Лас ауаны тазартудың тетігі ғылымда
Біз ауаны көзбен көріп, қолмен ұстамаймыз. Ал жұтатын ауамыздың қажетті мөлшерде лас болуы тіршілікті тұншықтырады. Бұл – кесапат...
(Андре Мари Ампер француз физигі)
Андре Мари Ампер айтқандай, қазірде тіршілік үшін таза ауа жетіспей, тұншығу басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Мұны ғылым атаулы индустрияның дамуымен, өнеркәсіп орындарының артуымен түсіндіреді. Ал келесі бір тарап, «болшақта күннің күрт ысуы мен табиғи ластанудың (тау жыныстарының үгітілуі, шаңды дауылдардың тұруы, орман өрттері) жиі орын алуы дүниежүзін одан әрі тұншықтыра түседі» деседі. Осыған байланысты әлем ғалымдары қазірде лас ауаны тазартудың тетігін іздестіріп әлек болуда. Біз бүгін «Алаштың идеялар банкін» пайдалана отырып, осыны сөз етпекпіз...
Идея бар, өндіріс бейқам
Білерсіздер, күні кеше Алматы қаласы әлемдегі ең ауасы лас қалалардың тізімінде 20-сыншы орынға табан тіреді. Ғалымдардың пікірінше, бір ғана Алматыда ауаны ластаудың 20 пайызы жеке секторлардың салдарынан болса, 80 пайызы – автокөліктердің еншісінде. Бұған ауаның табиғи жолмен ластану үрдісін қосып қойсақ, біз өмір сүріп отырған ортадағы ауаның тазалығы қаншалықты екенін аңғара беруге болады. Әрине, бұл мәселеге қатысты еліміздегі ғалымдардың өзіндік идеялары баршылық. Мысалы, техник ғалымдарымыз «болашақта лас ауаның зиянынан сәл де болса құтылғымыз келсе, алдымен жанар-жағармайдың сапасын арттыруға күш салғанымыз абзал» дейді. Ғалымдардың пайымдауынша, арнайы нанотехнологияның әдісімен жанар-жағармайды тазартатын наноқұбырлардың қызметіне жүгіну, жанармайдың сапасын сақтап тұратын нанотүтікшелер ойлап табу бұл істе шаруаны оңалта түспек.
Мейіркелді ЕСБОЛОВ, техник-ғалым:
– Біз өзіміздің арнайы зертханамызда нақ осы жанар-жағармайдың сапасын қалпында ұстап тұратын арнайы наноматериал ойлап таптық. Бұл наноматериалды жанар-жағармайға қосса, өнімнің сапасы бұзылмай, өз қалпын сақтап тұрады. Тіптен бұл наноматериалды жанар-жағармайдан өзге ұнның немесе тағы басқа өнімдердің ішіне қосып салса, әлгі өнім өз қалпын біраз уақытқа дейін сақтайды. Өкінішке қарай, бұл идеямызды қолданысқа енгізуге өндіріс бейқам. Отандық мұнай өңдейтін зауыттар модернизацияға әлі дайын емес. Қазір көптеген ел Еуро-5 стандартына өтіп жатыр. Ал біздегі жанар-жағармайдың нақты сапасы Еуро-2 стандартымен сәйкес. Осыған қарап біз үшін әлі Еуро-5 стандартының ауылы алыс екенін бағамдаймыз. Қазба байлықтың кені саналатын біздің елімізде ауаның ластануы өршімесе, бәсеңдемейтіні анық. Себебі енді бір бес жылда елімізде өндіріс орындары, тау-кен саласының, мұнай кеніштерінің жұмысы еселене түседі. Бұған жыл сайынғы күннің ысу процесін және ауа райының күрт бұзылуын, табиғи ластанудың жиілеуін қосып қойсаңыз, келешекте таза ауаға зәрулік өрши түседі. Сондықтан бұл ретте жаңа идеялар мен ұсыныстарға ден қойған абзал.
