Несін жасырамыз, қоғамымызда Пайғамбарымыздың туған күні — Мәулітке байланысты екі түрлі пікір қалыптасты. Бірі — жаман бидғат десе, енді бірі — жақсы бидғат дейді. Өзінің «хитовый» лекцияларымен талайға танылған Дарын дегеннің Мәулітке қатысты айтқанын естіп қалып едім. Ол «христиандар Исаны құдай қылып алғаны секілді мұсылмандар да Мәулітті тойлау арқылы Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) де құдай дәрежесіне көтеріп алады» дейді. Бұл сөзде қаншалықты қисын бар деп ойлайсыз. Себебі, әр мұсылман дінге Алланың бір екеніне, оның серігі жоқ екеніне, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның құлы әрі елшісі екеніне иман келтіріп кірмей ме? Бұл заманға дейін Мәулітті тойлап келген елдерден «Пайғамбарымыз — Құдай екен» деген кімді көрдіңіз? Сондықтан да, Дарын Мүбәровтың айтқан сөзі ақиқатпен еш қабыса қоймас. Ал Мәулітті жаман бидғат дейтіндерге еліміздің белгілі ғұламасы Қайрат Жолдыбайды жазған мақаласы жеткілікті.
МӘУЛІТТІ АТАП ӨТУ БИДҒАТ ПА?
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі ислам әлемінде һижри IV-V ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан. Қазіргі таңда бұл мейрамды бір-екі мемлекеттен өзге барлық ислам әлемі ерекше атап өтеді. Мерекеде Аллаһ тағаланың кәламы – қасиетті Құран оқылып, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылып, сәлем жолданады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолы барынша насихатталып, үмметінің Аллаһ Елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік сезімдері одан әрі күшейе түседі. Мүмкіндікке қарай қасиетті мәуліт күнін себеп етіп жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар атқаруға болады. Ғалымдардың бәрі бірауыздан бұл мерекені атап өту барысында шариғатқа қайшы іс-әрекеттердің орын алмауы шарт деп атап өткен.
Мәуліт мерекесіне байланысты дәлелдерді жазбас бұрын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіндегі: “…Кейіннен (дінде) шығарылған барлық жаңа нәрселер – бидғат, ал барлық бидғат – адасушылық” ,– деп ескерткен адастырушы бидғатқа қатысы бар-жоқтығын анықтап алайық.
Иә, мәуліт мерекесін тойлау Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде болмағаны рас. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) заманында болмаған істі ғибадат ретінде тұрақты жасау бидғатқа жатады. Бірақ бидғат түсінігі – ғұламалар арасында әр түрлі түсіндірмеге ие күрделі мәселе. Бір топ ғалымдар бойынша бидғат: «бидғат хасана», «бидғат саййа» яғни, жақсы және жаман болып екіге бөлінеді. Шариғатқа қайшы емес әрі мұсылмандарға пайдасы бар, құлды сауапқа жетелер барлық істер кейіннен қосылса да жақсы бидғатқа жатады. Бұл жайлы имам Мүсілімнің хадис кітабына 18-том етіп кең түсіндірме жазған әрі мұсылман әлемінде өте танымал «Риадус-салихин» «Салиқалы құлдардың бақшалары» атты хадис кітабын жазған имам Науауи: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында болмаған барлық істер бидғатқа жатады. Бірақ бидғаттың жақсысы да, жаманы да бар» деп түсінік берсе, имам Шафиғи: «Кейіннен шығарылған істер екі түрлі болады. Біріншісі, Құранға, сүннетке, әсаарға яки ислам ғұламаларының ортақ ижмағына (үкімдегі ортақ көзқарас) қайшы келетін бидғаттар, бұл адастырушы бидғат. Ал, екіншісі оларға ешкімнің қарсылығы жоқ жақсылық істер. Бұл дұрыс бидғат» деп екіге бөліп қараған.
