лла Тағала Құранда Өз құлдарына: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз...» («Бақара» сүресі, 155-аят) деп ескертеді. Алла айтса, қашанда ақиқат! Және мұнда бір жақсылықтың болуы да мүмкін. Алайда, кейде қиыншылықтардың тым көп болуын «жолым жабылып қалдыға» балап, көңілге уайым ұялатқан тығырықтардан шығудың оңай жолын іздеуге асығамыз. Өкініштісі, құтылғымыз келгені соншалықты тәуіптердің есігін қағып қойып та жатырмыз. Бұл – ризық-несібенің, жақсылықтың көзі бір Алланың құзырында екендігін естен шығарып алғандығымыздан. «Расында Алладан өзгеге табынғандарың сендерге арналған несібеге иелік етпейді, сондықтан да Алладан несібені аңсаңдар, және Оған сыйыныңдар, және Оған алғыстарыңды білдіріңдер, сендер Оған қайтарыласыңдар» («Әнкабут» сүресі, 17 -аят).
Рас, әркім бақуатты, берекелі, тату, аман-сау, мамыражай ғұмыр кешкісі келеді. Дегенмен, болғысы келу бір басқа, болуға ұмтылу, амал жасау бір басқа. Және бола алмай жатқанымыздың себебін білу тағы бөлек әңгіме. Осы орайда, бүгінгі мақаламызда ризық-несібенің тарылуына және ризық-несібенің келуіне себеп болатын жағдайларды тізіп беруді мақсат тұтып отырмыз.
Жолыңыз не себепті жабылып қалады?
Төменде келтірілген ағаттықтар адамның ризық-несібесінің тарылуына, яғни, қаржы қиындықтарының шығуына, ойға алған істерінің болмай қалуына, ауру-сырқатқа шалдығуына, жұмыс таба алмауына, отбасында кикілжіңдердің жиі орын алуына, ісінің берекесінің қашуына т.б. қиындықтардың орын алуына себеп болады:
1. Күнә
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында құл жасаған күнәменен рызық-несібеден мақрұм етіледі» деген (Ахмад, Мәжәһ). Ал Хазреті Әли (оған Алла разы болсын) бұл жайында: «Егер бір пенденің басына қасірет орнаса, ол нәрсе күнәдан. Егер пендеден бір қасірет кетсе, ол нәрсе тәубенің себебінен» деп айтқан. Күнәға батқан адам бір істі бітірейін деп қолына алса, сол істі ақырына жеткізе алмай кедергілерге тап болады. Мұны естіген адам: «Менің ниетім ақ, жүргім таза, ешкімнің ала-жібін аттамадым» деуі мүмкін. Алайда, ол адам алдымен ең ауыр күнә Аллаға серік қосудан аулақ па? Соны тексерсін! Себебі, үлкен күнә үлкен қасіреттерді әкеледі. Сондай-ақ, Баззардан жеткен хадисте: «Егер зинақорлық жайылса кедейлік пен қаріп-қасерлік те жайлайды» делінген. Ал, Құдіреті күшті Алла Қасиетті Құранда: «Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді» дейді («Шура» сүресі, 30-аят). Тіпті, ислам ғалымдарының бірі: «Мен егер бір күнә жасап қойсам, сол күнәмнің әсерін әйелім мен мінетін көлігімнің мінез-құлқынан кездестіремін» деген екен. Иә, адам күнәсі себепті жанұясындағы жақсы да, жайдарлы қарым-қатынастардан ажырап, мінетін көлігінде де, істейтін тірлігінде де көптеген сәтсіздіктерге жолыға беретін болады. Ал, ол нәрсе оның жүйкесін жұқартып, құлшыныстарын азайтып қояды. «Күнәнің жазасы соңынан келетін тағы бір күнә, ал жақсылықтың сыйы соңынан келетін тағы бір жақсылық».
