Иманның негізгі шарттарының бірі – Қиямет күніне сену. Кімде-кім «Мен мұсылманмын» деп тұрып, Қиямет күнінің болатынына сенбеймін десе, ол діннен шығады, яғни кәпір болады.
Қазіргі заманғы ғылым да бір күні тіршіліктің тоқтайтынын дәлелдеп отыр. Қиямет күнінің болатын уақытын Алла тағала белгілеп қойған, ол кешікпей-ді әрі өзгермейді. Қай күні болатынын Алла тағаладан басқа ешкім білмейді, тек Құран Кәрімде Жаратқан Иеміз оның белгілерін айтқан.
«Расында, билік күні, белгілі болған бір мерзім. Сұр үрілген күні топ-топ келесіңдер. Көктер сетінеп есіктер пайда болады. Таулар жүргізіліп, сағым болады», – дейді «Нәба» сүресінің 17-19-аяттарында. Міне, Алла тағала осы аяттарда Қиямет күнінің үлкен белгілерін айтты. Яғни, ол күні Исраил періште сұр үргенде бүкіл жаратылыс барлығы топ-топ болып Алла тағаланың құзырына жиналады. Аспанның есіктері ашылып, таулар ауа сияқты сағым болып ұшады. Ізгі амал істегендер үшін жәннат, ал залымдар үшін тозақ алдынан шығады. Бұл Алла тағаланың бекіткен өзгермес заңдылығы. Олай болса, Қиямет күні жәһаннамнан алыстап, жәннатқа кіру үшін бұл жалған әлемде ізгі амалдарды істеуіміз керек, жәннатқа кіру жолдарын пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадис-шәріптерінде егжей-тегжейлі айтып кеткен.
Имам Термизиден жеткен хадисте былай дейді:
«Муаз ибн Жабал айтты: «Мен Расулалламен (с.ғ.с.) бірге сапарға шыққан едім. Кетіп бара жатқанымызда Расулаллаға (с.ғ.с.) жақындап:
– Я, Алланың Елшісі, мені жәннатқа кіргізетін және тозақтан алыстататын істің хабарын берші, – дедім.
– Шын мәнінде ұлы нәрсені сұрадың. Ол Алла лайықты қылған адам үшін өте оңай: Аллаға ғибадат қылуың, Оған еш нәрсені серік қоспауың, намазға тұруың, зекет беруің, Рамазан айында ораза ұстауың, қажылық қылуың, – деді Расулалла (с.ғ.с).
Кейін Ол (с.ғ.с.): «Саған жақсылық есіктерін көрсетіп қояйын ба? Ораза – сақтаушы. Садақа, су отты өшіргендей, қателеріңді өшіреді. Адамның түнде оқыған намазы – салихтардың ұраны», – деді де: «Жамбастары жатар жайдан ажырайды», – аятын оқыды.
Сосын менен: «Саған істің басы, омыртқасы және өркешінің шоқысы жөнінде хабар берейін бе?», – деп сұрады.
– Әрине, Алланың Елшісі, – дедім.
– Істің басы – Ислам. Оның омыртқасы – намаз. Өркешінің шоқысы – жиһад, – деді пайғамбар (с.ғ.с.).
Кейін: «Саған осылардың барлығына қатысты нәрсенің хабарын берейін бе?», – деді. Мен: «Иә, Алланың Елшісі», – деп жауап қаттым. Сонда Ол (с.ғ.с.) тілін нұсқап: «Мынаны тый», – деді.
– Я, Алланың пайғамбары, біз сөйлеген сөзіміз үшін де сұраққа алынамыз ба?
– Ей, Муаз. Адамдарды тілдерінің жамандығы тозаққа жүзімен не тұмсығымен түсірмесе, басқа не түсіреді? – деп жауап берді пайғамбар (с.ғ.с)».
Осы хадисте әрбір момын білуі және амал етуі тиіс үлкен істерге үндеу жатыр. Ардақты сахабалар, сондай-ақ, Муаз ибн Жабалдың салих пенде болуға талпынғанын көреміз және біз де олардан үлгі алуымыз керек.
