МАЛШАШПАҚ
Сөзімді бірден қасиетті Құран Кәрімнің аяттарынан бастайыншы. Өйткені, «Алланың өзі де, сөзі де рас» екенін хакім Абай көкірегінде сәулесі бар адамның санасына құмға сіңген судай сіңіріп айтып кетті емес пе? Қасиетті кітабымыздың «Ағраф» сүресінің 31-аятында: «Жеңдер, ішіңдер, төгіп, шашпаңдар. Ақиқатында Алла тағала ысырапқорларды сүймейді» деп анық айтылған. Хақтың іліміне тереңнен бойлаған Абай ысырапшылдықтың үлкен күнә екенін ескертіп, бесінші дұшпанға осы «малшашпақты» қойған екен. Малшашпаққа келгенде қазекемнің атымтайлығынан гөрі атаққұмарлығы басым болып кететіні тағы бар. Ал байлығына мастанып, атағымен ат үркіткісі келудің аяғы тәкаппарлыққа ұрындырады. Тәкаппарлық – Алланың ашуын келтіретін қылық екенін тағы да Құран аяттарынан көңілге түйгеніміз бар.
Сонымен, әңгімемізді негізгі тақырыбымыздың ауанында өрбітейік. Малшашпақ қалай ғана «бес дұшпанның» ортасына еніп кетті? Неге бар болса, бардай шашып жүрмеске? Неліктен бес күн жалған дүниеде шалқып өмір сүрмеске?! Жо-о-қ, қамшы сабындай ғана қысқа ғұмыр бізге асып-тасып, барды шашып өмір сүру үшін берілмепті. Бай болудың жолын тапсақ та, жөнін біліп жұмсауымыз керек екен. Менің айтпағым, «байдың асын байғұс қызғаныпты» дейтін іштарлық емес. Хакімнің сөзін өз әлімше ой таразысынан өткізіп, «кедей бай, бай құдай болсам» деген астамшылықтың алдын алу ғана. Өйткені Алла тағала «Зарият» сүресінің 56-аятында «Мен адамдар мен жындарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым» деген. Яғни, мына өмір адамзат баласы үшін сынақ алаңы. Бірақ, бейғам пенденің тоңғанында тәубесіне келіп, тойғанында Алласын ұмытып кететіні бар. Сөйтеміз де сынақ үшін келген өмірді жұмақ көреміз. О баста Алла алдында жаратылғандағы құлдық деңгейімізден құдайлық дәрежеге жеткіміз келеді. Негізгі мақсат осы болғандықтан – ал кеп шаш, ас та төк, көрсет өзіңді. Ақыры «малың жаныңның садақасы» екен, кеудеңнен жаның шыққанша сал малыңды. Өзің тапқанды өзіңнен аяйсың ба? Өле қалсаң артыңда мінген атың қалмайды, атағың қалады. Әй, әзәзіл-ай, қалай-қалай ой салады, ә! Ал өлгеннен соң ешкімге қайыры болмаған, малшашпақпен өткен абыройдан не қайыр?!
Иә, Ибрахим дананың «малшашпақтан» абай болуымызды ескерткелі де ғасырдан асыпты. Жаңа дәуір, жаңаша көзқарас пен жаңалықтың заманы басталғалы да аз уақыт өткен жоқ. Неге болса да қабілетті қазақ қатардан қала қоймады. Азаматтарымыз айға да ұшты. Жер шарына аспан әлемінен назар салды. Ғылым мен техниканың кілтін бұрап, пультін басып, құпиясын ашып үлгерді. Бұлардың барлығы да сол Абай аманатына адалдық болса керек. Құнанбайдың ұлы:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын біле тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деп өкініште өтпеуіміз үшін өзі арқылы өзгеге емес, өз ұрпағының ғылым-білімге дер кезінде қол созуы керектігін шегелеп тұрып айтып кетті. Данышпанның қорғасын ойын зейін қалыбына құйып алған зерделі ұрпақ зеректігін танытып, жасынан-ақ ғылым мен білімнің көкжиегіне қанат қағуда.
Әлқисса, «бекер малшашпақ» пен ғылым-білімнің не қатысы бар дерсіз? Иә, өркениетке өрлеп, алып елдермен иық тіресіп тұрғанымыз білімге деген құштар көңіліміздің жемісі. Десек те, Абай сынаған мін қазақтың бойынан әлі де арыла қойған жоқ. Мақтансүйгіш, атаққұмарлық һәм бекер мал шашу сынды жанымызға дұшпан мінезден арыла алмай-ақ қойдық-ау. Кейде: «Қойшы осы, шашылған біреу, тасынған біреу, менің онда нем кетті», – деп жауырды жаба тоқығың келеді. Бірақ, бабамнан қалған «Судың да сұрауы бар» деген қанатты сөз ойыма орала кетеді. Тәпсірлеп көрсек, судың не үшін сұрауы бар? Кім, қашан, қай жерде сұралады? Сөйтсем, аталарымыз судың астарына салып, барлық нәрседен сұралатынымызды меңзеп отыр екен ғой. Алла тағала есеп күні пендесіне берген барлық нығметінен сұрайтыны хақ. Соның бірі бүгінгі тақырыбымыздың арқауы болып отырған байлығымыз арқылы бой алдырған «малшашпақ» екен. Сені сондай байлыққа кенелткен Алла уәделі күні есеп айырысатыны ақиқат. Сол сәтте «Мен берген байлықты қайда жұмсадың, қалай пайдаландың?» деген сұрақтың жауабын таба қоюымыз қиын-ау. Жаратушы иеміз қасиетті Құранда дәл осылай сұралатынымызды ескерткен. Біле тұра үндемей қалуды арыма сын көріп, ойымды ортаға салдым.
