"Жалғыз жүрек, сан сауал": Жастар санасы сұмдық өзгерген қоғамда өмір сүріп жатырмыз
ЗАМАНАҚЫР ЖАСТАРЫ
Абайдан қалған асыл мұраға қайта айналып соғуымызға тура келді. Ойға түсіп, толғанған дана бүгінгі күніміз үшін алаңдап қана қоймай, айтып кетіпті заманның пернесін дөп басып. Абай шығармалары жаңа мұқабамен қайта шықса, ойланбастан сатып алуды әдетке айналдырғанмын. Жаңа дүниеге кім қызықпасын. Сыртының жылтырағы үшін емес, ішіндегі алтынға бергісіз сөз жауһары үшін аламын да. Бірақ қайталанып шығып жатса да жаңа туған дүниедей баурап алатын Абай мұрасы несімен құнды, неге сондай бағалы? Өз пайымдауымша, әр жаңа мұқабасын ашқан сайын Абай әлемі басқа қырынан танылатындығында болса керек. Парақтап отырып, бұрындары да бірнеше мәрте оқыған мына бір төрт шумақ өлеңге ерекше көңілім ауды. Ой түбінде жатқан сөзді ақ параққа түсіріп, ақтарылып көргім келді алдарыңызда, оқырман.
Заманақыр жастары,
Қосылмас бір бастары.
Біріне бірі қастыққа –
Қойнына тыққан тастары, – дейді алғашқы шумағында. Неге түңіліп, неден күдіктеніп кетті екен деп айта алмайсың. Бұл өлеңнің жазылғанына жүз жылдан асты. Бірақ тура бүгінгі күннің бет бейнесі. Еріксіз қосыласың. Өйткені, дәл қазіргі замандағы жастардың арасында тасада тұрып тас атып, қастық жасауға дайын тұратындары жоқ емес. «Ел ішінде бір тентек жүрсе несі бар» деп алаң көңіліңді жұбатайын десең, екі күннің бірінде болып жатқан сұмдық оқиғалар күдігіңді еселей түседі. Басқа-басқа, өз елінде, өз жерінде қазақ жастарының бір-біріне деген хайуаннан бетер қастығы жаныңды ауыртады. Жаға жыртып, жақ сындыру былай қалды. Ендігі жерде пышақтап кетіпті, атып тастапты, соққыға жығыпты деген қатігездікке құлағымыз үйреніп, көңіліміз көндігіп бара жатқандай. Шынымен де, ақырзаман жақындап қалған ба деген ойға келесің. Құдай сақтасын, Алланың ісіне араласқандай болмайын.
Саудасы – ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны, – деп бір түйіндейді данышпан ақын. Ар мен иманды саудаға салып жүрген жандар аз ба? Бірақ солардың арасында қаракөз қандастарымыздың көптеп кездесетіні тағы да жүрек тұсыңды шым еткізеді. Амал жоқ, өз қолыңды өзің кесесің бе, қаланың талай-талай көшесінде, ойламай әкесін де, шешесін де жүрді ғой арын сатып бұрымдыларымыз. «Жүрді ғой» дегенде, қазір тыйылды деп өзімді жұбатайын деп отырған жоқпын. «Ару Алматы» деп аталып, жанымызға ыстық сезім ұялатқан Алатаудың баурайына орналасқан әсем қаладағы Сейфуллин және Саин көшелерінің бойын қызмет орнына айналдырған «түнгі көбелектер» намысымызға әбден тиген бір кездері. Заң орындарына шағымданып жүріп, екі көшенің бойындағы «қоқыстарды» (осылай атауымызға тура келді) тазалағандай болды Алматы жұрты. Бірақ оңай олжа тауып жүрген «ар саудасына» толықтай тосқауыл қоя алған жоқпыз. Оңай олжа деймін-ау, күн ұясына кіргеннен, таң бозарып атқанға дейін бірнеше еркекке қызмет ету қайбір жеңіл болсын. Ал соларға мүмкіндік беріп, сұраныстарын қанағаттандырып жатқан ер-азаматтарымыздың намысының етекке түсіп кеткені қынжылтады.
Қазіргі таңда кез келген қаланың адам көп жүретін орындарында (көбінесе арбаттарда немесе базар маңында) ұялы телефон сатуды кәсіпке айналдырған жастарды топ-тобымен көруге болады. Онда да ел қатарлы сауданы кәсіп қылып, айналысып жатса бір сәрі. Қолдарында ұрланған, жоғалған, ескірген, бір жері сынған деген сияқты, әйтеуір оңған бір телефон таппайсың. Жабайы алыпсатарлар. Арзанға алып, қымбатқа сату басты мақсаттары. Абай атамыз айтқандай, «еңбекпен етті ауыртпай, құр тілменен жиғанына» мәз.
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей несі өнер.
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Құмалақ ашып, көріпкелдік танытып отырған жоқ Абай. «Мыңның бірі уәлі» деп аталарымыз текке айтпаған. «Уәлі» шариғи тілде Алланың досы деген ұғымды білдіреді. Қазақша «әулие» деп жатамыз. Міне, әулиенің сөзі. Алланы бір, Пайғамбар хақ, Құран шын деп өткен Абайдың сөзі. Ғасырдан аса уақыт бұрын бүгінгі біздің қоғамды айна-қатесіз бейнелеп кеткен. Нағыз еңбек пен білімнің майданына түспей, өнімсіз істі шебер меңгерген жастар, жаңағы айтып отырғаным. Орта жолда делдал атанып, тапқанына мәз, тойғанына мас болып, өреге келіп сүйкенген келбеттерін дөп басқан данышпаным-ай дейсің іштей. Еліміздің ертеңі, болашағымыздың тұтқасы болатын, тепсе темір үзетін жалынды жастарымыздың арзанқол тірлігі аянышты тіпті.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер сөздері.
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.
Көшеде, аялдамада, оқу орындарының аулаларында, қоғамдық көліктерде, жалпы айналамызда күнде көріп жүрміз хакімнің мына шумағындағы кейіпкерлерді. Әдеп, иба, ұят сияқты адам бойындағы асыл қасиеттер арзандаған заман. Санасын тұмандаған, ойлануға мүмкіндік бермейтін, ар жағында дым жоқ «күлмеңдеген көздер», қалжың ғып айтқан жел сөздер жеңілтек мінез қалыптастыруда. «Айналамда үлкен-кіші бар-ау, мына қимылым ыңғайсыз-ау» деп ойланып жатқан бірі жоқ. Оны қойыңызшы, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан «шошқа туған сөздерін» айтсаңызшы. Қой деп айтар адам жоқ емес-ау. Оның өзі өмірінде естімеген сөзін естиді. Жастар санасы сұмдық өзгерген қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Абай айтқан заманақыр жастарын күнде көріп жүрміз. Қара аспанды төндіріп, қара суды кері ағызғаным емес, «ауруын жасырған өледі», көңілімізге көлеңке түсіріп тұрған Абай өлеңіндегі көріністер бар екені ақиқат. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылғанда ғана кеткен кемшілігіміздің орнын толтыруға болар бәлкім. Ол үшін Абайдың жолын қазағының қолына ұстатқан Омарханның Мұхтары айтқандай, «Ел боламыз десек, бесігімізді түзейік», ағайын!
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015, 07.04.2015, 08.04.2015, 09.04.2015, 10.04.2015, 11.04.2015, 12.04.2015, 13.04.2015, 14.04.2015).