Хазіреті Муаз ибн Жабалдың пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтқан өтінішіне назар аударайық: «Мені жәннатқа кіргізетін және тозақтан алыстататын істің хабарын бер», – дейді. Демек, мақсат – қалай да болса жәннатқа кіру ғана емес, мақсат – жәннатқа тозақтан алыстаған күйде, яғни оған жақындамай кіру.
Бүгінде көп адамдар: «Пәлен істі орындаса, жұмаққа кіреді екен, біз де орындағанбыз», – деп өмірінде бір мәрте айт намазына барғанын немесе бір істі істегенін айтып жатады. Дұрыс, осы орындаған амалы үшін оған бір уақыт намаз сыйлығы болуы мүмкін.
Бірақ, олар тәрк қылған әрбір парыз бен уәжіп үшін, оқылмаған әрбір ракағат намаз, тұтылмаған әрбір күннің оразасы, берілмеген әрбір тиын зекет үшін қаншама тозақта жатуы мүмкін екендігіне көңіл бөлмейді.
Кез келген момын мұсылман жәннатқа бастайтын әр амалды орындап, тозаққа апаратын әр нәрседен қашуы керек. Енді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисінде айтқан тозақтан алыстаған күйде жәннатқа кіру жолдарына қарап, талдап көрелік:
1. «Аллаға ғибадат қылуың, Оған еш нәрсені серік қоспауың». Демек, сенімді де, амалды да жалғыз Алла тағаланың өзіне жасау, иман келтір деген нәрселеріне иман келтіру, қайтарған істерінен қайту, бір Жаратқан Жаппар Иеге ғана сену міндет.
2. «Намазға тұруың». Демек, пенденің тозақтан шеттеп, жәннатқа кіруі үшін маңызды да міндетті амалдардың бірі – намазға тұру, яғни оны толық оқу. Намаз адамға парыз болғаннан бері өмірдің ақырына дейін оның бір рәкағатын да қалдырмай оқу қажет. Ал намаз оқымаған адам бұл бақытқа лайықты бола алмайды. Сондай-ақ, тек айт намазын немесе жұма намазын оқып жүргендер де толық бес уақыт намазға тұрғандардың қатарына қосыла алмайды.
3. «Зекетті беруің». Малы нысап мөлшеріне жеткен мұсылман адам үшін зекет беру дәл иман келтіру мен намаз секілді парыз. Зекетті мойындамаған адам кәпір болады. Жәһаннамнан шеттеп, жәннатқа кіруді қалаған пенде басқа ғибадаттар сияқты зекетті беруі міндет.
4. «Рамазан оразасын ұстауың». Алла тағала парыз қылған Рамазан айының ора-засын иман-ықыласпен тұту – жәһаннамнан алыстаған күйде жәннатқа жету амалдарының бірі. Бұнысыз оған тура жол жоқ.
5. «Қажылық қылуың». Мүмкіндігі болған мүміндерге өмірінде бір мәрте қажылық жасау парыз етілген.
Жәннатқа тозақтан алыс-таған күйде кірмекші болған әрбір пенде Исламның бес рүкініне амал қылуы міндет. Ислам – Алла тағаладан жіберілген кәміл дін. Мұсылман – осы кәміл дінге кәміл толық амал қылатын адам.
Муаз ибн Жабалдың өтінішіне пайғамбарымыз (с.ғ.с.) не үшін «Кәлима шәһадатын айтуың» деп жауап беріп қоя салмады? Тіпті «Намаз оқысаң, жұмаққа кіресің», «Ораза ұстасаң, жұмаққа кіресің», «Қажылық қылсаң, жұмаққа кіресің» деген де хадистер бар. Және бір хадисте мысықты өлімнен құтқарып қалғаны үшін әйелдің жәннатқа кіретіндігі туралы айтылған. Бірақ, бұл басқа амалдарды, ғибадаттарды орындамай-ақ қойса болады деген сөз емес. Ол сол амалдарға адамдарды қызықтыру болып табылады.
Сол сияқты, адамдар арасында пәлен істі орындасаң, мақсатыңа жетесің деген өсиеттер айтып жатады. Бұл да дүниеде осы бір іспен ғана бәріне жетесің, басқаны істемей-ақ қой деген ой емес. Тек сол істің адам үшін маңызды екенін аңғарту ғана.
