Қазақтың киіз үйі ұлттық бренд аясынан өсіп шықты
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғалымдарының жан-жақты ғылыми зерттеулерінің қорытындысын алға тартсақ, адам ағзасының ауруға шалдығуының негізгі салдары қоршаған ортадан екен, яғни 80 пайызы. Соның көп мөлшері денсаулықтың азық-түліктен улануынан болса, біршамасы тұрғын үйдің зияндығынан көрінеді.
Тарихымыздағы бірінші сәулеттік құрылыс
Жылдан-жылға құрылыс технологиясы заманмен қатар жаһанданып отырған баспанамыздың, шыны керек, экологиялық таза еместігін өзіміз де жақсы білеміз. Алайда адамзат баласы тұрмыс қалыбынан шыға алушы ма еді, өркениеттің заңдылығымен жүру – заңдылық. Экологиялық таза дейік, мейлі демейік, үйің болмай, күйің болушы ма еді?
Десек те, көшпелі елдің қара шаңырағы саналған киіз үй, керісінше, адам денсаулығына өте пайдалы екендігін кім-кім де біледі. Ата-бабаларымыз оның құрылысын экологиялық таза заттардан жасаған. Ағаштың, киіздің құрамын жақсы білген. Орталық және Орта Азия халықтарының негізгі баспанасы, көшпелі тұрғын үйі саналған киіз үй бір жағы көшпенділерге тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлы болған.
Көшпенділердің киіз үйі – тарихымыздағы ең бірінші сәулеттік құрылыс. Киіз үйдің іші қыста жылы, жазда салқын. Кейінгі жылдары оны шопандардың не сапарға шығушылардың кең қолданғандары содан. Киіз үй жер сілкінісінде де қауіпсіз, былайша айтқанда, оңайлықпен бұзыла қоймайды.
Киiз үйдегi кеңiстiк – қазақ дүниетанымының тоғысқан жерi. Киiз үй әрі ғаламның моделi. Бүкiл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретiнде қарастырсақ, киiз үй – баспана ғана емес, арғы әлеммен байланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелi орын.
Міне, осындай өзімізге тиесілі, біздің меншіктеуге құқымыз бар ұлттық символымыз саналған киіз үйді қазір шетелдіктер мойындап, оның құрылысын үйреніп алып, тіпті қомақты қаржы тауып жүр.
Киіз үйдегі медитация
«Азаттық» радиосы жариялаған «АҚШ-тағы киіз үй бизнесі» атты мақала ел арасында көп оқылды.
Олар: «Киіз үйді АҚШ-тағы жұрттың көбі баспана ретінде қолданады, кейбірі медитация жасауға ыңғайлы орын деп біледі. Киіз жасаумен айналысатын компания мыңдаған киіз үй жасап, жылдың кез келген мезгілінде 50 шақты баспана тұрғызады» деп жазған болатын.
Colorado Yurt Company компаниясы моңғол үлгісіндегі киіз үйді «бір-екі күннің ішінде оңай тігілетін, экологиялық таза баспана» деп тауып, соны мойындаған. Аталмыш компания, тіпті «Киіз үйдің ағаштан жасалған бөліктері мәңгі қызмет етіп, ал матадан жасалатын жоғарғы бөлігі киіз үй тігілетін жердің климаты мен күн қызуына қарай 8-15 жылға шыдайтындығына кепілдік те береді екен.
Colorado Yurt Company компаниясы жасап шығарып отырған киіз үйлер қазіргі «элитный пәтерлерден» еш кем емес көрінеді. Электр жарығы, әжетхана, жылумен, сумен де қамтамасыз етілген көрінеді.
Компания қожайындары Дэн Кигер мен әйелі Эмманың айтуларынша, бизнестерін олар сонау 1970 жылдардың аяқ шенінен бастаса керек. Қазір киіз тігетін фабрикалары, жұмысшылары бар. Оларға мұндай идея 1970 жылдары «табиғатқа оралу» қозғалысы өрістеген жылдары пайда болғанға ұқсайды.
