Әлқисса, «Бастыны идірдім, тізеліні бүктірдім, күндіз күлмедім, түнде көз ілмедім», – деп тасқа қашалып жазылған Күлтегіннің ерлігі, әлемді құлдықтан азат ету жолында қайратымен қара тасты үгіткен, қаһарынан қара жауы үріккен, осынау сахара қазақ даласынан Рымның (Рим) тас қаласына жетіп, тас көшелерінде тұлпарының тұяғының дүбірі қалған Еділ қағанның (Атилла) батырлығы атақ алып, аңыз боп қалу үшін жасалмағаны белгілі. Қаймана қазақ баласының қарашаңырағын көтеріп, алып далаға ие болсын деп жеке хандығын құрғанда Керей мен Жәнібек қара басының қамы үшін емес, бүгінгі ұрпақтың арайлы таңы үшін атқа қонғанын жоққа шығара алмаспыз. Билер мен шешендердің көшін бастап тұрған Төле, Әйтеке, Қазыбектер ошақтың үш бұтындай жарасым тауып, турасын айтып, туғанына жақпай жүргенде, ақ сақалын сипап қойып, аталы сөз, баталы ой айтқанда ат мініп, шапан киейін деп емес, артындағы ұрпағының айбынды да айбарлы болып, ел бірлігін сақтауы үшін ел кезгені белгілі. Ақарыс пен Жанарыс, Бекарыстан тараған үш жүздің басын қосып, ақ киізге ардақтап отырғызғанда хан Абылайдың ақ тудың астына жинағаны билікке құмартқаны емес, атадан алған алып даланы ұрпағына аманаттау еді, ұстағанның қолында, тістегеннің аузыңда қалдырмай. Түгелдей тізе берсем жаужүрек бабаларымның ерліктері ғана емес, есімдерінің өзі том-том кітапқа жүк болары сөзсіз. Түйінін ғана ай-тайын, XX ғасырдың басындағы қара күйе жағылып, «халық жауы» деген ат таңылып, Сібірге айдалып, оққа байланып кеткен Алаш арыстары, он бесі қол ұстасып, Одақ құрғанда "ел шетіне қорған, дауылдан сақтар орман боламын" деп алаулаған отқа кіріп, кеудесін оққа төсеген Ұлы Отан соғысының қаһармандары, бодандықтың бұғауын бұзып, ноқтасын үзіп шыққан ызғарлы Желтоқсаннан із қалдырған қазақтың қайсар жастары тағы да қайталап айтам, тарихта қалып, ат-шапан алу үшін емес, біздердің бүгінгі жарқын болашағымыз үшін құрбан болғандар. Ендеше, бүгінгі ұрпақ, біз сол құрбандарға лайықты құрмет көрсете алып жүрміз бе? Солар жанын салып алып берген Тәуелсіздіктің қадіріне толықтай жете алдық па? «Жоқ» деп кесіп айтайын десең, Аллаға шүкір, қой асығындай болса да, қолыңа алсаң сақадай, жасы кіші болса да, ақылы дария атадай жастарымыз жетерлік. Ал «иә» деп сеніммен шегелеп айтқың келгенімен көңіліңді аяқ асты бір күдік билеп, жүрек тұсың еріксіз шым ете қалады. Әлде, менің бұл ойым өмірдің «Бар мен Жоқ», «Үміт пен Күдіктен» тұратын қатал заңдылығына бағыну ма? Десек те, жақсылықты жарнамалап, жариялаудың қажеті шамалы. Жақсылық тасты жарып шығып, күнге ұмтылған гүл сияқты. Сұлулығы көңіл тойдырып, жаныңды жадыратады, жылылығы бойыңды балқытып, қаныңды қыздырады. Яғни, үмітке жетелейді. Ал жамандық... Қандай түрі болмасын көңіліңе кірбің ұялатып, күдігіңді күшейтеді.
