Жеріңді баптай білсең, Астықты қаптай білесің
Бидай саудасы да – «қара алтын» секілді мол табыс әкелетін нарық. Ал бағасы ауа райына қарай құбылады. Әсіресе соңғы жылдары бидайдың тұрақты түрде қымбаттауы байқалады. Өйткені оны ас ретінде тұтынуды былай қойып, мал шаруашылығы мен химия өнеркәсібінде пайдалана бастадық. Бидай пластмасса, желім, түрлі талшық, биоотын, спирт, тағам өндірісі үшін керек. Ал ұнды алтын және мұнай өндірісінде пайдаланып жүр.
Біздің елімізде өсірілетін бидайдың сапасы жоғары, яғни қымбатқа сатуға әбден лайық. Өзімізде өсетін бидайдан тартылған ұн шікәмшіл тұтынушының көңілінен шығады. Әлбетте, отандық өндірушілердің сапалы өнім шығаруына ауыл шаруашылығында белгіленген жоғары стандарт пен қатаң мемлекеттік бақылау ықпал ететіні сөзсіз.
Әлем бойынша, басқа дақылдарға қарағанда, бидайға бөлінетін егістік алқабы тым аумақты. Мәселен, 2009 жылы 225 млн гектарға бидай себілді. Бұл Мексика жерінен асып түседі. Жер бетінде жыл сайын 650 млн тоннадай бидай жиналады. Дегенмен мұндай жоғары көрсеткішті місе тұтып, мамыражай күй кешуге болмайды. Бидай шығымына «жаһандық жылыну» құбылысының тигізер әсері ерекше. Өйткені құрғақшылық жылдары аз өнім алынатыны белгілі. Рас, осыған дейін астық тапшылығына бақуатты елдер бас қатырған емес. Көбінде бидай қоры жеткілікті. Алайда жер бетінде адам саны артқан сайын бүкіл қажеттілікті қамтамасыз ететін бидай қорына зар болатын күн алыс емес дейтіндер көп. 2011 жылғы санақ бойынша, Жер шарын мекендейтін халық саны 7 миллиардтан асты. Демографиялық есептеулерге жүгінсек, 2050 жылға қарай 9 миллиардқа да жетіп қаламыз. Міне, сол кезде азық-түлік тапшылығы байқалуы мүмкін.
Бұл мәселені егістік алқабын кеңейту арқылы шешу мүмкін емес. Керісінше, бүгінде бұл дақылға бөлінген жер 1980 жылдармен салыстырғанда анағұрлым аз. Оған қоса, бидай өнімділігіне климаттың өзгеруі де әсерін тигізбей қоймайды. Сарапшылар астық өсіретін аймақтардың көпшілігінде құрғақшылықтың ұзаққа созылатынын айтып, үрейлендіре түседі. Әрі зиянкестердің, арамшөп пен ауру түрлерінің көбеюін де есепке алу керек.
Ғалымдардың пікірінше, ауыл шаруашылығының өндірістік әлеуеті аграршылар мен селекцияшылар тікелей байланыс орнатқан жағдайда ғана көтерілмек. Өндірушілерге мемлекет тарапынан мықты қолдау көрсету және селекцияшылардың құқығын қорғау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Сонымен бірге өсімдік сұрыбын пайдаланушылардан «роялти» алудың тиімді тетігін әзірлеу керек. Ол үшін Германия, Франция, Түркия, Ресей және Беларусьтің үздік тәжірибесін негізге алуға болады.
Айта кететін бір мәселе, отандық селекцияның көп сортын өндіріске енгізуге келгенде аяқтан шалатын кедергі көп. Негізгі себеп – ғылыми институттардың, ғылыми-тәжірибелік өндіріс пен тұқым өндірушілердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі. Осы орайда Үкіметтің шешімімен отандық ғылымды қаржыландыру көлемі арттырылды және бастапқы тұқым шаруашылығын өркендетуге жағдай жасалуда. Әлбетте, мұндай қолдау алдағы уақытта жалпы тұқым шаруашылығына жағымды әсер етуі тиіс.
