Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ
Қалдық индустриясын қолға алатын кез келді
Әлемдегі бай әйелдердің бірі Чжан Иньді «Қоқыс патшайымы» деп атайды. Өткен ғасырдың 80-жылдары ол АҚШ-тың қоқыс тастайтын алаңдарын аралап, қордаланған қағазды арзанға сатып алады. Қытай ол кезде АҚШ-қа тонналап тауар экспорттайтын. Ал тауар жеткізген контейнерлер кері қарай салдырап бос қайтатын. Чжан осы контейнерлермен қоқыстан тапқан қағазын Гонконгтегі қорап өндіретін зауытқа тасымалдады. Сөйтіп, Американың қоқыстағы қағазы орауыш түрінде қайтадан осы елге аттана бастады. Пысық әйел осылайша шексіз бизнес айналымды жолға қойды. Кей жылдары Чжанның бір жылдық табысы 5,6 млрд долларға дейін жетіп жүрді. Жалғыз Чжан емес, көптеген елдер қоқыс өңдеуден баяғыдан бері миллиондаған табыс табады. Ал біздің қолымыздан мұндай бизнес неге келмейді?
Миллион – аяқтың астында
Осыдан 80 жылдай бұрын Жер бетіндегі қала атаулы қоқысқа көміліп жататын. Оны қайта өңдеп, «алтынға» айналдыру ешкімнің миына да келген жоқ. 1930 жылдары ғана қоқысты табыс көзіне айналдыруға болатыны анықталды. Чикагода тұрмыс қалдықтарын жинап, шығару үшін қылмыстық қауымдардың арасында кескілескен шайқас жүрді. Кейін гангстерлерді арнайы қызмет өкілдері ығыстырып, күл-қоқысты басқару байсалды да табысты бизнес көзіне айналды. Бүгінде «мүңкіген» нарықта үш ірі ойыншы бар – америкалық Waste Management және француздың Suez Environnement пен Veolia Environnement компаниялары. Олар жылына орта есеппен 65 млрд евро табыс табады.
Ал кей жерде қоқыстың өзі тапшы бола бастаған сыңайы бар. Мәселен, швед кәсіпкерлері оны Норвегия мен Германиядан тасымалдап, электр қуатын өндіруге пайдаланады. Жалпы, Жер бетінде қоқыстан 130 млрд кВт/с электр қуаты өндіріледі. Отқа салмайтын заттардан шөлмек, киім, ұялы телефон сияқты өнімдер шығаруға болады. Тұрмыс қалдықтарының тек 6 пайызы ғана қайта өңдеуге жарамсыз.
Әлемдегі қоқыс индустриясы осылайша қарқынды дамуда. Әртүрлі дерек бойынша, жылдық көлемі – 111-300 млрд евро аралығында.
Керек дерек
Europen орауыш пен қоршаған орта ұйымы хабарлағандай, 2008 жылы Еуроодақтың шығарған директивасына сәйкес, мүше елдер 2011 және 2015 жылға қарай кезең-кезеңмен орама қағаздың 55 пайызын қайта өңдеуге міндетті. Соның нәтижесінде, бүгінде қоқысқа тасталатын орама қағаздың көлемі 57 пайызға азайған.
Өзге елдің тәжірибесі
Соңғы жылдары қымбат металдар заманауи техникада кеңінен қолданыла бастады. Айталық, электр контактілерін алтынмен жалату, платинаны автомобиль катализаторларының сүзгішіне пайдалану деген сияқты. Сондықтан немістің Doduco фирмасы тоңазытқыш, компьютер клавиатурасы, сымтемір, жарық сөндіргіш, тіпті түрлі мазьдардан қымбат металл шығарып алуды қолға алды. Әлбетте, бұлардағы алтын-күміс мөлшері өте аз. Кейде бұл металдар мыс қорытпасынан да кездеседі, кейде пластик пен қағазға да интеграцияланған. Бұрын фирма құрамында қымбат металы 5 пайызға жететін қалдықтарды ғана қабылдайтын. Қазір 1 пайызбен де қабылай береді. Қорытпадағы металдың көлемін білу үшін оны пешке салып, сұйық күйге енгенге дейін балқытады. Ерітілген сұйықтан сыныбын алып, қанша күміс не мыс барын анықтайды. Фирма қалдықтардан жылына 400 тонна күмісті қалпына келтіреді. Егер бұл фирма мемлекет болса, онда әлемдегі күміс өндіретін елдер арасында 13-інші орынды иеленер еді.