Күнә бір ғана адамның басына қайғы орнатпайды, бүкіл қауымға зиянын тигізуі мүмкін. Құрлық пен теңіздерде болатын көптеген жер сілкінісі, жойқын дауыл, қуаншылық сияқты апаттардың себепшісі – күнә. Аятта: «Құрлық пен теңізде адамдардың қолекі істегендерінің кесірінен бүліншілік шықты. Олардың істегендерінің кейбірінің сазайын таттыру үшін. Мүмкін олар бағыттарынан қайтар» делінген. («Рум» сүресі, 41-аят). Хазіреті Омардың (оған Алла разы болсын) тұсында жер сілкінгенде ол кісі: «Ей, адамдар! Бұл жер сілкінісі сендердің жасаған бір күнәлі істеріңнен болды. Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, егер бұл сілкініс қайталанса сендермен бірге бұл жайда ешбір тұрмаймын» деген екен.
2. Харам ас ішу, харам жолмен ақша табу
Адамның жейтін асы, асқа жұмсайтын қаражаты харам болған жағдайда ол адамның ісінің берекесі қашады. Алла Тағала «Мәида» сүресінің 88-аятында: «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер» деп бұйырады. Тағы бірде: «Біз сендерге ризық етіп бергеннің жақсыларын жеңдер. Әрі онда шектен шықпаңдар. Әйтпесе, сендерге қаһарым түседі. Ал кімге Менің ашуым түссе, ол сөзсіз құрыды» деп ескертеді. («Та Һа» сүресі, 20-аят). Сол себепті, отбасыңызға ұсынатын тағамдарыңыздың халал болуын барынша қадағалаңыз. Құлшылықтың қабыл болуы үшін де жейтін ризығымыздың адал болуы талап етіледі. Сауда-саттықта да шариғат тыйым еткен әрекеттерден тыйылып, өсімқорлықтан аулақ болып, тауарларының тек таза нәрселерден болуын қадағалаған адамның жолы ашылады. Сонымен қатар, хадисте: «Сауда-саттық жасағанда жиі ант ішуден сақтаныңдар. Өйткені ол (тауарды) өткізгенмен, кейін(оның берекесін) жояды» , «Сатушы мен сатып алушы айырылысқанға дейін (келісімді бұзуға) ерікті. Егер екеуі де шынын әрі ашығын айтса (сатушы тауарының сапасы мен кемшілігін көрсетіп, ал алушы сатып алу шарты мен ақшасын төлеу мерзімін бүкпесіз, ашық айтқан болса), екеуінің де саудасына береке дариды, ал егер жалған айтса және жасырса, саудаларының берекесі жойылады», – делінген. Яғни, саудадағы пайдалары түбінде зиянға айналады (Муслим). Пайғамбарымыз хадисінде: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деген екен (Муслим). Ал имам Ғазали сәбиді хараммен қоректенетін әйел емізсе, болашақта баланың ұяты азайып, қиқар қылықтар мен нашар әдеттерге жақын болып өсетіндігін, сондықтан, баланы харамнан алыс салиқалы, ізгі ниетті әйелдің емізуі керектігін ескерткен («Ихияу улумуд дин», 3-т., 165-б.).
3. Туыстық қарым-қатынасты үзу
Адамның кедейлікке тап болуының тағы бір себебі – туыстық қарым-қатынасты сақтамауы. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын): «Расында, «әр-рахим» («туыстық байланыс, ағайындық қатынас» сөзі «әр-Рахман» (Аса Мейірімді) (сөзінен) туындаған, ал Алла: «Кім сенімен байланыс жасаса, Мен онымен байланыс жасаймын, ал кім сенімен қатынасын үзсе, Мен онымен қатынасымды үземін (ондай адамды Өз мейірімімнен қағамын)»,—деп айтты»,—деген (Бұхари).
Хадисте: «Кімді ризығының кеңейтілуі немесе өмірінің ұзартылуы қуантса, ол туыстарымен қатыссын» делінеді (Бұхари, Ахмад). Демек, туыстық қатынасты күшейту тұрғысында Алла разалығы үшін және ризығым артсын деп ниет етуге болады. Алайда ризықты туыстар емес, Алла Тағала арттырады. Туыстар тек себепкер ғана, олармен қарым-қатынас жасау себепті осы дүниеде берекеге қол жеткізу мүмкін.
Туыстық қарым-қатынасты ұстану – Алланың бұйрығы, ал оған құлақ аспаған күнә жасаған болады. Алла Тағала Құранда айтты: «…Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (безуден) қорқыңдар…» («Ниса» сүресі, 1 аят.)