Деректерге жүгініп көрелік...
Негізінен, ауаның ластануына қатысты ғылыми деректерге жүгінсек, бір ғана Алматыда көп тараған химиялық ластаушы – күкіртті газ (күкіртті ангидрид). Қалада осы күкіртті ангидрид мөлшерінің көбеюі бронхиалды астма мен созылмалы бронхит ауруын асқындырып отыр. Зерттеу мәліметтері бойынша, әрбір автокөлік жылына 4 тонна ауа жұтып, 800 кг көміртегі оксидін, 40 кг азот оксидін және 200 кг-дай әртүрлі көмірсутектерді атмосфераға бөледі. Ғалымдар ауаға мұндай улы заттардың бөлінуі салдарынан қанның оттегімен қанығуы нашарлап, осыдан барып қатерлі ісік, өкпе паталогиясынан өзге қатерлі дерттердің асқынатынын баса айтуда.
Айдархан НҰРБАЕВ, физика ғылымының кандидаты:
– 1 литр бензиннің құрамында 1 гр тетраэтилқорғасын болады. Бензиннің құрамына траэтилқорғасынды антидетонатор ретінде қосады. Тетраэтилқорғасынның жануы кезінде бөлінген қорғасын қосылыстары бүкіл ауаға таралады. Атмосфераға бөлінетін қорғасынның 86 пайызы автокөліктерден бөлінеді. Бұл – өте қауіпті. Мысалы, Қытай елінде баланың ойыншығында 1 грамм қорғасын артық қосылған болса, сол ойыншықты жасаған компанияға ірі көлемде айыппұл салынады. Ал бізде қауіпті қорғасын затты қойып, ауаның өзінде кеңінен таралып жатыр. Сондықтан өз басым ғалымдардың «алдымен жанар-жағармайдың сапасын арттыру керек» деген пікірін қуаттаймын. Жанар-жағармайдың сапасы артпай, таза ауа туралы сөз ету мүмкін емес. Себебі Алматының ауасының 86 пайызы нақ осы жанар-жағармай арқылы улануда. Демек, біз үшін жанар-жағармай сапасын арттыру маңызды болмақ.
Кеніштерге модернизация керек
Жалпы, ауаның ластануын сөз еткенде ғалымдар, экологтер ғана емес, отандық сарапшылардың дені кен орындарына да модернизация керектігін жиі қаузайды. Бұған қатысты кен орындарынан шығатын ілеспе газдарды пайдаға асыру (утилизация) мәселелері көтеріліп жатыр. Үкімет теория жүзінде бұл бағыттың маңызды екенін көптен бері айтуда. Тіпті алғашқы жобалардың бірін бекітіп, мүмкіндігінше жақын арада іс жүзінде қолға алынатыны да мәлім болды. Десек те, мамандар модернизация мәселесінде әлі де кемшін тұстарымыз бар екенін ашып айтуда.
Хакім СУЕРБАЕВ, химия ғылымының докторы, профессор:
– Біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі, құрамында күкірт қосылыстары көп. Осы жағынан алғанда мұндай мұнайды өңдеп, одан өнім алу күрделірек. Бұған қоса, біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымыздың басым көпшілігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініштісі, қазірде осы мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газды ұқсату жағы да бізде өте төмен. Себебі ол газды ұқсату үшін алдымен күкірт қосылыстарын Клаус тәсілімен арылтып, элементті күкіртке айналдыру керек. Ал алынған элементті күкіртті сатылымға шығарғанмен, қазір еш пайда жоқ. Әлемдік нарықта бүгінде элементті күкірттің бағасы тым төмен. Сондықтан тек қана пайда табуды көздейтін шетелдік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұнайын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр. Әрине, бұл мәселе қазір біртіндеп қолға алына бастады. Қазірде Құмкөл кенішінде ілеспе газды тазарту, оны өнім ретінде пайдалану жүзеге аса бастады. Бірақ көп кеніште ілеспе газ ашық аспанда еш пайдаланылмай жанып жатыр. Газдың бұлай ашық аспанда жануы – экологиялық тұрғыда өте зиянды. Мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израиль тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ, көрші Ресейді мысалға алайық, Ресейде тек қана осы мұнай-химия өнеркәсібіне қатысты мамандар дайындайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Біз тек осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай химиясын тереңдетіп оқытпайды. Сондықтан мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласын өркендету үшін басқарушы орган осындай жайттарға назар аударғаны жөн.