Сондай-ақ, пенде жәннатқа кіргізетін және тозақтан алыстататын бес парызбен шектеліп қалмауы тиіс. Сол үшін де жоғарыдағы хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Муаз ибн Жабалға: «Саған жақсылық есіктерін көрсетіп қояйын ба?», – деп өсиеттерін жалғастыра түседі. Момын мұсылман адамға әрдайым жақсылық есіктерін іздеп тауып, оған кіру міндет. Ол есіктерді хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі көрсетіп тұр:
1. «Ораза – сақтаушы». Парыз ораза бұған дейін айтылғандықтан, бұл жерде нәпіл (қосымша) ораза туралы сөз болып отыр. Демек, мүмін пенде өзі үшін жақсылық есіктерінің ашылуын қаласа, тек парыз оразамен шектеліп қалмай, нәпіл оразаны да тұтуы керек.
Өйткені, ораза жаман істерден, ғайбат сөздерден, жаман мінез-құлықтан, әр-түрлі аурулардан, нәпсіден сақтайды.
2. «Садақа, су отты өшіргендей, қателеріңді өші-реді». Демек, күйдіріп бара жатқан отты су өшірген тәрізді, адамдардың екі дүниесін күйдіріп бара жатқан күнәларын садақа өшіреді екен. Біліп-білмей жасаған қателіктерім жойылсын деген адам мұқтаждарға, жетім-жесірлерге садақа қылып тұруы керек. Міне, сонда мақсатқа жетеді.
3. «Кісінің түнде оқыған намазы – салихтардың ұраны». Парыз намаз пендені тозақ-тан алыстатып, жәннатқа дайындаса, түнде оқыған нәпіл намаз оны салихтар дәрежесіне көтереді. Иә, түн жарымында адамдар ұйқыға жатқанда, Аллаға ілтипат қылып, таһажжуд намазын оқу пендеге жақсылық есіктерінің бірін ашқан болады. Мұндай пенделерін Алла тағала өзі мақтаған.
Сол үшін де Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Муаз ибн Жабалға «Жамбастары жатар орындарынан ажырады» аятын оқып берді. Яғни, мұндай жандар жамбастарын рахат жайға салмай, таһажжуд намазын оқумен болады.
Мүмін адам өзін жәннатқа кіргізу, тозақтан құтылу және өзі үшін жақсылық есіктерін ашу-мен шектеліп қалмауы керек. Сол үшін сүйікті пайғамбары-мыз (с.ғ.с.) хадисте Муаз ибн Жабалға: «Саған істің басы, омыртқасы және өркешінің шоқысы жөнінде хабар берейін бе?», – деді.
1. «Істің басы – Ислам». Бассыз денеге еш нәрсе арзымағандай, Исламсыз болған әрбір іс те ештеңеге арзымайды. Олай болса, әрбір әрекетіміз Исламға лайық, ислами болуы шарт.
2. «Оның омыртқасы – намаз». Тірі мақұлықтың бәрі, адам баласы да омыртқасыз қозғала алмайды, омыртқасыз тұра алмайды. Намаз істің омыртқасы екендігін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып тұрғаннан кейін, әрбір жан мұны ойлауы тиіс.
3. «Өркешінің шоқысы – жиһад». Демек, мұсылман адам ең жоғарғы мәртебелі Алла жолында бар мүмкіндігін салу арқылы осы шоқыға шығуды өзінің биік мақсатының бірі қылып қоюы керек. Сонымен қатар, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Муаз ибн Жабалға: «Мынан тый», – деп тілін көрсетті.
Расында, пенденің тілі басына бәле болуы мүмкін. «Басқа бәлі – тілден» деп бекер айтылмаған. Тілін тыймаған адам күпір-күнә сөздерді айтып қойып, иманнан шығуы мүмкін. Сондай-ақ, тіліне ерік берген адамның оқыған намазын, тұтқан оразасын, берген зекетін, орындаған қажылығын заяға кетіруі де өте оңай. Сондықтан, мұсылмандар тіліне аса ықтият болуы керек. Әрдайым имандылық, әдепке жататын сөздерді сөлеуі қажет.
Шынайы момын-мұсылман болып, тозақтан алыстаған күйде жәннатқа кіруді қаласақ, осы хадиске амал етуіміз міндет.
Мұхтар Сайтов