Көз жанарынан айырылған үш әнші баланың басын қосқан «Сәт» триосы халық арасында танымал. Топ құрамындағы Азат Әбілдаев, Сапарбай Алтыбай мен Тұрар Тұрмысов Шымкент қаласындағы көздері нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында білім алады. Балалардың бойындағы ерекше қасиетті байқап, оны әрі қарай дамытуға музыка пәнінің мұғалімі Тамара Шілдерханова үлес қосқан.
Ұжымның құрылғанына аз уақыт өтсе де, дарынды ұлдар бірқатар халықаралық, республикалық байқауларда топ жарды. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Кастальский ключ» атты жетім балалардың халықаралық фестиваліне қатысқан олар бас жүлдені қанжығаға байлады. Сонымен қатар режиссер Руслан Байтөлешовтің «Тағдыр» атты фильміне түсіп, әртістік қырларынан көрінген.
Қазіргі таңда өнерпаздар еліміздің түкпір-түкпірін гастрольдік сапармен аралауда. Өнер сапары ертең, яғни 3 маусымда Ертістің Кереку өңірінде де жалғасын таппақ. Концерттік кеште өмір бойы ән айтуды армандайтын жеткіншектердің жұртшылық сүйіп тыңдайтын туындылары шырқалады.
«Сәт» триосы – Керекуде
Последние статьи автора