің ауруханада жатқанын айтып қалды. Жолдасына жұққан дерт жеңіл өтсін деген тілекпен қара тоқтыны құрбан қылған әйел етін енді садақаға таратпақ.
Алматының айналасында «Алтын Орда», «Үш қоңыр», «Каменка», «Сұлтан», «Қарабұлақ», «Ашыбұлақ» сынды оншақты мал базары бар. Тек ет сататын базарларда қойдың еті қымбаттап, сиыр еті арзандаған. Сиыр етінің келісін 1850 теңгеден таңдап алса, қойдың етін 2200-2400 теңге аралығында саудалайды. Бұрын өтпей, үйіліп жататын құйрық майды да табу қиын. Бұрын бір мың теңге тұратын құйрық майдың келісі қазір екі, екі жарым есеге көтерілген.
Алматы облысында мал шаруашылығымен айналысатын адамның бірі Мұхтар Әбдуәлиұлы. Кәсіпкер жігіт мал бағасының көтерілуін тек сұраныстың артуымен ғана емес, жем-шөптің қамбаттатуымен де байланыстырады. Алыс аймақтардан арық малды жинап, оларды семіртіп сататын жіттің сөзінше, биыл тоқтының өзі 15 мың теңгеге дейін қымбаттаған.
«Малдың бағасы әжептәуір қымбаттады. Мысалы, былтыр осы уақытта көктемде туған қозылардың бағасы ары кеткенде 20-25 мың болса, биыл 35 мың теңгеден төмен емес. Жабағыларды былтыр 120-140 мың теңге аралығында алып жүрсек, биыл 200 мың теңгеге жетті. Бұның бәрі жем-шөппен байланысты. Былтыр жоңышқаның бір орамасы 500 теңге болса, биыл ол 800 теңге, ал дала шөбінің престелген орамасы қазір 500 теңге, ол былтыр 350 теңге болған еді. Оның үстіне биыл қуаңшылық, жайылымды жерлерде де шөп аз. Биыл қыста жем де қымбат болады деп жатыр. Мәселен, арпаның келісін былтыр 45 теңгеден алып жүрсек, биыл таныс арқылы 60 теңгеден табасыз, онда да тонналап алса ғана», - деді мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы меңгерген Мұхтар Тұрсынов.
Ал 2 немесе 3 жасар жылқының бағасы 450 мың теңге шамасында.1 жастан асқан өгіздер 250 мың теңгеден басталады. 300 келіден жоғары ет беретін ірі өгіздер 700-800 мың теңге тұрады.
Алматы қаласынан 20 шақырым жердегі үйінің ауласына жылқы жемдеп отырған кәсіпкер Олжас Көпжасардың сөзінше, қолдағы семіз жылқылар жылдам өтіп жатыр. Ауладағы нәбірі 5 соттық жерге 30 шақты жылқы байлап, табыс тауып отырған жігітке түн ортасы, таңға жуықта мал іздеушілер келеді екен. Той азайып, соғым уақыты келмесе ірі қараға сұраныстың артуын кәсіпкер коронавирустың кесірінен болып жатқан кісі өлімімен байланыстарады.