4. Дұрыс тәуекел жасамау
Тәуекел – белгілі бір мақсатқа, нәтижеге қол жеткізу үшін қажетті заттық және рухани барлық себеп-салдарларды орындағаннан кейін нәтижесін Аллаға тапсыру, күту. Яғни, адам белгілі бір істі бастағанда өзіне ғана сеніп кетпей, «Я, Құдіретті Алла! Міне, мен қолымнан келген әрекетті жасадым, ендігі нәтиже сенің қолыңда, сен сәттілік берсең, ісім оңға баспақ» деп, Аллаға тапсыруы тиіс: «...Ал кім Аллаға жүгініп, Оған ісін тапсырса (тәуекел етсе), Ол оған жеткілікті. Ақиқатында, Алла – ісін соңына жеткізуші...» («Талақ» сүресі, 3-аят).
Көпшілік адамдар нәтиженің Алладан екенін ұмытып, өзінің қабілетіне немесе бай туысының абыройына немесе ақшаға сеніп жіберуі мүмкін. Ал бұл ол істің орта жолда қалып қоюына себеп болатын ауыр күнә.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді, таңертең аш кетіп кешке қарындары тойып қайтатын құстарды қалай ризықтандырады, сендерді де солай ризықтандырар еді» (Тирмизи).
Сондықтан, мұсылман дұрыс тәуекел етуді үйренуі қажет, ақылсыз торғайды ризықтандырған Алланың адамды қамтамасыз ете алмауы ақылға сыймайтын нәрсе емес пе?
5. Қанағатсыздық немесе шүкірсіздік
Алла Тағала «Нахл» сүресінде: Алланың нығметтерін жоққа шығарып, шүкірліктен күпірлікке өтіп, күнәларға батқан елге апат жібергенін баян етеді: «Алла сендерге тыныш та, жайбарақат болған бір кентті мысал етті. Оған оның рызқысы әр тараптан мол болып келуші еді. Кейін Алланың нығметтеріне күпірлік келтірді. Сондықтан Алла оларға істегендеріне қарай ашаршылық және қауіп-қатердің ауыртпашылығын таттырды» («Нахл» сүресі, 112-аят).
Сондай-ақ, Ибраһим Пайғамбар мен ұлы Исмаилдың (ол екеуіне Аллланың сәлемі болсын) оқиғасында да үлкен даналық бар. Қиссада Ибраһим Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) ұлы жоқта үйіне қонаққа келгендігі баяндалады. Сонда келінінен күнкөрістері мен жағдайлары жайлы сұрайды. (Келіні) оған: «Біздің (жағдайымыз) нашар, таршылықта, қиындықта (өмір сүріп жатырмыз)» деп шағымданады. Әкесі ұлына табалдырығын ауыстыруды, яғни, басқа әйел алуды өсиет етіп кетеді. Келесі бір келгенде Исмаилдың жаңа түскен келінінен күнкөрістерін тағы сұрайды. Сонда келін: «Біздің (жағдайымыз) жақсы, молшылықтамыз» деп, Алланы мадақтайды. Ибраһим ұлына табалдырықты бекітуді өсиет етеді. Мұны естіген Исмаил (оған Алланың сәлемі болсын):«Табалдырық» (дегені) сенсің, ол маған сені өзімде ұстауымды бұйырыпты» дейді (Бұхари).
Яғни, әр ісін тек Алланың әмірімен уахи арқылы жасайтын Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) алғашқы келінінің қанағатсыз, шүкірсіз екенін байқап олардың отбасының баянды бола алмайтынын аңғарып, баласына ажырасуды бұйырды. Сондықтан шүкірлігі жоқ отбасы салихалы, бақуатты жанұяға айнала алмайды. Тіпті, ғалымдар әйел адамның шүкірсіздігі – берексіздіктің негізгі бастауы, кілті деген екен. Расында, әлемдердің Раббысы: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты» деп уәде бермей ме? («Ибраһим» сүресі, 7-аят).
