2020 жылға қарай Қазақстандағы электрондық сауданың үлесі 360-400 млрд теңгеге жетеді
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іргелі шаруалар қолға алынуда. Солардың бірі – электрондық сауда саласы соңғы жылдары қарқынды қанат жаюда.
Статистикалық деректерге жүгінсек, өткен жылы электронды сауда нырығының көлемі 106,9 млрд теңгеге жетті. Бұл бөлшек саудадағы тауар айналымы жалпы көлемінің 1,2 пайызын құрайды. «Қазпошта» АҚ жедел деректеріне сәйкес, 2018 жылдың 5 айында электронды сауда нарығының көлемі 101 млрд теңгені құраған. Жыл басынан бері 110 жаңа электронды сауда субъектілер тіркелді. Бүгінде нарықта жұмыс істеп жатқан интернет-дүкендердің саны – 1658. Өткен жылмен салыстырғанда сатып алушылардың саны да 5 пайызға артқан. Сонымен бірге, электронды сауда нарығы арқылы 71,6 мың адам жұмысқа орналасқан.
Күні кеше «Одноклассники» әлеуметтік желісінің интернет-дүкені Қазақстандағы клиенттері үшін тағы бір жаңа бастаманы қолға алды. Екіжақты келісім аясында ОК интернет-дүкенінен сатып алынған тауарды «Қазпошта» АҚ соңғы заманауи технологияның көмегімен жедел жеткізіп береді. Еліміз әлеуметтік желінің стратегиялық аймағы болып табылады, себебі мұнда көлемі жағынан Ресей мен Белоруссиядан кейінгі үшінші аудиториясы шоғырланған. Ай сайынғы аудитория – шамамен 2,5 млн пайдаланушы.
– Біз Қазақстанда электрондық коммерцияның зор қарқынмен өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. 2016 жылғы нарық көлемі 180 млрд теңгені құраса, 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш, «Қазпошта» бағалауы бойынша 360-400 млрд теңгеге жетеді. Әрі қарай қарқын тек арта түседі.
2018 жылдың сәуір айында біз ресейлік аудиторияға әлеуметтік желіден шықпай-ақ, сатып алудың барлық циклын қамтамасыз ететін қытай тауарларының алғашқы маркетплеймін іске қостық. Енді дәл осы қызмет қазақстандықтарға да қолжетімді екенін қуанышпен жеткіземін, - дейді «Одноклассники» әлеуметтік желісінің жетекшісі Антон Федчин.