18 мамыр – Халықаралық мұражай күніне орай Алматыда Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық халық аспаптар мұражайында қалалық мәдениет басқармасына қарасты мұражайлар бірлесіп «Мұражай – тарих мұрасы» атты мәдени шара өткізді. Осы жиында Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының қасынан құрылған «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің алғашқы құрамы, ардагер өнерпаздар 30 жылдан асқан соң қайта бірігіп сахнаға шықты.
Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайы 1980 жылдары белгілі қоғам қайраткері, өнертанушы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің ұйытқы болуымен ашылған. Ол кісі мұражайдың тұңғыш директоры етіп қазіргі белгілі өнер зерттеушісі, күйші Жарқын Шәкәрімді қояды. Жарқын Шәкәрім ағамыз қылшылдап тұрған шағында құрған «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің алдында толқи сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты. «Ұлттық өнерді дәріптеу бағытында Ықылас атындағы мұражайда, яғни Медеу ауданында жүргізіліп жатқан шаралар қаланың өзге аудандарына да үлгі болуы тиіс», – деп түйіндеді ойын өнертанушы ғалым.
Жанна ДОСАНОВА, Алматы қалалық Медеу ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
– Биылғы жыл Алматы қаласында «Мәдениет жылы» деп белгіленді. Сондықтан біздің ауданымызда тарихымызды түгендеуге, мұра-жәдігерлерімізді жаңғыртуға, ұлттық өнерімізді өрістетуге айрықша көңіл бөлінуде. Жуырда Республика сарайында Майра Ілиясованың «Алтын домбыра» атты концертін бірлесіп ұйымдастырдық. Енді, міне, Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптар мұражайына да қолдау көрсетіп отырмыз. Бабаларымыздан қалған бай мұрамызды, ұлттық классикалық музыкамызды бүгінгі жас ұрпақ білсе екен деген ниетіміз бар.
Мұраларға қатысты мереке Ықылас мұражайында тойланды
Последние статьи автора