Жолдың ашылуына себеп болатын істер
1. Тақуалыққа ұмтылу
Ең негізгі жол – тақуалыққа ұмтылу. Тақуалық дегеніміз – Алла Тағаладан шынайы қорқу, тыйым салынғандардан бас тарту. Әрбір әрекетін «Ақыреттегі халім не болады? Бұл іс үшін сый бар ма әлде жаза бар ма?» деп ойлана отырып жасау. Адамның тақуалығы күшейген сайын Алла жеңілдіктерді бере түседі. Бұл – жоқ жерден жол ашылу, ризыққа кенелу. Алла Тағала «Талақ» сүресінің 2-3 аяттарында: «Кім Алладан қорықса, (Алла) оған бір шығар жол пайда қылады. Және оны ойламаған жерден рызықтандырады» деген. Ал басқа аятта: «Әй мүминдер! Егер Алладан қорықсаңдар, Ол сендерге жақсы, жаманды айыратын қабілет береді, әрі жамандықтарыңды жойып жарылқайды. Алла зор кеңшілік иесі» делінген («Әнфал» сүресі, 29 аят). Тақуалықты тастау – пақырлыққа бастайтын жол.
2. Ісінде әрдайым Аллаға тәуекел ету
Жоғарыда айтқанымыздай, кез келген істе қолынан келген еңбегін жасап болғаннан кейін, Алла Тағалаға дұрыс тәуекел ету қажет. Басыңа қиындық түскенде ең бірінші ойыңа келетін əрі ең бірінші арқа сүйерің жалғыз Алла болсын. Кім Аллаға сүйенсе, Ол оған жетіп артылады. Кім басқаға тəуекел етсе, Алла оны соған тапсырып қойып, шерменде қылады.
«Аспандар мен жердің құпиясы Аллада. Əрі істеріңнің барлығы оған қайтарылады. Оған құлшылық ет жəне Оған жүгініп, өзіңді тапсыр. Сендердің Раббыларың не істеп жатқандарыңнан бейғам емес» (Һуд сүресі, 123-ші аят).
3. Ата-анаға құрмет көрсету.
Жүрегіңде қаттылық сезініп, мінез-құлқыңның жаман жаққа өзгере бастағанын байқасаң, сондай-ақ, бақытсыздыққа ұрынып, жолың ашылмай жүрсе – ата-анаңмен қарым-қатынасыңды қайта тексер. Өйткені əлемдердің Раббысы Құранда Иса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) тілінде: «Маған (Алла) анама көркем қарым-қатынас жасауды (бұйырды). Және де мені тəкаппар, бақытсыз қылмады», - деген. («Мəриям» сүресі, 32-ші аят). «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» (Байхақи), Ал Алла разы болған адам екі дүниеде де бақытты.
4. Алла Тағаланың дініне жәрдемдесу
«Кім Алланың дініне көмектессе, Алла оған көмектеседі». Бұл туралы аятта: «Алла Өзіне көмек көрсеткенге, әлбетте көмектеседі. Ақиқатында, Алла – өте Күшті, аса Үстем» («Хаж» сүресі, 40-аят). Бағауи «Өзіне» дегенді «дініне» деп тәпсірлеген. Алланың дініне көмектесу – өзгелерге хақты жеткізу, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю т.б.
Сондай-ақ, хадисте: «Кім бұл дүниеде мұсылманның қайғысын сейілтсе, Алла Тағала Қияметте оның қайғысын сейілтеді. Кім қиындыққа тап болғанның жағдайын жеңілдетсе, Алла оның ісін осы дүниеде және арғы дүниеде жеңілдетеді. Кім мұсылманның кемшілігін жасырса, Алла оның кемшіліктерін екі дүниеде де жасырады. Адам мұсылман бауырына көмектесіп бітпейінше, Алла Тағала оған көмектесетін болады» делінген. (Муслим).
5. Әлсіздерге көмектесу
Мусъаб бин Съад бин Әбу Уаққас (ол екеуіне Алла разы болсын): «Кезінде Саъд өзін басқалардан жақсы санайтын (яғни, басқа өзі сияқты батырлығымен көзге түспегендерге жоғарыдан қарайтын). Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге әлсіздеріңнің арқасында жеңіс пен ризықтарың сыйланады емес пе? (олардың дұғалары арқасында)» деді (Бұхари). Тағы бірде: «Маған әлсіздерді іздеңдер, өйткені сендерге көмек пен ризық, сол араларыңдағы әлсіздеріңнің арқасында беріледі» деген (Әбу Дәуд).