Бизнестерінің тасы өрге домалап тұрған кәсіпкер ерлі-зайыптылардың киіз жасау технологиясы мен құрылыс заттары – заманауи. Фабрика жұмыс істеп тұрғалы бері, олар сұраныс бойынша мыңнан аса киіз үй жасапты. Киіз үйдің қолайлылығы мен экологиялық таза екендігіне көздері жеткен америкалықтар қазір оны кез келген мақсатта пайдалануда. Мәселен, тауда немесе көл жағасына тігіп, қала сыртындағы үй ретінде пайдаланады. Киіз үйді сатып алатындардың арасында онда тұрақты тұрып жатқандар да жоқ емес. Ал ұйым, мекемелер киіз үйді клиенттеріне қызмет көрсету үшін таптырмайтын баспана санайды. Мәселен, жас скауттар ұйымы, шаңғы курорттары мен экологиялық тұрғыдан таза саяхаттар ұйымдастыратын курорттар, табиғат аясында йога, медитация өткізетін студиялар үшін киіз үй өте ыңғайлы орын.
«Экономикалық дағдарыстан кейін қарапайым тұрмысқа көшіп, табиғат аясына оралғысы келетін жандар көбейді, – дейді Дэн Кигер. Компания қожайындарының айтуынша, орташа көлемді киіз үйдің бағасы шамамен 14 мың АҚШ доллары. Америкада орташа көлемді үйдің құны бұдан төрт-бес есе қымбат» деп жазады «Азаттық» радиосы.
Қарап қызғанасың ба, қызығасың ба? Әрине, киіз үйді әлем мойындап, таң-тамаша болып жатса, бұл біз үшін мақтаныш қой. Алайда бабадан қалған бай мұраларымыз «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатса, ол өкінішті.
Ван Джоунз киіз үйге ағылшынша сән берген
Киіз үй, сондай-ақ Ұлыбритания елінде де кең тараған көрінеді. Аталған елде белгілі құрылысшы саналатын Гал Ван Джоунз есімді ағылшын қазіргі кезде киіз үйлер жасап, оны сатып не жалға беріп, қомақты қаржы тауып отырған көрінеді. Гал Ван Джоунз бұл кәсіпті Туркияда жүріп үйреніпті. Тіпті арнайы білім алған да деседі. Сөйтіп, киіз үй жасап, оған «ағылшынша» сән беру арқылы бизнесін жандандырған. Осы тұста айта кетейік, киіз үйге көзі түскен әр ұлт өкілі оған өзінше сән бере беретін болса, киіз үйіміз «ГМО» атанып кететін шығар?!
Ол жасаған киіз үйлер көлеміне қарай 1300 доллардан 5000 долларға дейін бағаланады. Айта кетейік, осындай киіз үй Вашингтондағы Ақ үйдің маңында тұр. Оны жасаған – алматылық бизнесмен Ұзақбай Айтжанов. Сонымен қатар ұлты қырғыз Османалиев жасаған киіз үй Сан-Диего қаласындағы Әлем халықтары шығармашылығы Халықаралық мұражайында орналасқан.
Киіз үй өнеркәсібін неге жандандырмасқа?
КСРО жылдары киіз үй, негізінен, Үштөбе киіз үй комбинатында жасалатын. Ол 1961 жылы Қаражал құрылыс материалдары зауытындағы шағын, арнаулы цехтың негізінде ұйымдастырылып, бастапқыда «Киіз үй фабрикасы» деп аталды.
Малшыларға киіз тігумен айналысқан мекеме 1965 жылы Қазақ КСР Министр Кеңесінің №689 қаулысына сәйкес, фабрика Қазақ КСР Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрлігінің қарауына көшеді. 1967 жылы Үкіметтің қаулысымен жылына 15 000 қазақ үй жасауға мүмкіндік беретін жаңа өндірістік технология іске қосылғаны мәлім. Үштөбе киіз үй комбинаты өнімдері тек республикаға ғана емес, сонымен бірге шетелдерге де кеңінен танымал болған. Комбинаттан шыққан киіз үйлер беріктігімен, әсемдігімен және пайдалануға қолайлығымен ерекше еді.
Өкінішке қарай, қазір Қазақстанда киіз тігумен айналысатын мекемелер саусақпен санарлық. Есесіне, қытайлар одан миллиардтап қаржы табуда. Өзіміздің шикізатымызды өзімізге тауар ретінде сатып отырған қытайлар киіз үй тігуді жақсы меңгеріп, оның тиімділігін пайдаланып отыр.
