Кеше Алматы қаласындағы №56 гимназияда Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – егемендігіміздің айғағы» атты концерттік бағдарлама өтті. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары сахналық көріністерде ойнап, ұлттық аспаптардың үнін әуелетті.
Оқушыларын отансүйгіштікке, адамгершілікке, халқына адал қызмет етуге, қазақ жерінің тарихын жаттап өсуге баулыған ұстаздар қауымы биылғы іс-шараның мазмұнын түбегейлі өзгерттік деп отыр. Сахналық көріністерді Құрманғазының «Сарыарқасы» мен С.Тұрысбековтың «Секеннің саз отауы» күйлерімен көркемдеген ұйымдастырушылар өскелең ұрпаққа «Тәуелсіздікті» дұрыс ұғындырудың ең сара жолы қазақтың дәстүрлі күйлерін санасына сіңіріп, ата дәстүрін жаттату дейді. Кеш барысында шашу шашылып, Қазақстанның табиғаты ең бай өңірлері бейнеленген видеокөріністер қонақтардың назарына ұсынылды. Оқушылар хорға қатысып, ұлттық би өнерін паш етті. Шара соңында «Қазақстан жетістіктері» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, мектептің биылғы түлектері Отанына деген ыстық сезім-лебіздерімен бөлісті.
Айман НҰРПЕЙІСОВА, ұйымдастырушы ұстаз:
– Біз жастардың болашаққа деген сенімін оятуымыз керек. Себебі болашақ иесі сол – жастар. Оның орнына салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды өсіп келе жатқан ұрпақтың жадына жаттатқанымыз дұрыс деп ойлаймын.
Аида ЖҰРМАҒАМБЕТОВА, 11-сынып оқушысы:
– Тәуелсіздік десе менің көз алдыма бірден мемлекеттік нышандар елестеп, Әнұранымыз құлағымда сайрап тұрады. Қазақстан жас мемлекет болса да бүкіл әлемге танылып үлгерді. Мемлекетіміз жастардың әлем ағымынан қалыс қалмауы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Және біз оны бағалап, құрметтеп, нық сеніммен Тәуелсіздік туын биіктерде желбірете беруге міндеттіміз.
Тәуелсіздік – балалар көзімен
Последние статьи автора