Әнәс (оған Алла разы болсын) баяндайды: Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір сүрген уақытында Мединеде екі ағайынды жігіт тұратын, солардың біреуі әрдайым Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп тұратын, ал екіншісі өзінің кәсібімен нан табатын. Бірде кәсібімен нан табушы Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, өзі ғана жұмыс істейтіндігі жайлы айтып шағымданады. Сонда ол: «Бәлкім, саған сенің ризығың сол сенің бауырың үшін келіп жатыр» деді (Тирмизи).
6. Тәубе жасау
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). «Кімде-кім Алладан әрдайым кешірім сұрайтын болса, Алла оған кез-келген қиын жағдайдан құтылу жолын көрсетеді, сондай-ақ оған кез-келген қайғыны жеңілдетеді және оған күтпеген жерінен ризық жібереді» деген (Әбу Дәуд).
«Бірде Хасан әл-Басриге (оған Алла рақым етсін) кедейлігіне шағым айтушы адам жүгінеді. Ғалым: «Алла Тағаладан кешірім сұра!» (күнәларыңа тәубе жасап, кешірім тіле) деді. Сонан кейін балалары жоқ, бедеулікке душар болған адам келеді. Ғалым оған да: «Алла Тағаладан кешірім сұра!» деген екен. Үшінші кісі бақшасының қурап қалғанын айтады. Тағы да: «Алладан кешірім сұра!» деді.
Мұның бәрін де бақылап тұрған басқа кісі: «Сен алдыңа кім келсе де, Алладан кешірім сұраудан басқа кеңес айтпадың ғой. Мұның сыры неде?» дейді. Сонда Хасан әл-Басри: «Мен Құранға бір ауыз артық сөз қоспадым» дейді де, мына аятты оқиды: «Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады». («Нұх» сүресі, 10-12-аяттар).
Бұхариден жеткен хадисте Алла Тағаланың: «Менің мейірімім Менің ашуымнан басым түседі» деп айтқандығы келтіріледі. Сол себепті ғалымдар кімде-кімнің ісіне қиындық туса, тәубе жасап, Алла Тағаладан жиі кешірім сұрасын деп айтқан екен.
7. Садақа, зекет беру.
Жолы жабылып, қиындықтарға ұрынып, уайым-қайғы тұңғиығына батқан адам бүкіл ісіне жеңілдік əкелетін амал-садақа екенін біле ме екен?!
Алла Тағала Құранда: «Ал кім (садақа) беріп, тақуалық жасаса. Əрі ең жақсыны (дінді) шын деп, растаса. Жақында Біз оған ең жеңілін оңайластырамыз» дейді («Лəйл» сүресі, 5-7-ші аяттар). Құрандағы тағы бір аятта: «Ақиқатында, Раббым құлдарының арасынан қалағанының ризығын кеңітіп және қалағанының (ризығын) шектеп қояды. Сендер не жұмсасаңдар да Ол оның (жұмсағандарыңның) орнын қайта толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәба» сүресі, 39-аят). Сөзіміз одан әрмен дәлелді бола түсу үшін мына бір хадистерді де келтіре кетейік: «Уаллаһи, садақа берумен мал азаймайды. Олай болса садақа беріңдер!» (Ахмад) немесе «Садақа дүние-мүлікті кеңейтеді, олай болса, садақа беріңдер!» (Ибн Әбиддүнйиа), «Садақа беріп ризықтарыңды көбейтіңдер» (Бәйхақи).
Сөзсіз, садақа ризықты азайтпайды. Ертеректе бір ғұлама: «Менің тағдырыма жазылған ризықты менен басқа ешкім жей алмайтынын түсінгенде, жүрегім тыныштық тапты» деген екен. Керісінше, мұндай адам періштелердің дұғасына ілігеді. «Алланың құлдарының оянатын әр-бір күні, көктен екі періште түсіп, олардың бірі: «Я, Алла (Сенің жолыңда қайырымдылық етіп, садақа) берушіге, несібеңді арттыр!», - десе, екіншісі: «Я, Алла, сараңды опат қыл!» дейді (Бұхари).