Идеяның көкесі – ауаны да саудаға салдық
Пайымдағанымыздай, біз ауаның ластануына нақты әсер ететін салаларды модернизациялауға қатысты бірқатар ұсыныстарды ортаға салдық. Қазірде көптеген мемлекетте ауаны тазартуға қатысты түрлі шаралар өткізуде. Тіпті қызды-қыздымен кәдімгі ауаны саудаға салғандардың бары да рас. Айталық, ауаны саудаға салу үрдісі жоқтан бар жасаудың шеберіне айналған көршілес Қытай елінен басталып, біздің Қазақстанға да жетті. Мысалы, қытайлық миллионер Чень Гуанбяо таза ауа толтырылған қаңылтыр ыдыстар сатуды осыдан бес жыл бұрын бастап кетті. Миллионердің мәлімдеуінше, консервіленген таза ауа Қытайдың экологиялық таза жерлерінен жиналған. Бір құты таза ауаның құны Қытайда 5 юаньды құрады. Мұны естіп, мына біздер «о заманда бұл заман, ауа саудасы туралы кім естіген» деп таңдай қаққанымызда өзіміздің қазақы ауа саудасын да естідік, көріп-білдік. Бұған қатысты алматылық «ауа саудагерлері» Медеу мен Шымбұлақтан, Көктөбеден алынған таза ауаларды «консервілеп» оның сыртына «Таза ауа» деп жазып, оның бір консервісін 500 теңгеге бағалап, саудаға шығарды. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегеннің кері осы шығар, бәлкім. Қалай десек те, таза ауаның жанға дауа екені даусыз. Бірақ мұндай арзан әрі сайқымазақтау әдістерге барғаннан гөрі, бізге нақ қазір ауа тазалығын өркендетуде қоғам болып ірі-ірі жобаларды қолға алғанымыз жөн екені даусыз. Жалпы, бұл ретте мамандардың дені «лас ауаны тазартудың кілті – ғылымда. Сондықтан ғалымдарымыздың идеяларына, ұсыныстарына мән берген жөн» деседі.
Жадыңызда жүрсін!
Өнеркәсіптік ластану деңгейі де өсіп тұр
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қазірде елімізде өнеркәсіптік тұрғыда ауаның ластану деңгейі де өсіп тұр. Мысалы, мына айрықша жайттарды тізбелеп көрсек:
* Қара металлургия ісінде 1 тонна шойынды балқыту кезінде 4,5 кг шаң, 2,7 кг күкіртті газ, 0,5-0,1 кг марганец бөлінеді. Онымен қоса, қоршаған ортаға біраз мөлшерде мышьяк, фосфор, сурьма, қорғасын қосылыстары, сынап булары, шайырлы заттар бөлінеді.
* Түсті металлургияда 1 тонна алюминий алу үшін электролиздердің түрі мен қуатына байланысты 33-47 кг фтор жұмсалып, оның 65 пайызы қоршаған ортаға тарайды.
* Көмір өнеркәсібінде терриконниктер – жыныстарда өздігінен жануынан ұзақ уақыт бойы көмір мен пириттің жануы жүреді. Нәтижесінде күкіртті газ, көміртегі оксиді, шайырлы заттардың қосылыстары бөлінеді.