Әлқисса, әңгімемнің басын ерлік пен елдіктің жолында құрбан болған баһадүр бабаларымнан бастап, аяқ асты неге жақсылық пен жаманшылыққа ауып кеттім. Өйткені, бүгінгі қоғамда адам бойындағы осы екі мінез таразыға тартылып, сынға түсуде. Біреуі толықтай жеңіске жеткен жоқ. Бірде олай, бірде былай. Яғни, итжығыс. Күдігіміз сейіліп, үкілі үмітіміз үзілмей, сеніміміз ақталуы үшін әрқайсымыздың бойымызда ұлттық намыс деген қасиетті ұғым қалыптасуы керек. Меніңше, оған жетудің жолы тіліңді тұнық сақтап, дініңді таза ұстап, діліңе берік болуың керек. Осы үш қасиет бойынан табылған адам адалдығы мен ардың жолында азаматтық келбетін қалыптастырып, тұғырлы тұлғаға айналары сөзсіз. Ол үшін не істеу керек? Тағы да өзімше ой елегінен өткізіп көрейін. Менің ойым айтады: ұлттық намыс көзде, құлақта, һәм тілде. Намыс деген қасиетті адамның дене мүшелерінен іздегенде жаңалық ашайын деп отырғаным жоқ. Шындығында да солай. Сөзім дәлелді болуы үшін осы бір ұстанған бағытымның ақиқат екенін алдарыңызға жайып көрейін.
Көз.
Он сегіз мың ғаламның иесі, құдіреті шексіз Алла тағала Адам баласын топырақтан жаратқанда бір мүшесін кем немесе артық жаратпаған-ау. Сенбесеңіз айнаның алдына тұрып, тұла бойыңызға мұқият көз жіберіп көріңізші. Әрқайсысы өз міндетін атқарып тұрған жоқ па? Көз көргенді құлақ естіп, тіл жеткізетіндіктен ұлттық намысқа қатысты әңгімемді көзден бастағанды жөн көріп отырмын. Өйткені, Хақ тағаламыз адамзат баласына көзді көрінгенге сұқтану үшін емес, көру үшін берді. Неге десеңіз, не болса соған сұғын қадап отыратын маңдайдағы қос мүше хайуанда да бар. Яғни, адам мен хайуанның көру қабілеті екі түрлі. Шүкірлік қылайық, Жаратушымыз бізге нәпсімізді жеңіп, ақылмен көре білуді үйретті. Бірақ, Адам ата ұрпағы көп жағдайда ақылымызды нәпсімізге билетіп аламыз. Жұмақтан қуылғанымыз да сондықтан ғой. Алланың жеме деген жемісін жеп, нәпсімізге ие бола алмай қалғанымыз. Жарайды, бұл бөлек тақырып. Ұлттық намыс төңірегіндегі әңгімеме оралып, көздің айналасындағы сөзге көшейін. Сұрақты төтесінен қойып көрейінші. Біз не көріп жүрміз? Ыңғайсыздау сұрақ. Бірақ, бұл сауалға өзімше жауап бергенімде, жаным ауырып кетті. Сұмдықты көріп жүрміз. Бұл менің қара аспанды төндіріп, қара суды ағызғаным емес. Жеке-жеке таратып айтайын, үйіңізге кіріп, әлемді алдыңызға алып келетін, алақаныңызға салып беретін сиқырлы санды саңцзға салып беретін сиқыр-пықшаңыздың тетігін басып қалыңызшы. Құлағыңды тарс бекітіп, көзіңді тас жұмып, далаға безіп кеткің келеді. Әке-шеше, бала-шаға былай тұрсын, қойныңдағы жарыңмен бірге отырып көруге ұялатын көріністер қай арнаны қоссаң да көлбең етіп шыға келеді. Қазіргі таңда қалалық жерде спутниктік антенна мен кабельдік жүйе екінің бірінде бар. 70-80 арнаны таратады. Саны көптігін қайтейін, сапасы болмаса. Ұлтымызды тоздырып, ұрпағымызды аздыратын сол телеарнадағы сұрқия көріністер ұлттық намысымызды оятады дегенге кім сенеді? Санамызды улағаны соншалықты, мектеп қабырғасындағы кішкентай қыздарымызға дейін