Бірде осындай әңгіме айтылған ортаға түсіп қалғаным бар. Байлығының буы қысқан бір ағам: – Дұрыс, бізді бір Жаратушы жаратты. Бірақ бай қылған ол емес. Мен бұл пікіріңе қосыла алмаймын. Өзімнің табан ет, маңдай терімнің жемісі. Өзің еңбектенбесең, байлықты құдай береді деген құры сөз, – деп бөсіп қалды.
– Жөн екен, бірақ аталарымыз: «Құдайсыз қурай сынбайды» дегенді не үшін айтты? – дедім. Қарсы сұрақ қойғанымды жақтырмай «Сонымен не айтпақсың» дегендей кекірейе қалды.
– Күпірлік жасағаннан гөрі, шүкірлік жасаған әлдеқайда қайырлы, аға, – деп сөзімді бастадым. – Рас, бай болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұқсатқан адам ұтады. Бірақ, қанша жерден табан ет, маңдай терің төгілгенімен Алла тағала береке бермесе, салың суға кетіп, терің құмға сіңіп жоғалмай ма? Екіншіден, Хақ тағаламыз сізге он екі мүшеңізді аман қылып бергеніне, ақыл-есіңіздің дұрыс болғанына тәубе деңіз. Ақылыңда ақаулық, денеңде кемістік болса байлық түгіл бас қайғы болмайсыз ба? Құдай береді дегенді осы жағынан түсінгеніңіз дұрыс, – дедім. Аз да болса иманы бар кісі екен, жүні жығылып, жуасып қалды. Манағы «өзім, өзім» дегенді текке айтқанын түсінгендей: – Енді мұныңа қосыламын. Деннің саулығы мен ақыл-ойдың азаттығына шүкір. Соның арқасында жеттік қой осы күнге, – деп күмілжіп қалды. «Жығылғанға жұдырық» қылып төпелей беруді жөн көрмедім де әңгімені басқа арнаға бұрып әкеттім. Аракідік бөсіп қалғанда сөзімен «бекер малшашпақтың» өзі екенін аңғартып қалды.
Тағы бірде бір кісі әкесінің басына зәулім кесене тұрғызғанын айтты мақтан көріп. «Өмірден өткен адамға соншалықты сарайдай зират не үшін керек?», – деп қалдым көкейіндегісін білгім келіп.
– Не үшін керегі несі? Өткен-кеткен адам ол жерде кім жатқанын білмей ме екен. Оның үстіне аруағы разы болсын деп тұрғыздым, – деді. Аруақты сыйлау – міндет. Бірақ, өлген адамға соншалықты пайдасыз сыйдың еш қайыры болмайтынын ойлап та тұрған жоқ.
– Әке аруағын сыйласаңыз зәулім кесенеге кеткен ақшаны жоқ-жітік, кедей-кепшікке садақа ғып берсеңіз, сауабы да мол болар еді-ау, – дедім.
– Оларды жоқ-жітік, кедей-кепшік қылған мен бе екем? Істесін, тапсын, ұқсатсын, байысын, кім қой деп жатыр оларға. Бардың қолына жаутаңдап жаман үйренген, – деп кәдімгідей ашуланып қалды.
Мен де мына сөзге біртүрлі тіксініп қалдым. Әкесінің атын емес, өзінің атағын шығарғысы келіп жүрген пейілінен шошыдым. Бұл да Абай айтқан «малшашпақтың» өзі болып шықты.
«Той құдайдың қазынасы» дейтін ел емеспіз бе? «Той десе қу бас домалайды» дейміз де қаламыз ба, барымызды саламыз. Тойдың соңында ғибратты ой қалу керектігін аса ойламаймыз. Той ма – тойла, болды. Қуанышты бөліскен жақсы. Бірақ асыра сілтеп, ысырап жасау «бекер малшашпақ» болып шықпай ма? Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Жақсылықта ысырап болмайды. Ысырапта жақсылық болмайды» деген. Ақылыңызға салып, таразыңызға тартып, ой елегінен өткізіп, өзіңіз түсініп алыңыз. Той демекші – оның көркі ән мен би. Ал бізде ән әлемінде не көп – жұлдыз көп. Бірінен бірі жарық болғысы келеді. Қайсыбірін тізіп жатайын. Бес жүзден бастап бес мың АҚШ долларына, тіпті одан да жоғары бағада тойға шығады. Тойда сол түрлерін көріп, суретке түсті дегенің болмаса, сол телеарна мен радиодан күнде көріп, тыңдап жүрген ән. Солардың жасанды дауысына соншама ақша төлеген той иелерінің тірлігі сол баяғы «бекер малшашапақ».
Құран Кәрімдегі «Фурқан» сүресінің 67-аятында: «Олар Құдай сүйген пенделер. Қаражат жұмсағанда ысырап етпейді. Сараңдық та жасамайды. Өз жөнімен ғана жұмсайды» деген Алла тағала. Дәл осы аятқа амал істесек, мына дүниеде алғысқа бөленіп, ақыретімізде Алланың рақымында болатынымызды ұмытпайық, ағайын!
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015).