Қазір әмбебап базарға барсаңыз, аяқкиімнің түр-түрі тізіліп тұр.
Бүгінгі айтпағымыз – біз жаздық аяқкиімді дұрыс таңдай білеміз бе? Аяқкиім таңдағанда нені ескеру керек? Бұл ретте мамандардың басым бөлігі аяқкиім таңдарда мынадай жайттарды қаперге алған жөн екенін ескертеді:
• Бірінші, аяқкиім алуға кешкісін немесе түс ауа бармаңыз. Бұл аралықтарда адамның аяғы ісініп тұрады да, өзіңізге үлкен мөлшерлі аяқкиім таңдап қоюыңыз мүмкін. Демек, аяқкиім таңдауға ең қолайлы кез – таңертеңгі мезгіл.
• Бұдан соң екінші бір ескеретін жайт – теріден тігілген бе, жоқ па, осыған назар аударыңыз. Егер аяқкиімнің сыртқы тіні ішке қаратып тігілген болса, ол аяқкиімнің таза теріден тігілмегендігін айқындайды.
• Тағы бір назар аударатын дүние – аяқкиімнің аяққа жайлылығы. Мамандар, негізінен, әйел адамдарға жаздыгүні биік өкшелі аяқкиім киюге аса бейіл болмау керектігін айтады.
• Төртінші бір жадыңызда ұстайтын жайт – жаздық аяқкиім неғұрлым ашық түсті болғаны абзал. Бұл аяқтың ылғалданбауына өзіндік әсерін тигізеді.
• Бұдан соң, әрине, сатып алатын аяқкиіміңіздің бағасына назар аударасыз. Осы тұста сатушыдан тұтынушы ретінде тауардың сертификатын сұрауды да ескеріңіз.
Міне, аяқкиім таңдауда осы қағидаларды есте ұстағаныңыз жөн. Бұған қоса аяқкиіміңіздің түр-түсі міндетті түрде киіміңіздің түсіне сәйкес келуі шарт емес. Бастысы, таңдаған тауарыңыз сапалы әрі жарасымды болуына назар аударыңыз.
Ал балаларға аяқкиім таңдарда неғұрлым буынға оң әсерін тигізетін емдік аяқкиімдерді таңдаған жөн. Бұл, әрине, сіздің қалтаңызға ауырлау да тиюі мүмкін. Дегенмен медицина мамандары балаларға Қытайдың аяқкиімдерін кигізбеуге тырысу қажеттігін айтады. Бұл ретте сарапшы-маман Айсәуле Тілеукина: «Қазір ресейлік аяқкиім өнімдері де қолжетімді бағада сатылуда. Осыған орай айтарым, ресейлік «Совенок», «Беби-бум» фирмаларының балаларға арналған өнімдері 2000 теңге мен 5000 теңгенің айналасында. Сондықтан неғұрлым «фабричный Пекиннен» гөрі, түрік немесе Ресей аяқкиім өнімдерін алған дұрыс», – дейді.