Ал, шындығында, жарамсыз қалдықтардағы қымбат металдардың 60 пайызы текке құриды. Өйткені оны бөліп алатын технология әлі шыққан жоқ. Бірақ қытайлар құрамында қымбат металдары бар қалдықтарды сақтауға көшкен. Күндердің бір күнінде оны шығарып алудың амалын табарына сенімді.
Өйткені қалдықтан алтын, күміс, платинаны бөліп алу – ертеңгі күннің өндірісі.
Ойтүрткі
Мамандардың мәліметінше, әр адам жылына 250 келі тұрмыс қалдықтарын тастайды. Қоқыс жәшігіндегі қалдықтардың 25 пайызы – ас қалдықтары, 5-10 пайызы– қағаз, 50 пайызы – полимерлер, қалғаны – металл, тоқыма бұйымдары, резеңке, шыны және басқа да қоқыр-соқыр. Қоқысты шығарудың үйреншікті тәсілі (контейнер – қоқыс шығаратын мәшине – қоқыс тастайтын орын – рекультивация) бүгінгі күні тиімді болмай қалды. Тіпті қауіпті. Себебі мұқият өңделген және топырақпен жабылған қоқыстың өзі адам ағзасына зиянды «қоқыс газының» қайнар көзі болып табылады.
Келешекке кеңес
Қоқысты бөлудің ең қарапайым тәсілі мынадай: тез бұзылатын қоқыс, яғни жиі шығарылатын түрі және қалғандары деп бөлінеді. Қалғандарына әдетте қағаз бен картон, шыны мен пластик және топтауы қиынға соғатын қоқыс түрлері кіреді.
Бірінші контейнерге биологиялық қоқыс пен өздігінен құритын заттар салынады. Бұл ас қалдықтары: ет, балық, нан, жеміс пен көкөніс және тағы басқалар. Сонымен бірге, оған пайдаланылған майлық қағаздар мен дымқыл қағазды да тастайды. Өсімдік қалдықтары мен гүл де осы контейнерге кетеді.
Қағаз бен картонға арналған контейнерге тек құрғақ және былғанбаған қағаз – ескі газет-журналдар, дәптер мен бос картон қораптары салынады.
Шыны мен пластикті бөлек пакетке салу керек. Бір ескеретін жайт: шөлмектерді тастамас бұрын оларды тамақ пен сусын қалдығынан тазартып, суға шаюды ұмытпаңыз.
Бұдан кейін ең бастысы, қоқыс салынған қапшықтарды дұрыс контейнерге салу қажет. Бұл қарапайым ережелерді сақтасаңыз, сіз туған қалаңыздың тазалығына өз үлесіңізді қосасыз. Өйткені әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоқыс дұрыс сұрыпталса, оның 60 пайыздан астамы өңдеуге жарамды. Ал қалған бөлігін биологиялық кәдеге жаратуға болады.
Қоқыстан – қаржыға
Қоқыстан қаржы жасаудың жарқын мысалы – TERRACYCLE компаниясы. Оны құрушы Том Заки 2001 жылы жауынқұрттың көмегімен органикалық қалдықтарды өңдей бастады. Одан шыққан экологиялық таза тыңайтқыш – биогумус жоғары сұранысқа ие. Қазір Том Закидің компаниясы түрлі қалдықтардан 60-қа жуық өнім шығарады.
Ал модельер Гари Харви өзінің топтамасында қалдықтан да сәнді киімдер жасауға болатынын көрсетіп берді.
Қоқысқа да заң қажет
Біздің елімізде де қоқыс өңдеуді жолға қойғысы келетіндер жоқ емес, бар. Бірі – бас экологымыз Мэлс Елеусізов. Екіншісі – «Алтын-тет» ЖШС бас директоры Егор Зингер.