Керек дерек
Ауыл шаруашылығы министрлігінің «ҚазАгроИнновация» АҚ ғылыми-зерттеу мекемелері соңғы он жыл ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарының 664 сортын дайындап, мемлекеттік сынаққа өткізген. Оның ішінде бидай түрлері – 278, жеміс-жидек – 99, жемшөп – 84, көкөніс-бақша өнімдері – 67, картоп – 44, майлы дақылдар – 36, жарма – 18, жүзім – 11, мақта – 9, техникалық дақыл – 5 және өзге түрлері – 13. Жаңа сұрыпты 200 дақылды (30,1 пайыз) шаруашылықта қолдануға рұқсат берілді. Соның ішінде әсіресе астық дақылының 71 түрі қолданысқа жіберілді.
Егін бітсе – елдің ырысы
Ольга Гаас, «Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе стансысы» ЖШС сортты агротехника зертханасының меңгерушісі:
– «Қазақстандық бидайдың көп сорты сапасы жағынан Ресейдікінен бірде кем түспейді, тіпті кейде асып түседі. Мәселен, бізде шығарылған «Астана» сорты бүгінгі күні 0,5 млн гектар жерге егілген. Кезінде соны егуге барынша үгіттесек, енді жарнамаға мұқтаж емес. Осы бидайдың клейковинасы 26 пайыздан төмендеген жоқ. «Шортанды-95 жақсартылған» сортына да зор үміт артып отырмыз. Оны алуға өндірушілерден өтініш көп.
Қазір Солтүстік Қазақстан облысында отандық және импорт селекциядан шығарылған бидай тұқымын себу тепе-теңдігі дұрыс деп бағаланды: 25-30 пайыз – отандық, 60-70 пайыз – Омск селекциясынан. Далалық аймақтарда қазақстандық сорттарды пайдаланған дұрыс. Себебі олар құрғақшылыққа төзімді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде кез келген технологияны қолдануға болады. Дегенмен ақтық нәтижеге қай сортты таңдағаның әсер етеді. Жақсы сорт қандай жағдайға да көнеді. Ал жаман сортты қанша күтіп-баптасаң да, көп өнім ала алмайсың.
Бидай Қазақстанның басты бренді, басты дақылы болып қала береді. Сондықтан да біз бидай өсіру ісін өркендетуге барымызды салуымыз қажет.
Бидай себілетін егістік алқабын азайтуға болады. Есесіне, өнімділікті арттыру үшін біз оған барлық жағдайды жасауға тиіспіз».
Егістіктен бір хабар
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде астық жинау науқаны басталғалы біраз болды. Жақында батысқазақстандық фермерлер де жиын-терімге кірісті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының берген ақпары бойынша биылғы астық шығымы былтырғыға қарағанда тәуір. Айталық, 1 тамызға дейін Жамбыл облысында егістік жердің 78 пайызы (177,2 гектар) жиналып біткен. Бидайдың орташа түсімі 15,7 ц/га құрады (2012 жылы – 11,4 ц/га). Алматы облысында бидайдың орташа түсімі 18,2 ц/га құрады (2012 ж. – 24,3 ц/га). Бұл аймақта 1 тамызға дейін егістіктің 34 пайызы немесе 124,4 мың гектардағы бидай жиналды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл 15 млн тонна (былтыр 12,9 млн т жиналды) астық жинаймыз деген сенімде. Құзырлы мекеме алынған астықты сақтау үшін қойма дайындауды фермерлерге тапсырып қойды. Себебі қамбада былтырғы астықтың едәуір қоры бар.
Алайда егістіктің басы-қасында жүрген мамандар министрліктің болжамымен келіспейді. Бидай үшін маусымның жаңбырлы болғаны жақсы, бірақ дәл осы айда астық өсіретін аймақтарда жаңбыр жаумай қойды. Сондықтан әлгіндей жоғары көрсеткішке жету неғайбыл. Фермерлер тарапынан ұсыныс жеткілікті болғанымен, сұраныс мәселесінің басы ашық. Ішкі нарықтағы сату бағасы тоннасына 30 000 теңге көлемінде. Дегенмен қазақстандық ЕТС биржасында келісімдер жасалып, ішкі нарықта сауда жайлап жүріп жатыр. Демек, отандық бидайға деген сұраныс төмендемеуі тиіс.