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейін қалыптасқан кейбір жақсы істер мен үрдістердің ғибадатта болса да жақсы бидғатқа жататындығына Омардың (р.а.) заманында болған мына бір оқиға дәлел: Абдур-Рахман ибну Абдил-Қаридан риуаят етілді. Ол былай деді: “Омармен (р.а.) бірге рамазанның бір түнінде мешітке бардым. Адамдар шашыраңқы. Әркім жеке-жеке намаз оқуда. Мұны көріп Омар(р.а.): “Адамдардың бәрін бір қаридың артына жинағаным дұрыс секілді”, – деді де, Убәй ибн Кәбті имам етіп, жамағатты оған ұйытты. Сосын басқа бір түні мешітке Омармен (р.а.) бірге бардым. Адамдардың бәрі бір қариға ұйып тұр. Мұны көрген Омар(р.а.): “Бұл қандай жақсы бидғат” деді . Яғни, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында мұсылмандар рамазанның әр түнінде жамағат болып тарауих намазын мешітте оқымайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бастапқы кезде бірнеше күн тарауих намазын мешітте оқыса да кейіннен мешітте оқымаған әрі тарауих үшін мешітке жамағатты жинамаған. Әбу Бәкірдің (р.а.) заманында да солай болған. Кейіннен Омар (р.а.) жамағаттың бәрін бір имамға жинап, тарауих намазын күнде мешітте өткізу үрдісін қалыптастырған. Әрі: “Бұл қандай жақсы бидғат” деп бидғаттың барлығының жаман еместігін меңзеді.
Рифағату ибну Рафиғ әз-Зурақииден риуаят етілген мына бір оқиғаны да дәлел ретінде келтіруге болады. Рифағату ибну Рафиғ әз-Зурақии былай деді: “Бір күні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) артында намаз оқып тұр едік. Ол (с.ғ.с.) рүкүғден басын көтерген кезде: “Самиғаллаһу лиман хамидаһ” (Аллаһ тағала мадақтың кім үшін екенін әлбетте естіді) деді. Артында тұрғандардың бірі: “Раббана уә лакал-хамду хамдан таййбан мүбәракан фиһ” (Раббымыз! Күллі тамаша әрі мүбәрак мақтаулардың бәрі саған тән) деп дұға оқыды. Намаздан кейін Пайғамбарымыз ( с.ғ.с.): “Жаңағыны айтқан кім?” – деді. Әлгі кісі: “Мен”, – деп жауап қайырды. Расулуллаһ (с.ғ.с.) : «отыз неше періште (айтылған бұл дұғаның) сауабын қайсымыз бірінші жазамыз деп жарысқанын көрдім», – деді . Хадис саласының танымал хафиз ғалымы Ибн Хажар Асқалани бұл хадисті түсіндіру барысында: “Осы хадис арқылы намазда сүннет дұғаларға қайшы емес, дұғаларды қосуға болатындығын дәлелдеді” деді. Пайғамбарымыз с.ғ.с.) айтпаған бұл дұғаны әлгі сахабаның намазда айтуы әрі Пайғамбарымыздың с.ғ.с.) әлгі сахабаға қарсы шықпауы, тіпті, айтқан дұғасының сауабының зор екенінен хабар беруі – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) істемеген әрбір нәрсенің дінімізде тыйылмағандығын аңғартады. Намаздың өзінде осындай сүннет дұғаларға қайшы емес дұғаларды айтуға тыйым салынбаса, намаздың тысындағы істерде қаншалықты кеңдік бар екенін аңғару қиын емес.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) басқа бір хадисінде: “Кімде-кім исламда жақсы жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса), ол адамға сол істің сауабы және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барлық адамдардың алатын сауабындай сауап жазылады. Ал, кімде-кім исламда жаман жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса) ол адамға да сол жолдың күнәсі және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барша адамдардың күнәсындай күнә жазылады” -деген. Демек, сахих Мүсілімдегі бұл хадистен Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) кейін қалыптасқан барлық істердің жаппай адастырушы бидғат емес екендігін, тіпті кейіннен қалыптасқан кейбір шариғатқа қайшы емес істердің өте сауапты іс екенін аңғаруға болады.