Зингердің тұңғыш жобасы – Алматыдағы Vtorma-Ecology Co зауыты 2007 жылы өз жұмысын жап-жақсы бастаған, ірі қаладағы тұрмыс қалдықтарының 90 пайызын қайта өңдеуге шамасы келетін жалғыз зауыт болатын. 4,5-5 жыл ішінде кәсіпорын 28 млн USD инвестицияны ақтап, өзін-өзі ақтауға көшуі тиіс еді. Бұл ПЭТ-флекс, пластик грануляты, макулатура, қара және түсті металдар есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланды. Алайда дағдарыстың кесірінен екінші өңдеуден өткен шикізат құны 2-3 есе төмендеп, зауыт өз шығынын жаба алмады. Банктен алынған несиені қайтаруға шамасы келмей қалды. 2010 жылдың қазан айында зауыт директоры үстінен жұмысшыларға жалақы төлемегені үшін іс қозғалып, оған қоса, қоршаған ортаға келтірген зардабы үшін 7 млн теңге айып салынды.
Егор Зингердің пікірінше, зауыт жұмысын дөңгелетіп әкете алмаудың басты себебі – заңнама базасындағы ақтаңдақтар. Регламентті құжаттардың жоқтығы жобаны жүзеге асыруға кедергі болуда. Сондай-ақ дотация мен тариф құрау тетіктері белгіленбеген. «Ең бастысы, қоқыс тасымалдаушылардың оны полигонға емес, тікелей зауытқа әкелуін міндеттеу керек. Мәселен, Алматы тұрғындары тарапынан төленетін 210 теңгенің
130 теңгесін қоқыс шығарушы компания алсын, ал 82 пайызы бізге қалсын. Оны алматылықтардың санына көбейтсек, бізге 104 млн теңге түсер еді. Оның үстіне, біздің жоба Киот протоколына сәйкес келеді. Біз квота алуға әрекет жасаймыз, содан кейін оны сата бастайыз», – дейді Зингер. Осындай шаралар қоқыс өндірісін табысты етуге сеп болар еді.
Қағазды тастама, өткіз!
Қоқыстың табиғатта бұзылу мерзімі:
• Қағаз – 1 ай
• Жүн шұлық – 1 жыл
• Ағаш таяқ – 4 жыл
• Бір реткі қағаз ыдыс – 5 жыл
• Сырланған тақтай – 13 жыл
• Қаңылтыр банка – 100 жыл
• Алюминий банка – 500 жыл
• Пластик шөлмек – 500 жыл
• Шыны шөлмек – ешқашан
Бізде де қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі қолға алына бастады. Қымбат металл, шыны жинауға жетпесек те, ескі қағазды өткізетін бұрынғы кеңес дәуіріндегі шаруа қайтадан қолға алынды.
Мамыр айында Алматыда ескі қағаз қабылдайтын арнайы орын жұмыс істей бастады. Бұл – «Қазақстан қағазы» компаниясының келешекте ашуды жоспарлап қойған бес бөлімшенің біреуі. Жыл аяғына дейін ел аумағында 24 бөлімше ашу белгіленген. Әрбір алматылық артық қағазын осында өткізе алады. Салмақ жағынан шектеу жоқ. Газеттің бір келісі – 3 теңге, жазу қағазы мен кітап-журнал өнімі – 15 теңге деп белгіленген.
Мұндай макулатура пункті текке тасталатын қағаз көлемін азайтуы тиіс. Әйтпесе, Алматы әкімшілігінің мәліметінше, қаланың қоқыс тастайтын орындарына жылына 100 мың тоннадай жарамсыз қағаз шығарылады. Әрмен қарай «Қазақстан қағазы» басқа да қалдықтарды – пластик, шыны ыдыс, полиэтилен қабылдауды қолға алмақ.
Қалдықты қайта өңдеу жағынан «Қазақстан қағазы» компаниясы – еліміздегі ең белсенді комапниялардың бірі. Өткен жылы ол 45 тонна шамасында қағаз қалдығын жинап алды. Оны қайта өңдегенде 43 тонна жаңа қағаз өндірілді.
Еуроодақта қағаздың 50-70 пайызы макулатураны өңдеуден шығарылса, Ресейде бұл көрсеткіш – 10 пайыз, бізде ресми дерек жоқ.