Табиғат аясында демалғанға не жетсін! Таза ауа, құлаққа ұрған танадай тыныштық, салқын самал, қысқасы жанға сая жайлылық. Ал жалға берілетін киіз үйдің бағасын естіп, әлгі табиғатта демалсам деген ынтық көңілің басылып қалады. Бағасы қымбат, әсіресе жаз айларында 15 мың теңгеге дейін өсіп кетеді. Ал дәл сондай киіз үйді, сол маусымда қырғыз бауырымыз 4 мың теңгеге жалға береді.
Киіз үйді әлі де баспана ретінде пайдаланып отырған Монғолия бір жылда сыртқа 17 мыңға жуық киіз үй сататын көрінеді. Ал алтайлықтар мен тувалықтар Германия елінде жыл сайын этноауылды көрме өткізіп тұрады. Оған, негізінен ерекшелігі жағынан өркениеттің «әйнек үйлерінен» қалыспайтын киіз үйлерді қоюда.
«Қолда бардың қадірі жоқ» демекші, біз үшін жасалу технологиясының еш қиындығы да, құпиясы да жоқ киіз үй өзімізге таптырмайтын дүниеге айналып барады. Ғалымның көзқарасында қос қабатты киіз үй көтеру қазіргі заман ағымына бейімделу болып табылады. Бастысы, бұл – елге туристерді көптеп тартудың бір жолы.
Қос қабатты киіз үйдің артықшылықтары
Қос қабатты киіз үй жайында естуіңіз бар ма?
Бар екен. Оның авторы – техника ғылымының докторы, профессор Жұмабай Байнатов.
«Дамудың ұзақ сатысынан өткен киіз үй – жиналмалы үйлердің ең озық үлгісі. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 2000 жылдары пайда болып, қалыптасқан. Киіз үй күні бүгінге дейін пайдаланылуда. Көшпелі мал шаруашылығы мәдениетінің ажырамас бөлігі», – дейді өнертапқыш ғалым.
«Көшпелі халықтардың көп ауруларын қоздыратын себептердің бірі – ылғалдылық. Осындай дымқыл ауадан айырып, киіз үйдің жайлылығын арттыру мақсатында екі қабатты киіз үйдің макетін ойлап таптым» дей келе, Ж.Байнатов өзінің идеясынан туындаған өнертабысы туралы біраз түсініктеме берген-ді.
Тұрмысқа қолайлы қос қабатты киіз үйдің үстіңгі қабатында жатын және қонақ күтетін бөлмелер орналасқан екен. Ал үлкен мереке күндері киіз үйдің екінші қабаты сөз сөйлейтін не концерт қою алаңы ретінде пайдалануға ыңғайлы етіп жасалған-ды. Сонымен қатар қос қабатты киіз үйді табиғат аясында, яғни ғимарат салуға ыңғайсыз жерлерде кафе, ресторан ретінде қолдануға өте тиімді.
Бір жақсысы – екінші қабатқа улы жәндіктер шыға алмайды және ол қабат құрғақ болып келеді. Сайып келгенде, осы артықшылықтар қос қабатты киіз үйдің экологиялық маңызын жоғарылата түспек. Ал қыстың күні екінші қабатты жауып, оны шатыр ретінде қолдануға әбден лайық. Жаңа өнертуынды, тіпті жуылған кір-қоңды жайып қойса да (қыс мезгілінде екінші қабатқа) әбден болатындай етіп жасалған.
Қос қабатты киіз үй, әсіресе жас үйленген отбасыларына таптырмайтын баспана. Нәрестенің дұрыс дамуына таза ауа, тыныштық аса қажет әрі күннің сәулесі да жақсы түсетін болады.
Мұндай үйдің құрастыру әдісі де анау айтқандай қиын шаруа емес. Алдымен екінші қабатты толығымен құрып алып, киіздерін бекітіп алған соң, сол қалпында бірінші қабатқа кигізе салады. Ал бірінші қабатқа симметрия етіп жүк көтергіш қада орнатады.
Қыс айларында бірінші қабаттағы ошақтан шыққан жылу орнатылған коллекторлардың екінші қабатты қоса жылытуға мүмкіндігі әбден жетеді. Бірінші қабаттан екінші қабатқа табалдырық арқылы көтеріледі.
Америка ғалымдары зерттегендей, бір баспалдақ адамның төрт секунд өмірін ұзартады екен. Ал екі қабатты киіз үйде 15 баспалдақ орнатылған.