* Құрылыс материалдары өнеркәсібінде – жартылай дайын өнімдерді, шикізаттарды майдалау, температуралық өндеу кезінде зиянды заттар бөлінеді.
* Химия өнеркәсібінде (пластмасса, майлайтын материалдар, тұрмыстық химия заттары және т.б.). IV валентті көміртегі оксиді, IV валентті азот оксиді, күкіртті ангидрид, аммиак, күкіртті сутек, хлорлы, фторлы қосылыстар бөлінеді.
Міне, осы жайттарды ескерсек, «болашақта экономикамызды жасылдандыру бағытын ұстанғанымыз жөн» деседі мамандар. Бұған қатысты өнеркәсіп саласындағы ірі компанияларға экологиялық талапты күшейту қажет дейтіндер де баршылық. Мәселен, экономист-сарапшы Мейрам Қабдрахманұлының айтуынша, Қытай елінде бір ғана өрттің туындауына себепші болған мемлекеттік компанияларға ірі көлемде айыппұл салынып, үшжылдық мерзімде түскен түсімінің 40 пайызын мемлекет бюджетіне салық ретінде аударып отыруына тура келеді. Осыдан болар, Қытайда қазірде алпауыт компаниялар экологиялық талапты қатаң сақтайды. Ал біздің Экологиялық кодекске ірі компанияларды басқарушылар аса ден қойып, салмақпен қарай бермейтінін сарапшыларымыз жасырмайды. Сондықтан Экологиялық кодексті қатаңдату қажет» деседі отандық сарапшылар.
керек дерек
Өзге елдердің идеялар өзегі
АҚШ-та Миссури штатының екі өнертапқышы HydroICE (Hydro Internal Clean Engine) аталған ерекше қозғалтқыш ойлап тапты. Оның басты ерекшелігі – ол бензин орнына қайнаған май және сумен жұмыс істейді. Қозғалтқыш ток өндіретін генераторға жалғанған. Жаңа мотор екітактілі, 31 текше см көлеміндегі кәдімгі қозғалтқыш типінде құрастырылды. Жүйе бойынша күн коллекторлары майды 200-370 градусқа дейін ысытып, оны камераға құяды. Одан соң ол жерге судың бірнеше тамшылары құйылады. Контакт әсерінен су тамшылары дереу буға айналып, поршеньді қозғалысқа келтіреді. Одан әрі май мен су буы цилиндрден шығып, сепараторға түседі. Кейін оларды қайтадан пайдалануға жібереді. Осылайша цикл қайталанады. Өнертапқыштар болашақта қондырғыны көлікке орнатып көрмек. Мамандардың пайымдауынша, егер болашақта мұндай қондырғыларды ойлап табу көрсеткіші артатын болса, көліктердің ауаны ластау көрсеткіші де азаймақ.
***
Ғалымдардың дәлелдегеніндей, жыл сайын жерге 2-5 млн тонна космостық шаң түсіп отырады. Бұған қоса, орта есеппен жанартаулардың атқылауы нәтижесінде жылына атмосфераға 30-150 млн/т газ және 30 - 300 млн/т ұсақ дисперсті күл тасталып отырады. Кейбір ғалымдардың айтуынша, қазіргі кездегідей ауа райының ыстық болуы шамамен 55 млн жылдай бұрын да болған. Солтүстік теңізде, қазіргі Норвегия аумағында геологиялық авария болып, жанартау лавалары үлкен мұнай қабаттарының астына енген. Нәтижесінде атмосфераға 2 млн тоннаға жуық буланған мұнай өнімдері бөлінген. «Мұндай атмосфералық ауадағы шаңды күлдер 200 000 жылға дейін сақталады» деседі ғалымдар. Міне, осыған байланысты қазірде израильдік ғалымдар атмосфераның табиғи жолмен ластануын азайту үшін ғарыштық бақылау жұмыстарын күшейтті. Ғарыштық бақылау орнату арқылы табиғи апаттардың алдын алуды жетілдіру көп жағдайда қиындықтан алып шықпақ.