Ал 1 тонна қағазды қайта өңдесе, 16 ағашты сақтауға болады. Сонымен бірге, қағазды қайта өңдеу – ағаш өңдеуге қарағанда қуат жағынан үнемді әрі экологиялық жағынан тиімді өндіріс.
Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ, «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы:
– «Бүгінде біз қоқыс мәселесін көтеріп жатырмыз... Мемлекет те бізге құлақ сала бастады. Осыған дейін зауыт та салынды, бірақ қыруар қаржы желге ұшты. Нәтижесінде, қоқыс көбеймесе, азайған жоқ. Алматының жанындағы Қарасай полигоны лық толды. Енді жаңа полигон ашпақшы. Осы арада мынадай сауал шығады: егер осы мәселені шешудің басқа жолы болса, полигон ашудың не қажеті бар? Қоқысты азайтқымыз келсе, оны сұрыптауды дереу қолға алуымыз керек. Онда біз пайдалы ресурс көлемін алар едік. Оған қоса, қоршаған ортаны тазартамыз.
Ал оңтүстік астанадағы қоқыс зауытына келсек, оның жұмысы дұрыс жүргізілген жоқ. Мұнда сұрыптау ең ақырында жүргізіледі. Ал ол кезге дейін қоқыста ешқандай пайдалы құрам қалмайды да. Егер де сұрыптауды дұрыстап жүргізсе, онда қоқыс азаяр еді. Бұл – тұрғындарға да, мемлекетке де пайдалы. Біз жұрттың менталитетін ескеріп, ең қарапайым әдісті әзірледік. Ең бастапқыда ас қалдықтарын бөліп алу қажет. Тұрғындарға бұдан келер пайда: олар қоқыс шығару қызметіне азырақ төлейтін болады».
Шыныны шыңдап...
1 тонна қайта өңделген шыны 650 келі құм, 186 келі сода және 200 келі әкті үнемдейді. Бүгінгі күні шыныны қайта өңдеуге арналған бірнеше әдіс бар.
Құрылыста, атом өнеркәсібінде және басқа да салаларда қолданылатын пеношыны, ұсақ түйіршікті бетон алуға қол жеткізілді. Сондай-ақ жүргінші жолына арналған тақтайшалар, шыны-черепица, бояу және коррозияға қарсы мастика алуға болады. Мұндай өндірістердің рентабельділігі өте жоғары. Шыны қалдықтарын зауытта ғана емес, үй жағдайында да өңдеуге болады. Мәселен, қабырғаны қаптайтын кәдімгі плитка жасауға болады. Технологиясы қарапайым шағылған шыны бояу мен полиэфир шайырына қосылады. Дайын қоспа, арнайы қалыптарға құйылады. Ол қатқан соң мықты да әдемі қаптағыш плитка дайын болады.
Шыны қалдықтарын кәдеге жаратуды табысы жоғары бизнес көзіне айналдыруға болады. Жоғары технологиялық өнімдердің өндірісіне сапалы шикізат қажет. Оған түрлі қоспадан тазартылған шыны да жарамды.
Дөңгелекті дөңгелетсе...
Қазіргі кезде әлемде 130 млн тонна синтетикалық полимер және осыншама табиғи полимер (целлюлоза өнімдері, табиғи каучук және т.б.) – барлығы 250-260 млн тонна өндіріледі.
Автокөлік дөңгелегін (шина) қайта өңдеудің экономикалық және экологиялық маңызы зор. Мәселен, 1 т шинада 700 кг резина болады. Оны резина тектес бұйымдар мен құрылысқа арналған материалдар шығаруға пайдалануға болады. Ал 1 т дөңгелекті өртегенде ауаға 270 кг күйе мен 450 кг улы газ таралады.
Тозған дөңгелекті өңдеуде Жапония (99 пайыз) мен Германия (88,4 пайыз) алда. Соңғы жылдары автомобиль шинасы мұнай мен отын шикізатын өндіруге жарайтын өнім ретінде қарастырылуда. Соған орай, шетелде осы мәселеге ерекше зейін қоя бастады.
Бетті әзірлеген Гүлнар Ахметова gulnar-ahmetova@mail.ru