Ендеше, мәуліт мерекесін атап өту де иншаллаһ “жақсы бидғаттың” қатарына жатады. Хадис саласының мәшһүр ғалымы Хафиз Жәләлуддин әс-Суюти өзінің “Мәуліт нәбиді атап өтудегі жақсы мақсат” деген кітабында мәуліттің үкімі жайлы сұралған сұраққа былай деп жауап берген: “…Мәуліт мерекесі жақсы бидғатқа жатады. Бұл амалды атқарушы сауапқа кенеледі. Себебі мәулітте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қадір-қасиетін құрметтеу әрі оның дүниеге келуіне қуануды білдіру бар” — деп жауап берген.
Енді бір топ ғалымдар бойынша бидғат: “жақсы”, “жаман” делініп екіге бөлінбесе де, дінде негізі бар әрі шариғатқа қайшы емес кейіннен пайда болған барлық іс әрекеттер бидғатқа жатпайды.
Енді мәулітті атап өтудің дұрыс, тіпті, мұстахаб амал екендігіне байланысты дәлелдерді саралап көрейік:
Сахих Мүсілімде Әбу Қатададан мынандай хадис риуаят етілді. Ол былай деді: Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті» , – деп жауап берді . Хадисте Расулуллаһтың (с.ғ.с.) дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған. Иә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рахым етіп қана жібердік» деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Ол (с.ғ.с.) дүниеге келмей тұрып, барша ғалам қараңғылықта тұншығып жатқан-ды. Адамзат небір меңіреу пұттарды Құдай деп танып, ес-түссіз құлшылық етті. Ақ қара саналып, асыл құнсызданды. Небір сорақы істер мен арсыз қылықтар игілікке бағаланып, иелері атақ-абыройға кенеліп жатты. Осы бір сұрапыл да қараңғы түнекте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келді.
Иә, біздер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, оның тура жолын түсіндік. Ақ пен қараны ажыратып, жұмақ пен тозақты білдік. Біз ақиреттің сырларына сүңгіп, небір тылсым дүниелерден хабардар болдық. Адамдық борышымыз бен асыл міндетімізді аңғарып, дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуі – мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған теңдессіз жақсылығы. Ал, қуанышты бөлісудің, оны белгілі бір жүйемен көрсетудің, Аллаһ тағаланың жақсылығы мен нығметіне шүкір мақсатында жария етудің дінімізде негізі мен дәлелі бар. Құранда «Дұһа» сүресінде: «Ал, Раббыңның саған берген нығметін (шүкір ету мақсатында) айт!» – десе, «Ибраһим» сүресінде: «…Аллаһ тағаланың күндерін олардың есіне сал» делінеді. Ибн Аббас: «Аллаһ тағаланың күндерін» дегенді «Аллаһ тағаланың жақсылықтары берілген күндер» – деп те тәпсірлеген. Олай болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуін мереке ретінде атап өту – ең әуелі Аллаһ тағалаға шүкір етудің, көкіректегі қуанышты жария етіп бөлісудің көрінісі деуге әбден болады. Иә, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлей бастаған күнге қуанбау, әсте мүмкін емес. Сахихул-Бухариде және басқа да хадис кітаптарында Әбу Ләһабтың әр дүйсенбі күні тозақтағы азабының аз да болса жеңілдейтіндігіне байланысты хабар бар . Себебі, Әбу Ләһаб Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келгенін естіген кезде қуаныштан Суәйба атты күңін азат еткен. Ал, енді өмірден кәпір болып өткен әрі Құранда Аллаһ тағаладан тікелей «екі қолы бірдей құрысын!»15 – деп қарғыс алған Әбу Ләһабтың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келгенін естіп, бір рет қуанғаны үшін тозақта аз да болса азабы жеңілдейтін болса, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дүниеге келгені үшін өмір бойы көкірегін қуаныш билеп, Раббысына сол үшін шексіз шүкір еткен мұсылман баласының ақиретте Ұлы Жаратушысынан алар сауабын пайымдау қиын болмаса керек-ті. Хафыз Шамсуддин ибн Насырид-димашқи былай деп бәйт жазған:
Ибн Хажар Асқалани мәуліт мерекесінің дұрыстығына байланысты Бухари мен Мүсілімде және басқа да хадис кітаптарында кездесетін Ибн Аббастан риуаят етілген мына бір сахих хадисті дәлел ретінде келтіреді:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға келген кезде иаһудилердің Ашура күні ораза ұстап жатқанын көрді де: “Ораза ұстап жүрген бұл күндерің қандай күн?” деп сұрады. Олар: “Бұл – ұлы күн. Өйткені, бұл күні Аллаһ тағала Перғауын мен оның жұртын суға батырып, Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен оның қауымын құтқарған еді. Мұса пайғамбар осы күні Аллаһ тағалаға шүкір ниетімен ораза ұстайтын. Міне, біз де ораза ұстаймыз” — деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Мұса (ғ.с.) пайғамбарға біз сендерден де жақынбыз”, — деп осы күні ораза ұстады әрі мұсылмандарға осы күні ораза ұстауды бұйырды”16.
Ибн Хажар Асқалани бұл хадистен мәулітке байланысты мынандай дәлел шығарады: “Бұл хадистен Аллаһ тағаланың арнайы бір күні құлдарына берген жақсылығы яки бір қиыншылықтан құтқарғаны үшін құлдарының оған алғыс білдіріп, шүкір етудің қажетті амал екенін түсінуге болады. Әрі бұл күн жыл сайын қайталанып отырады. Аллаһ тағалаға шүкір ету – сәжде жасау, ораза ұстау, садақа беріп, Құран оқу секілді түрлі ғибадаттар арқылы жүзеге асады. Ендеше, рахым пайғамбары – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мәуліт күні дүниеге келуінен де артық Аллаһ тағаланың қандай жақсылығы, нендей үлкен нығметі бар?”17 — деп Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің Аллаһ тағаланың құлдарына берген ұлы жақсылығы екенін және мәуліт мерекесін атап өтудің Ұлы Жаратушының осы жақсылығына деген құлдарының алғысы мен шүкірі, Пайғамбарына (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі екенін түсіндіруде. Иә, ибн Хажар Асқалани секілді «Сахих Бухариға» “Фатхул-Бәри” атты кең түсіндірме жазған хадис саласының майталман шебері, хафыз ғалымының келтірген дәлелі ойлануға тұрарлық.
Әртүрлі зиянды, яки пайдасыз мерекелер көптеп аталатын бүгінгі қоғамда, сан-алуан жолдармен ділімізге, салт-санамызға жат ұғымдар барынша жарнамаланып жатқан қиын да қым-қиғаш мына заманда мәуліт мерекесіне “бидғат” деп қарсы шығу былай тұрсын, оны жастарымыздың, жалпы халқымыздың имандылығының артып, әз-Пайғамбарына (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігінің нығаюы үшін бар мүмкіндігінше шебер пайдалана білуіміз керек.
Сөз соңы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын түрлі рухани кештер мен жиындарды ұйымдастыру – мерекені атап өтудің негізгі мақсаты мен асыл мұраты екенін ұмытпағанымыз жөн. Әйтпесе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған күні – тек ән салып, тойлаумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес. Сондықтан, мәулітті атап өту барысында шариғатқа қайшы түрлі іс-әрекеттерден барынша аулақ болуымыз ләзім. Бұған қоса, жыл сайынғы мәулітке орай ұйымдастырылатын іс-шараларды түрлендіріп, мазмұнын сан алуан тақырыптармен байытып отырсақ халықтың ынта-ықыласының да артып, оның берер нәтижесі де жемісті болмақ.
Хақ тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазреті Мұхамметке (с.ғ.с.) шынайы үммет болуды нәсіп еткей! Әмин!
jureksozi.wordpress.com