санын ашып, бар байлығын шашып жүруді сәнге айналдырып барады. Мұндай келеңсіздік үйдегі ата-ананың тәрбиесінің емес, телеарнадағы сұмпайы көріністің жемісі. Сорақысы сол, телеарнадан көргенін көшеде көрсетуге асығатын жастарымыздың көбейіп келе жатқандығы. Ал көшеге шыға қалсаңыз, бұдан да сұмпайысын кересіз. Әлгі «Шаншар» театрындағы Уәлибектің монологы әзіл де болса ащы шындық. Әзілкеш ағам былай дейді: «Бүгінгінің қыздары мықын мен белді ажырата алмайды ғой деймін. Әр мүшенің өз орны, атқаратын қызметі бар емес пе? Алдыңда бір қыз кетіп бара жатады. Артында келе жатасың да «Құдай-ай, осы қыз еңкеймесе екен дейсің. Еңкейе қалса саған ұят болады», – деп күлдіріп отырып жылатқаны бар еді. Осындайда ой келеді, сондай киім кигізіп қойып әке-шеше қайда қарап отыр? Өзінің баласының болашағына балта шапқан бұл неғылған ессіздік?! Жаңағыдай ашық-шашық кетіп бара жатқан қызға кімнің көзі түспейді, кім қызықпайды, қалай нәпсің қозбайды? Жартылай ашық төске кім қол салғысы келмейді. Онсыз да сыпырылайын деп тұрған мықыңды кім мытығысы келмейді. Қатты кетсем кешіріңіздер, ашуланып та, ашынып та отырмын. «Заманыңнан қалмай сәнді киім сен де ки» деп жартылай жалаңаштап, өз қолымен өз қызын біреудің арзан ермегіне, жеңіл жүріске, анығын айтқанда, жезөкшелікке итермелейтін ата-ананың таяз санасына таңғаламын.Әлқисса, қыз баланы анасындай қадірлеп, әпкесіндей құрметтеп, қарындасындай қамқор болып, қызындай аялайтын еркектер де оңып тұрған жоқ. Тыйып тастаудың орнына сайтаны түртіп, шайтаны оянып, алақанын ысқылап, жерден жеті қоян тапқандай нәпсісі қозып, қаны қызып шыға келеді. Мен де анадан тудым-ау, әпке-қарындасым бар, қызым өсіп келеді ғой деген адамдық ой адыра қалады. Бар арманы буын бұрқыратып, жанын шырқыратып белін босату. Жасыратыны жоқ, бүгінгі еркектің көбінің сиқы осы. Олай болмай қайтсін, оның да теледидардан, көшеден көргені осы болса. Одан қала берді жекеменшік газет-журналдар қаншама. Тауардың өтуі үшін жасаған бірінші бетіндегі кеудесін жалаңаш керіп тастап отырған суреттердің өзі көрген еркектің көңілін астан-кестен етері сезсіз. Жай ғана суретке түскен арам ой өміріңдегі алға қойған асқақ арманың секілді алға жетелейді-ай дейсің. Қалтаңа бір, жан-жағыңа бір қарайсың да, шамаң жеткенше шалқығың келеді. Іздегенге сұраған мейрамханалар мен мұндалап, кафе-барлар "кел-кел" деп, сыраханалардағы бокалдар сылдыр қағып, сауналар "саудаңды қыздырамын" деп бірінен кейін бірі ішіп-жеп бара жатса, нәпсі билеген еркекте не жан қалсын? «Бір тойғаным шала байығаным» деп көзді жұмады да кіріп кетеді. Бүгін қызық көрінгенімен ертең қызыңды да, ұлыңды да өкінішке, тіпті қайғылы оқиғаға да әкелуі әбден мүмкін. Көзін тыя алмай, істегеніне ұялмай жүрген адамда ұлттық намыс қайдан болсын? Көзің азса, көңілің тозады. Сондықтан, ертеңімізді ойласақ, ертегі қиялға берілмей, ерік-жігерімізге берік болайық. Қыз қылығымен, ұл ұлылығымен қадірлі. Аз ғана ғұмырда азып-тозбау үшін намысымыз берік, арымыз таза болса екен деймін.