Ал бидайдың сапасы – өз алдына бөлек тақырып. «Қазгидромет» Қостанай мен Қарағанды облыстарында тамыз айында аптап ыстық болады деп отыр. Ал өзге өңірлерде ауа температурасы бірқалыпты болмақ. Қостанай фермерлерінің саны емес, сапасы жағынан ұтамыз деген дәмесі бар. Себебі күннің ыстығы дәндегі клейковина мен белоктың деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биыл Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында өзге аймақтармен салыстырғанда жиналатын өнім жоғары болатын сияқты. Себебі топырақ пен тұқымға ылғал жеткілікті болған.
Экспорт жағына келсек, 2012/13 ( 2012/13 (2012 жылдың шілдесінен 2013 жылғы 30 маусымға дейін) маркетинг жылында еліміз 6,7 млн тонна астық пен ұнды сыртқа жөнелтті. Соның ішінде алыс шетелге – 5,8 млн тонна, Кеден одағы елдеріне – 0,9 млн т.
Еге білсең, егін тасқа да бітеді
(Қостанай облысындағы бір фермердің тәжірибесінен)
Соңғы жылдары Евгений Пигаревтің есімі Қостанай облысына жақсы таныс. Өйткені «1 гектарға бидайды себу нормасы – 50-60, тіпті 40 келі» деген жаңалық осы саладағы мамандарды селт еткізбей қоймады. Көзімен көргісі келгендер ерінбей оның алқабына да келіп қайтқан. Қостанайда шығатын «Агроинфо» басылымы бұл технология жайында егжей-тегжейлі жазған болатын. Сонда бұл қандай тың әдіс?
Талайдың аузын аштырып, көзін жұмдырған бұл технологияны австралиялық Крис Холанд 27 жыл бұрын ойлап шығарыпты. «Инновациялық прогресс» ЖШС директоры Мәдина Бірімжанованың айтуынша, түптің түбінде фермер атаулы осы технологияға көшеді. Айта кету керек, Мәдина мен Евгений Пигарев – осы серіктестіктің құрылтайшысы. Олар тек австралиялық инновациялық технологияны енгізумен шектелмейді. Мақсат – Канада, Еуропа және Австралияның технологиялары арасындағы ең тиімдісін екшеу.
Евгений Пигаревтің айтуынша, бұл технологияның ел ішінде қолданыла бастағанына көп болған жоқ. Өз шаруашылығында екінші жыл, Қарасу ауданында төртінші жыл қолданып жүр. Биыл оны тұңғыш рет Ақтөбе облысында қолданды. Себебі бұл өңірдегі егістік те ылғал тапшылығынан зардап шегеді.
Технологияның негізгі ерекшелігі – тек қана тұқымды аз себу арқылы мол өнім алу емес, сонымен бірге мұнда мүлде басқаша құрал пайдаланылады. Міндетті түрде топырақта ылғалды сақтау тәсілдері жүзеге асырылады.
Технологияның мәні – күзден қысқа дейін жинақталған ылғалды бидай өсіп-өнетін бүкіл кезең бойына жеткізу. Осылайша жаз бойы жаңбыр жаумаса да, астықты сақтап қалуға болады.
Австралиялықтардың жер өңдеуге көзқарасы мүлде өзгеше. Әр өсімдікке белгілі бір мөлшерде ылғал мен микроэлемент керек. Сондықтан ең әуелі бір шаршы метрге қанша өсімдік себу керектігі есептеледі. Бұл ылғалды жеткізу үшін қажет. Ал бізде бұл шаруада көз мөлшерге сүйенетіні белгілі. Мәселен, тұқымды гектарына 3,5 млн дана, онда әр шаршы метрде 350 өсімдік өсіп шығады деп есептеледі. Ал оған суды қалай жеткізеді, жауын жауа ма, жоқ па, ол жағы есепке алынбайды.