Жалпы, ауаның ластануына кез келген адам өз үлесiн қосып келедi десек, бұл – даусыз. ХХ ғасырға дейiнгi кезеңде тек органикалық қалдықтар ғана болған. Ал бүгiнде жер бетiн мекендеген адам баласының өзi жылына 2,1 трлн тоннаға жуық қалдық «өндiредi». Оның 40 пайызы бөтелке, пакет, қорап, қалта сияқты тұрмыстық қалдықтардан тұрады. Міне, осындай «қоқыс дағдарысына» бүгінде бірқатар елдер айрықша мән беріп отыр. Мысалы, Италияның тұрғындары бұл мәселенi шешумен айналысқанына қазiрдiң өзiнде 15 жылдай уақыт болған. Бұған қоса, газ қалдықтарын шығару мәселесі де әлемдік маңызды жайттарға айналып отыр. Негізінен, газ қалдығын шығаруда әлемде атмосфераның ластануына ең көп үлес қосатын екi ел бар: ол – АҚШ пен Қытай. Мәселен, өткенде АҚШ үкiметi 2020 жылға дейiн газ эмиссиясы деңгейiн 17 пайызға қысқартуға уәде еттi. Ал Қытай болса, газ эмиссиясы деңгейiн 2020 жылға дейiн 40-45 пайызға қысқартуға сөз бердi. Міне, осылайша бірқатар мемлекеттер экологиялық ахуалды қиындатпай, керісінше, шешімін табуға тырысып бағуда. Олай болса, бізге де бұл үдеден шығуға әрекеттенген абзал емес пе?!
Лас ауаны тұтынып, құнарсыз аймақты мекен еткені үшін бұқараға арнайы төлем төленуі қажет пе?
Қажет...
Дәурен АРЫН, әлеуметтанушы:
– Мұндай үрдісті әлемнің біраз елдері қолданып отыр. Өркениеттілікке ұмтылған елдердің денінде бұл үрдіс кеңінен орын алған. Мысалы, Канадада орташа айлық табысы біздің теңгеге шаққанда 180 мыңды құраса, оларға қосымша тапқан табысына үстеме 40 пайыз экологиялық төлем қосылады. Жоғарыда сөз етіп отырған Үндістанда экологиялық төлем жергілікті әкімдіктен бір төленсе, федералды әкімдіктен бір төленеді және жұмыс беріп отырған жұмыс беруші әкімшіліктен бір төленеді. Сонда осы үш органды қосқанда үндістердің қосымша алатын төлемі 100 пайыздан да асып кетеді. Өкінішке қарай, бізде мұның бірі де жоқ. Сондықтан өз басым көтеріліп отырған бұл ұсынысты дұрыс деп есептеймін. Бұл – бізге қажет нәрсе.
Қажет емес...
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы-маман:
– Меніңше, мұндай төлем түрін енгізгеннен гөрі, елімізге сол лас ауаны таратушы алпауыт компанияларға экологиялық талап-тілекті күшейткен жөн. Бір ғана жалақыға үстеме қосу арқылы бұл мәселені шеше алмаймыз. Сондықтан өз басым мұны қажет емес деп санаймын. Егер елдің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жөндеудің тетігін осы арқылы табамыз десек, онда қателесеміз. Қазір біздің елде шөл және шөлейтті аймақтар 67 пайыздан асып-жығылады. Ауасы лас, топырағы құнарсыз мұндай аймақта тұрып жатқан ел-жұртқа төлем төлеуден бұрын, ол жерлерде тіршілікті жандандыратын ірі-ірі жобаларды қолға алу керек. Бұл ретте Өңірлік даму министрлігіне біраз міндеттер мен жүктемелер жүктелді. Ендігі кезекте сол тиісті органдар мәселені шешуді сауатты үйлестіре білуі қажет.
Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, жеке пошта kokshe.79@mail.ru