Құлақ. Құлақ естігенді көз көріп жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Есту қабілетімен ерекшеленіп тұратын құлақтың не жазығы бар десеңізші? Аталы ауыздан баталы сөз естіп, жақсы тілекпен жан семіртудің орнына не болса соны тыңдап, рухымызды тоздырып, жанымызды аздырып жүргенімізді қайтерсіз. Ары-бері ойланып, өзімше мынандай түйінге келдім. Ұлттық намысыңды сақтағың келсе, құлағыңа берік бол. Жоғарыда телеарналардағы келеңсіз көріністер жайлы сөз қозғадым. Ондай бейнелерден дұрыс сөз ести алмайтының да ақиқат. Не болса соны тыңдап өскен адамның намысы қандай болатынын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Абай атамыз айтқан: «Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» даңғаза музыкаға айналып бара жатқандай. Ән мен әнші көп болғанымен Нұрғиса, Әсет, Шәмшісі жоқ заман. Бүгін бар, ертең жоқ жындыкөбелек ғұмырлы қаптап кеткен әндер құлағыңды тесіп, жүйкеңді жұқартып жатқанда намыс туралы қайдан ойланасың. Қазір «ХитТВ» деген арна пайда болды. Бастан-аяқ мәнсіз музыка, мағынасыз сөз. Қызы мен жігіті итше жаласып жатқан бейнебаяндар (клиптер) көзіңе құрт болып түсіп, құлағыңа құм болып құйылып жатса қайдағы намыс? Хабарласуға жеңіл болғанымен қалта телефонының өзі қауіпті қаруға айналып барады. «Закачай музыку, закачай музыку» деген жағымсыз жарнама әбден шаршатты. Тым құрыса сол ұялы телефонға ұлттық музыканың сырлы да сазды әуендерін жазса екен-ау. Жоқ, баяғы батыстық даңғаза. Ұзын шылбыр сияқты бірдеңенің тетікшесін құлағына тығып алып, шайтани музыканың жетегіңде ессіз кетіп бара жатқан жастарымыздың қылығы жан ауыртады. Құдай біледі, сол мәнсіз әуендегі мағынасыз сөздерді өздері де түсінбейді-ау. Бұл не деген шектен шыққан ессіздік десеңізші. Бірде Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның ұжымы Нұрғиса Тілендиевті еске алу концертін берді. Нұрағаң десе ішкен асын жерге қойып, тікесінен тік тұрып көретін көрермендер жетерлік. Әдемі кештен құрқалмайын деп мен де бардым. Залда орын болмағандықтан балконға көтерілдім. Бір орын әрең таптым да, қуанып кеттім. Орын тапқаныма емес, балконда да орынның жоқ болғанына. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. Неге десеңіз, олар өз жүрегінің қалауымен емес, мұғалімнің айдауымен келген оқушылар екен. Сахнада Нұрағаңның алғашқы шығармалары ойнала бастады. Шалқыған әуен балқыған қорғасындай ерітіп әкетті. Енді-енді әдемі сезімге елітіп бара жатқанда жыбыр-сыбыр басталды дейсің. Ұлттық өнерден жұрдай, санасы батыстық даңғазаға уланған жастар етке түскен құрттай жыбырлауын тоқтатпады. Бір кезде біріне-бірі: «Соткаңды берші, соткаңды берші», – деді де әлгі шылбырға ұқсас жіптерінің тетігін құлақтарына тығып, бір жағына қисайып, өз ләззатына бөленді де кетті. «Сотка» тимегендері: «уһ, туф, қашан бітеді, шаршап кеттім», – деп өзінен өзі таусылып отырды. Екі ұдай күйге түстім де кеттім. Сахнадағы сазды әуеннен қанаттансам, қасымдағы «болашақтағы еліміздін, тұтқасы» болатын ұл-қыздардың мына тірлігіне қарным ашып, қапа болдым. Жеті атасынан осы топырақта туып, өз ұлтының өнерімен сусындап өскен аталарымның бүгінгі заманның жеңілтек әуеніне еріп, ербеңдеп отырған, ұлттық әуенді құлағына сіңіре алмайтын таскерең ұрпағының келбетіне қарап, біртүрлі үрейленіп кеттім. Бірақ, Алла тағаланың қасиетті Құрандағы «Жұп-жұп етіп жараттық» деген аяты есіме түскенде бойымды сабырға билеттім. Иә, құдайға шүкір, битке өкпелеп тонымды отқа жақпайын. Мұндай өз ұлтының мәдениетіне үрке қарап отырған, шалшықтан ұзап шыға алмайтын үрпек бас үйректің балапанындай немелерді қапсыра бүріп тастап, қанатын кеңге жайып, алып кеңістікке көтерілетін қыран мінезді ұл-қыздарымыз бар емес пе?! Алла солардың жүрегіне иман, бойына сабыр берсін деп тіледім іштей. Дегенмен де, ұлт жолында нардың жүгін арқалап, найзағай намысты болуы үшін құлағымызды құртатын емес, құрышын қандыратын сөзге, әнге, әуенге әуес болайық, ағайын!