Австралиялық технологияны енгізумен биыл төртінші жыл айналысып жүрген Мәдина Бірімжанова былай дейді: «Жанахай» шаруашылығына қарасты егістікте біз 2012 жылдан бастап АШМҚазҒЗИ-дің Қостанайдағы бөлімшесімен бірігіп австралиялық Rogro тұқым себу кешенінің сынағын жүргізе бастадық. Соның нәтижесі бойынша әлгіндей артықшылықтарға ие екенін растайтын сертификат алдық. Бұл технология қуаңшылық жылдары да жақсы өнім алуға мүмкіндік береді».
Ылғал табу мақсатында Rogro соқасының көмегімен топырақ 20 см тереңдікке дейін қазылады. Ылғал топырақтағы атызға 2-2,5 см қашықтықта тұқым себіледі. Содан соң топырақпен бетін жауып (70 келіге дейін), оған қоса құрғақ және ылғал топырақпен (2-3 см) тағы бүркейді. Бұл ылғалдың ұшып кетуінен сақтайды.
Тұқымның үстінде міндетті түрде 2 см өте ылғал топырақ болуы қажет. Осылайша өсімнің өнуіне қолайлы жағдай жасалады. Жер бетіне өніп шыққан бидайдың сабағы жуан, жапырағы жалпақ, масағы дәнге толы, 1000 дән – маусымына қарай 36-38 грамға, ылғал мен қорегі көп болса, 40-42 дәнге жетеді.
Атыздағы тұқымның арасы міндетті түрде – 2-2,5 см. Құрғақ ауа райы жағдайында – 2,5 см делік. 100 сантиметрді 2,5 см-ге бөлеміз, демек, бір қума метрде 40 өсімдік болуы тиіс.
Ал қатар арасы 40 см десек, сонда 120 см х 83,3 см болады, бұл бір шаршы метрде үш қатар алу үшін. 83,3 : 2,5 – 33-34 өсімдік, яғни бір шаршы метрде 100 өсімдік болады.
Бір дәннен кем дегенде үш сабақ өсіп шықса, бір шаршы метрде өнім беретін 300 бидай сабағы шығады деген сөз. «Биыл біз гектарына 50-60 келі септік, ал бұған дейін 150-180 болатын. Әр тектардан 100 келі үнемдедік» дейді Евгений Пигарев.
Айта кету керек, австралиялық технология бойынша тұқым себіледі, химиямен өңделеді де, өнім жинап алады. Ал дәстүрлі технология бойынша әр агротехникалық жұмысқа техника жүріп өтеді, оның бәріне, әлбетте, қаржы жұмсалады. Австралиялық технология тұқым ғана емес, жанар-жағармайды да үнемдейді.
Ескерту: егер де маусымның жауынды болатыны белгілі болса, тұқымды тым терең себудің қажеті жоқ. Сондай-ақ бұл істе де «бүкіл жұмыртқаны бір себетке салуға болмайды» деген қағиданың сақталғаны дұрыс. Тұқымның бір бөлігін осы австралиялық технологиямен сепсе, бір бөлігіне басқаша технология қолдану керек. Қайткенде де әр фермер өз мүмкіндігін, технологиясын алдын ала бағамдап алса, артық болмайды.
Көпжылдық бидайдың болашағы бар ма?
Жаһандық жылынудың әсерін адамзат жыл өткен сайын сезінуде. Байқасақ, соңғы жылдары жаз ми қайнатқан аптабы мен қуаңшылығын ала келеді. Мамандар әлемдік ауыл шаруашылығы жүйесіне ауа райының осындай өзгерісіне бейімделу қажет деген пікірде. Сондықтан құрғақшылыққа төтеп беретін дәнді дақылдар, жеміс пен көкөністің жаңаша сұрыптарын шығару қажеттігі туындап отыр. Бұл орайда кейбір мамандар көпжылдық бидайды қолданысқа енгізу қажеттігін алға тартады. Ал оны өсіру тәжірибесі тұңғыш рет Кеңес Одағында басталған екен.
