Күллі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті мерекесі – Мәуліт айы басталды. Мәуліт – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дүние есігін ашқан күні, туылған күні.
Қазіргі таңда қандай бір мұсылман елі болмасын Хақ елшісін (с.ғ.с) естеріне алып, жадында ол жайлы мәліметтері мен білімдерін жаңғыртуы – үлкен қажеттілік. Әрі халықтың бір жерге жиналып, Мәулітті атап өтуі – Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сағынышын, сүйіспеншіліктерін арттыра түседі. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) еске алу мұсылман қауымын Алла тағалаға – лайықты құл, оның елшісіне (с.ғ.с) ақыретте мақтан тұтарлық үмбет болдым ба деген ойға жетелеп, мұсылмандығына қайта көз тастауына сеп болары сөзсіз. Мұсылмандардың осындай игі мақсат үшін бір жерге жиналуы араларындағы бауырластықтың күшеюіне де жол ашады. Адамзат баласын жақсылыққа шақыратын мұндай іс-шараның пайдалы екені, ал әрбір пайдалы да сауапты іс-әрекетті ислам дінінің қолдайтыны баршамызға мәлім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні – тек ән салып, ішіп- жеумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес, оның (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын рухани мереке екенін түсінгеніміз жөн.
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы:
– Ақпанның 2-сінде Алматыдағы Республика сарайында Пайғамбарымызға салауаттар айту мақсатында мерекелік шара өтеді. Кіру ақылы. Бағасы – 200 теңге. Билет сатудан түскен қаржы Мәуліт салтанатында жетімдер һәм балалар үйіне беріледі. Бұл айда атап өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру. Ұлы Алла тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін!
Мәуліт айы мүбарак болсын!
Последние статьи автора