Алла тағаланы тану білімсіз жүзеге аспайды. Ал Оны танытпаған білімді " толық білім" деп айтуға келмейді. Себебі,қазіргі кездегі білім,түптеп келгенде тек материалды жалған дүниенің физикалық заңдылықтарымен ғана шектелген. Әрине,шектеулі ғылымның әлемнің алғашқы жаратылысы ,дүниенің қыры және одан кейінгі әлемнің қандай күйде болатындығына тұщымды жауап бере алмасы бесенеден белгілі.
Ақыл-Ақ ой- Алланы табуға ,тануға ,Оған тағзым етуге жетелейтін "жетінші құрлық"(басқа әлем ретінде алынып отыр). Алла тағала өзі жаратқан жанды-жансыздардың ішіндегі ең ардақтысы болып табылатын адамға өз бойындағы ой-санасын негізге ала отырып, терең пайымдауды насихат етеді. Құранда:"Ол сондай Алла тағала,демалу үшін түнді,тіршілік қылып әрекет етулеріңіз үшін күндізді жарық етіп жаратты. Мұнда зер салып тыңдайтындарға (саналылар мен терең ойлайтындарға Алланы көрсететін)даусыз дәлелдер бар",-(Юнус сүресі,67-аят) делінеді.
Адам баласының санасына сәуле бітіп ойланбаған соң ,сан мыңдаған жұлдыздармен аспанға « Алла» деп тайға таңба басқандай анық етіп жазылса да ,бүкіл әлемді бағындырып ,иелігіне берген Жаратушысын бәрібір таппайды. « Алла -жер мен көктердің нұры» болса да ,шел басқан көздер Оны « көре алмайды» . Тіпті,кенеттен пайғамбарлар келіп Алланың бар екендігін жаһанға жар салып ,түрлі мұғжизалар көрсетсе де ,надандық шекпенін киген жандар көрсоқырлықпен қасарыса түсіп ,Жаратушының бар екеніне шек келтіреді. Олардың бұл күйін Алла тағала:"...Олар барлық дәлелдерді (мұғжизаларды) көрсе де иман келтірмейді. Сондай-ақ ,тура жолды көрсе де ол жолмен жүрмейді. Қисық жолды көрсе болды,оны бірден жол қылып ала қояды. Бұл олардың дәлелдерімізді өтірік деп ,шындықтан мақұрым қалғандықтарынан",-( Ағраф сүресі,146-аят) деп сипаттайды.
Терең ой(арабшасы -тәфаккур) -жүректің нұры,рухтың азығы ,ілімнің тірегі. Терең ойсыз жүректі қара басып ,рух семіп ,өмірдің мәні қашады. Жақсы мен жаманның пайда мен зиянның ,әсемдік пен сұрықсыздықтың ара жігі терең ойлау арқылы ажыратылады. Кез-келген оқиғадан ғибрат алғызып ,әр істің әлқиссасында адымын аңдап бастыратын да осы - терең ой.
Жаратылыстың сан алуан сырын саналы,ойлы пенделерінің ғана ұғатындығын көрсете отырып,Алла тағала Құранда:" Даусыз,көктер мен жердің жаратылуында ,түн мен күннің алма-кезек ауысуында ақыл-ой иелері үшін айқын дәлелдер бар",-(Әли-Имран сүресі,190-аят) дейді.
Расында да ,көктегі ай мен күннің белгілі бір тәртіппен шығуы мен батуында ,алып аспан денелерінің мүлтіксіз айналуында зерделі жандар үшін сансыз дәлелдердің бар екендігі айдан анық.
Жоғарыдағы аят мағынасының тереңдігі сондай, Алла елшісі(Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл аятты еске алған сайын шартарапты санамен шарлап ,түпсіз терең ой ағынынан шыға алмайтын. Сөйткен Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірде:" Бұл аятты оқып,ой жібермеген адамның жағдайы қандай өкінішті!"-деген екен.
Үммүсәләмә (Алла оған разы болсын) анамыздың айтқанына жүгінсек ,аталмыш аят түскенде һәм кейіннен осы аятты оқыған сайын, Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көзіне жас алатын болған. Бірде тәһәжжуд намазында осы аятты оқып көз жасын тия алмайды.
Сыртқы әлем мен адамның ішкі дүниесін танытқанда ғана ілім,өзінің шынайы сипатына ие болады. Мұның барлығы да тек иләһи ақылдың күшімен жүзеге асады. Әйтпесе,жұмыр басты пенденің шектеулі ой-санасы құдіреті шексіз Жаратушыны толық қамти алмайды. Сондықтан да адам баласы әрдайым иләһи ой-санаға мұқтаж.
Адам ойсыз жүре алмайды. Басқа мақлұқтардан ерекшелігі де ,үстемдігі де осы ақыл-ой иесі болуында. Адам өткен мен бүгінін ,келешегін зерделеп ,өмірдің мәнін іздеп шарқ ұрады. Ал жануарлар болса мұның бірін де ойланбағандықтан еш мұңсыз. Олай болса ,адамның негізгі міндеті - иман келтіру. Ол бұл өмірге иман келтіріп,иманын іліммен толықтыру үшін келген. Шынайы ілімнің негізі мен рухы -Ұлы Жаратушыны тану. Содан кейін Алла тағаланың бар екендігіне иман келтіру. Ұлы Жаратушыға иман еткен адам басына түскен қандай да бір қиыншылықтарды күле қарсы алады. Қуанышта шүкіршілік етсе ,басқа түскен ауыртпалықты Жаратушы тарапынан берілген бір сынақ әрі сый деп пайымдап ,ешбір тосқауылсыз үрейін үмітке жеңдіре біледі.
Ғаламдағы сансыз құбылыстарды зерттеп ,терең танып білген ғалымдар тым жіңішке жолмен жігі жатқызылған жүйеге таңғала отырып, Ұлы Жаратушының хас шеберлігіне бас иіп мойынсына білген.
Ғалым Айферн Уильям:"Шебер Жаратушының бар екеніне сенемін. Өйткені, Оның қасиетті болмысы ғана көз алдымыздағы түпсіз әлемнің жалғыз қисынды түсіндірушісі бола алады" десе ,Уайн Эйлет:" Әлемнің жаратылысы жайында теориялар оның жаратылуын түсіндіруге шамасы келмейді. Мұндай сұрақ адамдарды кездейсоқтыққа апарып тірейді. Алайда, Алла тағаланың бар екендігін дәлелдейтін сансыз пікірлер кездейсоқтық тұжырымынан әлдеқайда қисынды. Өйткені,әлемдегі теңдессіз тәртіп пен жүйе -Шебер құрушының бар екендігіне дәлел. Ой-санадан мақұрым кездейсоқтықтың нәтижесі емес"дейді.