Тіл. «Он күнәнің тоғызы тілден екен, сөз түзелсе әуелі ел түзелер» деген ақындардан жеткен аталы сөздің салмағы қорғасындай-ау. Ұлттық намысыңды жанып, рухыңды оятып, санаңды сілкіндіріп, еңсеңді көтеретін қасиетті құрал – тіл. Тіл – ұлттың күретамыры десек, қазақ болып қалуымыз үшін неден бастау керек екенін өзіңіз саралай беріңіз. Алла тағала бізді әкенің беліндегі бір тамшы судан ананың құрсағына түскенде ұйыған қанға, одан етке айналдырып, біртіндеп-біртіндеп адамдық келбетімізді қалыптастырды. Он екі мүшеміз сол ана құрсағындағы алтын мекенде жаратылды. Содан жарық дүниеге келгенде ең алдымен ананың аппақ сүтімен ауыздандық. Алланың берген тілімен қоректеніп қана қойғанымыз жоқ, сонымен бірге сөйлей бастадық. Хақ тағаламыз бізді жаратқанда ақ сөйлеп, адал тамақ ішсін деп тіл берді. Ал біз не істеп жүрміз? Жарық дүниенің есігін ашқанда аппақ сүтпен ауызданған қызыл тілді боққа да, балға да салып бағудамыз. Әрине, тура мағынасында емес, бейнелі түрде айтып отырмыз. Біріншіден, қасиетті қазақ тілінің қабырғасын қақырата сөгіп жатқан сан түрлі «жаргондар» пайда болды. Сөзді құрал ретінде қолдануға келсе бір сәрі. Анығын айтқанда, бірін-бірі боқтап, аузына келгенін оттап жүретін орта пайда болды. Бұл ортаның да белді мүшелері он екіде бір гүлі ашылмаған өзіміздің қаракөз қарындастарымыз бен қара домалақ ұлдарымыз. Бір қызығы, көшеде қаңғып жүрген де жандар емес. Мектептің жоғары сынып оқушылары және колледж, университет студенттері. Яғни, біздің жарқын болашақтарымыз. Бұған да кінәлі тексіздіктің дәнін сеуіп, тамырымызды қиып жатқан есепсіз телеарналардағы есер қойылымдар мен басылымдардағы бетсіз бейнелер. Сонда айтылып, жазылатын құйтырқы сөздер тілдік қорымызға еніп бара жатқандығы алаңдатады. Сананың тұманданғаны соншалық, шұбарлап сөйлеу сәнге айналып барады. Бір қарағанда оны өзгеден көретін ештеңе жоқ. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзге «Шекарадағы есігіңді күзет» дегім келеді. Шекарадан сұраусыз өтіп жатқан шетелдің қасиетсіз дүниелері біздің ұрпағымызға қауіпті екенін әлдеқашан ұқсақ та, әрекет жасамай жатқанымыз қынжылтады. Тәрбиенің бір керемет жолы – жарнама. Иә, көше бойына орналасқан кішкентай тақтайшалардан бастап үлкен бильбордқа дейін аталы сөздер мен өнегелі суреттер бейнеленсе әлдеқайда болар еді. Жастар көп жүретін көшелер мен Арбаттарға әйелдің іш киімін немесе баланың жөргегін (памперсін) жарнамалағанша, ұлттық санамызға сілкініс жасайтын құнды дүниелерді насихаттаған абзал емес пе?! Мектеп және жоғары оқу орындарының аулаларына да қанатты сөздерді қасқайтып іліп қойса. Бірде болмаса бірде әсер етіп ойланар ма еді, кім білсін?! Бұл айтып отырғандарым данышпандық танытып көлгірсу емес, өз ұлтымның азаматы болғандықтан бір жағына шығыссам ба деген перзенттік ойым ғана. Негізінде ұлттық намысы бар адам ғана аузындағы сайраған қызыл тілі мен қасиетті ана тілін ардақ тұтып, қадірлей алады. Алла тағала аманатқа берген он екі мүшемізді толықтай өз халқымыздың мүддесіне жұмсасақ, ұлттық намыс деген өзінен өзі қалыптасары сөзсіз. Адамдық қалпымызды сақтап, азаматтық келбетімізге ар-ождан биігінен қарап, ұлттық болмысымызды сақтайық, ағайын! Жер мен көкті алты күнде жаратқан құдіреті шексіз Иеміз бізді осы ұлттың өкілі етіп жаратқан соң, Алланың алдына да мұсылман әрі қазақ болып баратынымызды ұмытпайық!
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015, 07.04.2015, 08.04.2015, 09.04.2015, 10.04.2015, 11.04.2015, 12.04.2015, 13.04.2015, 14.04.2015, 15.04.2015).