Атасының сөзі үшін, жеті жыл сөйлемеген келін
Келін – бір елге жаңадан келген басқа үйдің жас баласы. Тіптен оның жасы ересектеу болса да ол босаға аттамағандықтан, көңілі бала кейпінде.
Сондықтан жаңадан келген отбасы мүшесіне қамқорлықпен қарау, ішке тарту қажеттігін естен шығармау керек. Осыған байланысты мынадай бір тәмсіл әңгіме бар.
Бір шаруа жалғыз ұлына өзіне тең бір замандасының қызын айттырып алып береді. Той өткізіліп, отбасы мүшелерінің көңілі жайланып, келін қайынсіңлілерімен араласа бастайды.
Оларды өзіне баурап, емін-еркін сөйлесіп, қалжыңдасып отырғанда, үйдің сыртында дәрет алып отырған атасы келіннің қатты күлгенін жақтырмай:
– Осыншама саңқылдап қатты күлген қай көргенсіздің баласы екен?– депті. Бұл сөз жас келінге ауыр тиеді. Сол сағаттан бастап мүлдем сөйлемей қояды.
Кешкісін малын қамдап келген күйеуіне де сөйлемейді. Аң-таң болған жұбайы анасынан мән-жайды сұрайды. Бұған анасы да таңырқанып, келінімен сөйлесуге талпынғанымен, нәтижесіз болып шығады.
Бұл оқыс жағдай отбасы мүшелеріне төбеден жай түскендей әсер қалдырады. Келінін бақсы-балгерлерге апарғанымен де ештеңе шықпайды.
– Келініміз мылқау болып қалды. Ұлымызға шүйіркелесіп отыратын жар керек — деп кемпір мен шал ұлына жеті жылдан кейін бір ауылдан қыз айттырып келеді. Жаңа келін арбадан түспей жатып:
– Келіншектің үйін ілгері тігіңдер, көкжименнің үйін кейін тігіңдер, — деп отауын тігіп жатқандарға бұйыра сөйлейді. Сонда жігіттің бірінші әйелі тұрып:
– Келін, келін, келін-ай,
Келмей жатып сөзге бақ.
Мен келгелі жеті жыл,
Сөйлегенім бүгін-ақ, — депті. Бұны естіген атасы: “Ой-бай, балам, ана сампылдаған тоқалыңды құрт, ақ келінімнің садағасы кетсін!” — деп, жаңа келген келінді отауын тіктірместен, төркініне апарғызып тастайды.
Кейіннен келінінің жеті жылдай сөйлемей қойған себебін естігенде: “Аһ, сақалдыдан кеткен ағаттық, сайтанға болар тояттық”, – депті атасы.
Міне, бұл атасының аңдамай айтқан сөзінің келінінің жүрегіне қаншалықты ауыр тигендігін білдіреді. Сондықтан қазақта атасы келініне ешқашан тік қарап сөйлемеген.
Сырттай естіген әңгімеден қорытынды шығарған қазақ келіні инабаттылықты ту еткен. Аталар келініне керекті әңгімесін кемпірі арқылы ғана айтқызған.
Бір емес, бірнеше рет келініне ескерту жасай берсе, келіні атасынан көңілі қалады немесе ашындырып алуы да мүмкін емес пе! Сондықтан осы мәселені халықтық педагогиканың о бастан-ақ қарастырып қойғандығы көңілге қона кетеді. “Келініммен қалай сөйлессем?”, “атама қалай қарасам?” деген проблема оңды шешімін әлдеқашан тапқан.
Келіні де атасына иіліп сәлем салып, одан ешқашан қатты сөз естімеген. “Өйт, бүйт” деп өмірі дауыс көтермеген атаға келін тарапынан көрсетілетін құрмет те өз деңгейінде жасалынған.
Бұл процесс қазақ қоғамы үшін жат құбылыс емес. Сондықтан игі дәстүрді жаңғырту Сіздер мен Біздердің қолымызда. Жақсы келін болу қоғам үшін емес, әркімнің өзі үшін керек. Инабаттылықты, адамгершілікті көріп өскен ұрпақ ертеңгі күні соның жемісін берері анық.
Келешекте жақсы ене болудың практикасы жақсы келін болудан өрбіген қазақ әйелінің отбасындағы рөлі осындай.
Ал аталарға айтарымыз, келініңді қызыңдай, қызыңды ұлыңдай, ұлыңды жаныңдай көре білсең, еміренген немере, тебірентер шөбере, жаннан жақын жиен сүйетіндіктеріңіз анық.
Жеті жыл сөйлемеген келін
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора