ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі
Дін істері комитеті төрағасының орынбасары
Мырзаев Балғабек Әбдіқайымұлы
Жақын арада Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Б. Ермекбаев журналистерге берген сұқбатында елімізде жекеменшік мектептердің ашылуына қолданыстағы заңнамалар бойынша қандай да бір кедергі жоқ деп санайтынын мәлімдеді.
Осыдан кейін кейбір БАҚ құралдары мен жекелеген азаматтар әлеуметтік желілерде осы ақпаратты дұрыс түсінбестен, жекеменшік мектептер діни негізде оқыта алады деген пікір тарата бастады.
Бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат екеніне назар аударғым келеді.
Біріншіден, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Б. Ермекбаев осы сөзі арқылы хиджаб киетін ата-аналардың мемлекет тарапынан білім алуға қатысты қосымша баламалы нұсқа ұсынуын талап етіп жатқандығын ескере отырып жекеменшік мектептерді ашудың мүмкіндіктерін қарауға болатыны туралы пікірін айтты.
Екіншіден, қолданыстағы заңнамаларда жекеменшік мектептердің ашылуына кедергі жоқ дегенімен, ондай мектептерде тек қана діндар қыздар ғана оқиды деп айтпады. Себебі, заңнамаларға сәйкес кез келген оқушы қыз тұрғылықты жері бойынша орналасқан білім орындарында оқуға құқылы. Оларды орамал тағатындар және орамал тақпайтындар деп бөлуге болмайды.
Үшіншіден, жекеменшік мектептерде қыздар орамалмен сабаққа келе алады деген жоқ. Керісінше, мұндай мектептерде де «Білім туралы» заңға сәйкес Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бекітілген бұйрығының талаптары орта және жалпы орта білім беру, мамандандырылған жалпы білім беру және арнайы оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын кез-келген оқу орындарына бірдей қатысты.
Тағы бір балама ретінде қашықтан білім беру тәсілін зерттеуге болатынын білдірді.
Мұқият қараған адам Министрдің осы екі тәсілді тағы да зерттеу керек екендігіне назар аударғанын, яғни, міндетті түрде шешіледі деп айтпағанын аңғарар еді.
Сондықтан, кейбір діндар азаматтардың Министр Нұрлан Байұзақұлының осы сөздерінен кейін өздерінің қойған талаптарын орындатқандай етіп көрсетулері түсініксіздік тудырады.
Осыған орай, жекеменшік мектептер ашылған күннің өзінде олардың білім беру бағдарламалары Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптарға сай болуы керек. Сондай ақ, сабақ беретін ұстаздарға қойылатын талаптар да оқытушылардың біліктілігіне қарай реттелуі керек. Және де ондай мектептерде де қыз-балалардың сабаққа орамал тағып келуіне жол берілмейді.
Ешқандай діни компоненттер оқытылмайды және тек қана діндарлардан құралмайды. Сондай ақ. Министрлік жекеменшік мектептер ашылған жағдайда, сондай білім беру мекемесінде оқимын деген қыз балаларға шектеу қойылуы мүмкін деп санайды. Мысалы, тек 9-шы сыныпты бітірген соң ғана қабылдануы мүмкін. Оған дейін мемлекеттік білім беру мекемелерінде оқуы тиіс.
Сонымен қатар, жекеменшік мектептерді салу азаматтардың немесе жекелеген кәсіпкерлердің өздерінің қаржысына алынуы орынды болады.
Осыған қосымша, тағы бір мәселеге назар аударғым келіп отыр. Егер қыз балалар 1-ші сыныптан бастап бөлек оқитын болса олар қоғамнан оқшауланып, жатырқап қалуы мүмкін. Нәтижесінде, келешекте қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптасуына кері әсері болады. Сонымен қатар, қыз балалар мен ер балалар бөлек оқуы мүмкін болғанымен, бұл міндетті түрде 1-ші сыныптан бастап бөлек оқуға болады дегенді білдірмейді. Мысалы, оларға тек 9-шы сыныптан кейін ғана бөлек мектепте оқуларына рұқсат берілуі мүмкін. Мемлекет ондай талаптарды қоя алады.
Халықаралық тәжірибелерді алып қарайтын болсақ, көптеген дамыған елдерде жекеменшік мектептер және қашықтан оқыту тәжірибесі бар екенін көруге болады. Европа елдерінде жекеменшік мектептер болғанымен ол жерлерде әртүрлі дін өкілдерінің балалары білім алып жатады.
Жалпы, мектептерде орамал немесе хижаб кию сыртқы көріністер болуымен қатар, діни талаптарды үстем етуге ұмтылыстың көрінісі болып табылады. Ал, Конституцияда біздің еліміз зайырлы мемлекет болып табылатындығы атап көрсетілген. Зайырлы мемлекетте заң діни талаптардан жоғары тұрады. Сондықтан, әлеуметтік қарым-қатынастар, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.
Ал, орамалын шешпеймін деген қыз балалар баламалы нұсқа ретінде медреселерде оқуын жалғастыруларына ешқандай кедергі жоқ. Оның өзінде, олар 9-шы сыныпты бітірген соң ғана болулары керек. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабында да діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады деп көрсетілген.