Қысқасы, Қазақ жері – мал шаруашылығы қалыптасқан ең көне аймақтардың бірі. Мал шауашылығы әлі күнге дейін отандық экономикаға тың серпін беретін елеулі күш саналып отыр. Ондай болса, мал шаруашылығымен айналысатындардың тұрмыс мәдениетін дамытуда қос қабатты киіз үй – теңдесі жоқ баспана. Ал Ж.Байнатов: «Бұл қос қабатты киіз үйге тек табиғи экологиялық таза мекенжай деп қана емес, қазіргі заман ағымымен үндескен жаңа жоба деп қараған жөн» дейді.
Робот-бесік
«Төріңде бесік тұрса, төре де басын иеді» дейді қазақ. Төрінде бесігі тұрған әрбір шаңырақ – қазақ үшін киелі шаңырақ. Жуырда жас өнертапқыш Серікбол Шәймардан электронды бесік ойлап тапты дегенді естігенде күллі қазақ елең ете қалған-ды. Жас жігіт С.Шәймарданның негізгі мамандығы радиотехник екен. Ол ойлап тапқан бесіктің бір ерекшелігі – оның қашықтан басқарылатыны, яғни бесік сәби даусына тербеледі. Робот-бесікті пайдаланып көргендер тәнті болып отыр.
Серікбол Шәймарданның өзі қиялында көптен бұғып жатқан электронды бесік жобасын «көп жылғы еңбегім» дейді.
Бақ өкілдеріне берген мәлімдемесінде Серікбол Шәймардан:
– Бала жыласа, өздігінен тербелетін бесікті қолданып жатқандар жоқ емес. «Бесік арқылы уақытымызды айтарлықтай үнемдеп отырмыз. Оның пайдасы болмаса, еш зияны жоқ» дейді олар. Бесікті уақыттың шек қоюы арқылы тербетуге болады. Сонымен қатар басқарғыш құралы арқылы алыстан басқаруға қолайлы. Тағы бір артықшылығы - бала дәретке отырса, бесік өзі белгі береді. Тіпті баланың көрпесі ашылып қалса да, оны бесік «айтады».
Кейінгі жылдары баланы бесікке бөлеу дәстүрі ұмыт бола бастаған еді. Тіпті оған қарсы, яғни «бесік баланың дамуын тежейді» деген ғалымдар да бар болып шықты. Ал жас өнертапқыш өз кезегінде сол ұлттық дәстүрімізді жаңғыртуға ықпал етпекші. «Заманауи электронды бесік ойлап тапқандағы мақсатым сол еді» дейді. Бүгінге дейін 30-ға жуық өнертабыс ойлап тапқан С.Шәймардан осылай патент алу арқылы қазақ қазынасының бірін өз қанжығасында қалдыруға үлес қосты.
Электронды домбыра ұлттық нақышын құртып алмай ма?
Соңғы кездері электронды домбыра жасап шығуға әрекеттенгендер аз болған жоқ. Көбісі сәтсіз аяқталып жатты. Алайда осы жуырда талай жылғы «толғақтан» кейін электронды домбыра, әйтеуір, дүниеге келді. Қазақстандық шебер ойлап тапқан бұл өнертуындысы тарихта қала ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Біреу риза болса, енді біреу «электронды домбыраны ұлттық аспабымыз деуге келе қоймас» деген пікір айтуда.
Ержан ИСИН, музыкант:
– Электронды домбыра иесі мен болғанымен, оның жобасын жасап, жүзеге асырған өнер шебері – Әділ Сәбит. Қазір бұл домбыра – халықаралық патенттің «иесі». Айтпақшы, Әділ Сәбит гитара жасауда Лондонда өткен сайыста Шеберлер гильдиясының құрметті тізіміне ілінді. Әзірге бұл домбыра – елімізде патенттелген тұңғыш өнертабыс. Авторлық құқығы да бар.
Өздеріңіз білесіздер, электронды домбыра жасағысы келгеннің біріншісі Әділ Сәбит емес. Бірнеше өнертапқыш байқап көрді. Алайда домбыра анау-мынау аспап емес. Домбыра – қоңыр үні тыңдаған жанның айызын қандырып, бүкіл алпыс екі тамырыңды идіре алатын аса қасиетті әрі тарих пен сырға толы аспап. Сондықтан да оны жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ондай болса, электронды домбыра жасаудың қиындығын осыған қарап-ақ түсінуге болады. Әділ Сәбит шеберлік танытты. Ол домбыраның табиғи, қоңыр дауысын сақтай білді. Ол оған нейлон ішек пайдаланды. Домбыраның ішіне шебер арнайы құрылғы орнатты. Соның көмегімен домбыраның үні қатты шығады. Жасыратыны жоқ көп іздендік. Электронды домбыраны жасауға жылға жуық уақытымыз кетіпті.
Ұлттық құндылықтарымызды патенттеуді мемлекет өз мойнына алуы тиіс пе?
Ұлттық құндылықтарымызға көз салып, патенттеп алғысы келіп жүрген жатжұрттықтар аз емес. Біреу қымызымызды, біреу домбырамызды, енді біреу киіз үйімізге «таласып» жүр. Түнеу күні Көкшетау қаласына еуропалықтар келіп, киіз басудың технологиясын сұрастырып кетті. Бұдан да сақтану керек. Өйткені қазақтың қай дүниесін не асын алыңыз, барлығы да табиғи пайдалы болып шығады. Әрі сапалы. Ондай болса, ұлттық құндылықтарымызды патенттеуді мемлекет өз мойнына алуы керек шығар? «Әйтпесе бабадан балаға мирас етіп қалдыратын түк қалмауы ғажап емес» дейді мамандар.
БІЛІКТІ НЕ ДЕЙДІ?
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Патент – мемлекеттің жеке адамға не фирмаға беретін және оның ойлап тапқан өнертабысын белгілі бір мерзім ішінде пайдалануына ерекше құқықты мойындауды қамтамасыз ететін құжат. Мемлекет тек оның заңдық нормалар аясында жүзеге асуын қадағалап, бақылап отыруды ғана міндетіне ала алады.
Ал егер әңгіме ұлттық құндылыққа қатысты болатын болса, шынымен де, мемлекеттің араласқаны жөн. Өйткені, шынымен де, соңғы кездері ұлттық қазынамыздың ішінде түрленіп, өзгеріп, біздің санамыздан ұмыт болу қаупі төніп тұрғандары жоқ емес. Тіпті ұрпағымызға қалдыратын қазына қалмай жатса, бұл – қасірет. Әрбір ұлттың тарихы оның ұлттық құндылықтарымен ғана өміршең. Ал тарихи санасы өшкен елдің болашағы жоқ.
Кейде шетелдіктердің біздің ұлттық нақыштағы дүниелерімізге, салт-дәстүрлерімізге қызығушылық танытып, тіпті «үйретіңіздерші» деп жалынатындары да бар.
Әркім тартып алмай тұрғанда, ұлттық құндылықтарымызды заңдастырып қойғанымыз дұрыс, яғни патенттеп қою керек. Оған мемлекет тарапынан қолдау керек деген пікірге толықтай қосыламын.
БІЛІМДІ НЕ ДЕЙДІ?
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:
– Бұл сауалды осыдан бірнеше жыл бұрын қойғанда мен ойланып қалар едім. Енді мұндай пікірмен қосыламын. Өйткені, шыны керек, «ұлттық брендтерімізден айырылып қаламыз ба?» деген үрейім бар. Ата-бабаларымыз қалдырып кеткен қазақтың ұлттық құндылықтары ұшан-теңiз. Өкінішке қарай, көбісі бүгінгі күнге жетпей қалды. Бiразы этнографиялық жазба күйінде қалды. Қазір біздің білетініміз тек жұрнағы ғана. Тіпті соның өзінен айырылып қалмасақ игі еді. Ол үшін мұндай ірі іске мемлекет араласпаса болмайды.
Белгілі этнограф, бүгін арамызда жоқ Жағда Бабалықовтың «қазақтың ұлттық ойындарының өзi ғана 500-ге жетедi» дегенін естігенім бар. «Ұлттық құндылықтарымыз дегенде бірінші санаға ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар, ою-өрнектер, тұрмыстық бұйымдар және тағы да басқа ата-бабаларымыз тұрмыста қолданып, мұра етiп қалдырып кеткен заттар түседі. Айта кетейін, жылқыны алғашқы болып қолға үйреткен біз екенiн және алманың отаны Жетiсу өңiрi екенiн әлем ғалымдары мойындап отыр. Осылардың барлығына халықаралық патент алып, ұрпағымызға мұра етіп қалдыру біздің парызымыз емес пе? Былайша айтқанда, мемлекет бас-көз болмаса, жекелеген адамдардың қолынан не келеді?