Қазақстан Жазушылар одағы Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс күні мерекелерінің дүбірі басылмай тұрып, ерекше дәстүрлі поэзия кешін өткізбек.
Бұл жолғы шараның әдеттегіден өзгешелігі – кеш барысында ақындар өз өлеңдерін оқып қана қоймай, басқа да шығармашылық қырларымен көрінбек. Бұдан бұрынғы кештерге негізінен белгілі эстрада жұлдыздары мен дәстүрлі ән өнерінің майталмандары арнайы шақырылатын. Қазақтың қара өлеңін төрге оздыратын кешке қатысатын аға буын мен кейінгі буын жас қалам иелерінің арасында кәсіби әншілермен таласқа түсе алатын таланттары даa жоқ емес. Мысалы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иелері – Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан сынды танымал ақындардың қазақтың қара домбырасымен әуелете ән шырқап, күмбірлете күй төгетін өнерлерін қарапайым оқырман біле бермес. Көптеген қазақ ақындарының арасында күйші де, биші де, суретші де, әнші де бар. Ендеше, құрметті оқырман, өздеріңіз шығармашылығын бағалайтын ақындарды жаңа қырынан тануыңызға мүмкіндіктеріңіз бар.
Ақындар өлең оқып, ән салатын ән-жыр кеші Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде 11 мамыр күні, сағат 16.00-де басталады. Осы кеште өнерін ортаға салсам дейтін жас ақындар болса, алдын ала Жазушылар одағына хабарласуларына болады.
Өлеңсүйер қауымға есік ашық.
Ұйымдастыру алқасы
Ақындар өлең оқып, ән салады
Последние статьи автора