1928 жылы кеңестік Ресейде өзгеше тәжірибе іске асырылды. Оған түрткі болған себеп бірнешеу. Қатал табиғат пен кулактарды алмастырған «қызыл агрономдардың» сауатсыздығы өз «жемісін» берді. Ел билігі сол кезде бүкіл әскер мен халықты қамтамасыз ету үшін бидайдың жаңа түрін шығару қажеттігін түсінді. Атақты Вавилов коллекциясының пайда болуы да осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Ол бұл қазынасын ел-елді аралап жинақтады.
Сол кезде жас агроном Николай Цырин кез келген табиғат жағдайына және саяси апаттарға төтеп беретін бидайдың жаңа түрін ойлап табуға бел буды. Бірақ сол кезде мұндай шаруаны жүзеге асырудан гөрі Айға ұшып бару оңай секілді еді. Мичурин жас ғалымнан ақыл-кеңесін аяған жоқ. Ол бидайдың бір түрін екіншісімен будандастыру арқылы өзгеше өнім шығарудың екіталай екенін ескертті. Онда кәдімгі бидайдан өзге ештеңе ала алмайсың. Ал егер бидай гибридін бидайықпен будандастырса, онда бұл ауыл шаруашылығы, тіпті жалпы тұтас ғылымда нағыз төңкеріс болар еді. Сөйтіп, кәдімгі арамшөп – бидайықты академик Н.В.Цырин бидаймен будандастыруға пайдаланды. Соның нәтижесінде көпжылдық бидай пайда болды. Ол өзге бидай түрлерінен биологиялық және морфологиялық белгілері бойынша айрықшаланды. Сондықтан синтетикалық түр ретінде – азық-түлікке жарамды және жемшөпке арналған деп бөлінді. Біржылдық деп аталған түрі бидайық-бидай гибриді өнімді алғаннан кейін қайта шығады. Оны мал азығына деп күзде жинап алады. Сөйтіп, бір жазда нан да, шөп те алынады. Ал бидай-бидайықтың көпжылдық түрі төрт жылға дейін тұқым сеппей өнім алуға мүмкіндік беретін.
Бір қызығы, көпжылдық бидай мен бидай-жемшөптің аяз бен қуаңшылыққа төтеп беретін қасиеті бар. Арамшөптің ауруға, ыстық пен суыққа шыдас беретін қасиеті осы бидайға өткен көрінеді. Гибрид ұннан пісірілген бөлке көздің көру қабілетін жақсартатын лютеинге бай. Әйтсе де бұл қасиетін былай қойғанда, оның ең басты қасиеті – көпжылдығы.
Әйтсе де бидай-бидайық гибриді – бұл генді инженерия емес. Гендімодификация – өсімдік геномына мүлде басқа организм генінің енгізілуі. Мәселен, жүгері геномына шегірткенің генін енгізеді. Сол арқылы шегіртке жалмай алмайтын жүгеріні шығарады. Ал көпжылдық бидай табиғи гибрид саналады.
Онда неге астық өсіруші елдер осы көпжылдық бидайға онша құмартпайды? Оның себебі – заманауи селекция ғылымы басқа жолды таңдады. Одан гөрі шығымдылығы жоғары жаңа сұрыптарды шығаруға ойысты. Өйткені көпжылдық бидай біржылдық түріне қарағанда өнімді аз береді. Сондықтан да шығымдылығы жоғары сорттармен бәсекеге түсе алмайды. Тағы бір кемшілігі – жер бетіндегі бидай атаулы өзін-өзі тозаңдандырады. Ал көпжылдық бидайды тозаңдандыру үшін жәндіктер керек. Ауқымды алқапты тозаңдандыруға шамасы келетін жәндікті табу қиын.
Міне, осындай кемшіліктері көпжылдық бидайдың өнімділігі жоғары, кез келген ауа райына шыдас беретін жаңа сорттарға ілесе алмайтыны содан.
Бетті дайындаған Гүлнар Ахметова