8. Ақыреттің қамын ойлау
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімнің көңілі Ақыретті қаласа, Алла оның ісін біріктіріп, байлықты оның алдына салады. Соның нәтежесінде (ол кісіге) дүние келуге мәжбүр болады, ал кімнің көңілі дүниеге түссе, Алла оның ісін шашыратып, кедейлікті екі көзінің ортасына қояды және тек істегеніне қарай ғана дүние береді. Нығметі үздіксіз жалғасып жататын мәңгілікті таңдаған адам бақытты» деген (Тирмизи). Сахабалар да бір-біріне алтыннан да қымбат үш нәрсені өте жиі өсиет ететін болған: «Кімде-кім өзімен Алла арасындағы қарым-қатынасты түзесе, Алла оны мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты түзейді. Кімде-кім өзінің ішкі дүниесін реттесе, Алла оның сыртқы дүниесін реттейді. Кімде-кім Ақыретінің қамын ойласа, Алла оның дүниесін және Ақыретін реттеп қояды».
9. Мейірімділік таныту, жақсылық жасау.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рахманның Өзі рақымдыларды мейіріміне бөлейді. Жер бетіндегілерге мейірімділік танытыңдар, сонда көктегі сендерге мейірімділік көрсетеді» (Тирмизи) деген. Жолымыздың жабылуына себеп болатын негізгі нәрселердің бірі – жасаған жамандығымыз десек. Жақсылық – сол жамандықтың тамырына балта шабушы. Ұлы Алла: «..Ақиқатында, жақсылықтар жамандықтарды кетіреді» («Һұд» сүресі, 114-аят) десе, Оның Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Қай жерде болсаңдар да Алладан қорқыңдар және әрбір күнәңді жуатын қайырлы істерің болсын, адамдарға мейірімді болыңдар» деген екен. (Жәми). Абдуллаһ ибн Аббас (Оған Алла разы болсын) былай деген: «Әрбір жақсылық іс адамның жүзіне жарқындық, жүрегіне нұр орнатады. Әрі оның ризығын кеңейтіп, денесінің қуатын арттырады...».
10. Дұғада болу.
Дұға – мұсылманның қаруы. Бұл «қарумен» қажетіңізді қолға түсіре аласыз. Сол себепті, дұға қабыл болатын уақыттарға назар аударып, әрдайым Алладан сұраумен болыңыз, таңғы-кешкі зікірлерге ыждағаттылық танытыңыз. Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір бәдәуи келіп: «Маған мен қайталап отыратын сөздер үйретші», - деп сұрады, сонда ол оған: «Былай де: «Алладан басқа Құдай жоқ, Оның серігі жоқ, Алла Ұлы, Бүкіл Әлемнің Раббы Аллаға көп мақтаулар, Алла пәк! Құдіретті, Дана Алланың күш-қутына жететін ешкім жоқ!» /Лә иләһә слла-Ллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһу, Аллаһу Акбар кабиран, Уәл-хамда ли-Ллаһи кәсирән уә сухана-Ллаһи, Роббиль ъаламина! Уә лә хәулә уә лә қуата иллә би-Лләһил-ъАзизиль-Хкими!/, - деді. Бәдәуи: «Бұл – менің Раббым үшін, ал мен үшін ше?», - деді. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Былай де: «Я, Алла, кешір мені, маған рақымшылық ет және мені дұрыс жолға алып шық, сондай-ақ маған өмір сүретін ризық бер!» /Аллаһумма, - ғфирли, уархамни, уахдини, уарзуқни!/, - де» деген (Муслим). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам ислам дінін қабылдаса, әрқашан дұрыстап намаз оқуды үйрететін және мына дұғаны айтуды талап ететін болған. «Иә Алла, кешір мені, маған рахым ет, сондай-ақ мені тура жолға шығар, сондай-ақ маған ризық бер!» /Аллаһумма, ғфир ли, ва-рхам-ни, ва-хди-ни, ва 'афи-ни ва-рзуқ-ни!» (Муслим).