Соңғы жүз жылда өзін Иса пайғамбармын деп атаған адамдардың саны жүзден асып жығылады екен. Оған қоса, ақырзаман қарсаңында келеді, жер бетінде имандылыққа негізделген патшалық құрады деп хадистерде айтылған Мағдимін деушілер қатары да жыл санап қалыңдай түсуде. Біз сөз еткелі отырған адам да өзін Мағди немесе қазақша Мадимін деп атап, Алланың елшісімін деп жарияға жар салуда. Сонымен, бұл кісі шынында да Алланың елшісі ме, әлде пайғамбармын деп дабыра жасап жүрген жалған пайғамбарлардың бірі ме?
Пайғамбарлық қалай қонды?
Ютуб каналынан өзін Мадимін – Алланың елшісімін, екі дінді – ислам мен христиан дінін біріктіру үшін келдім деп жүрген азамат туралы оның өз аузынан айтылған видеосұхбаты бар екен. Құлақ түріп тыңдап, қарап шықтық. Оның өз айтуынша уақиға былай орын алған.
Бұл 1992 жылдың қыс айы екен. Жаңа жылды қарсы алу кеші болса керек. Ол кезде өзін Алланың елшісімін деп атап жүрген Бақытбай Сейітов – Бақиятулла Қарқаралы өңірінде тұрған. Кешкілік жаңа жылды қарсы алу үшін отбасымен дастарханда отырады. Дастарханда тамақпен бірге шампан қойылады.
- Кенет жүрегім тарс-тұрс соғып кетті. Содан бір дауыс далаға шық деді. Сыртқа шықсам аспанда жарқырап жұлдыз жанып тұр екен. Бұл не жұлдыз деп соған қарап едім, әлгі жұлдыз олай-бұлай қозғалғандай болды. Құлағыма белгісіз үн келіп, «үстіңдегі тоныңды шешіп өрте» деді. Әлгінің айтқанын тыңдап, тонымды отқа жақтым, -дейді ол.
Содан адвокат болып қызмет етіп жүрген азамат құлағына келген дауыстың әміріне бағынып, үйіндегі барлық қара заттарды түгел отқа жағады. Ол аз болғандай, әлгі дауыс балаңды құрбандыққа шал деп әмір етеді. Жақсы көретін кіші ұлын далаға шығарып, қарға итереді. Ол жынданған екен деп қорыққан әйелі шырылдап араға түседі.
Шынын айтқанда, бұрын сап-сау жүрген азаматтың екі кештің арасында ақылға сыйымсыз істер істеуінен күдік алған әйелі полицияға хабарлайды. Біраздасын полиция келіп, оны ұстап, абақтыға қамап тастайды. «Мен жынданған жоқпын, Алладан келген Жәбірейлі періштенің айтқанын істеп жүрмін» десе, полиция қызметкерлері оған сенбейді. Ол кез мешіттер жоқ, кеңестік дінсіз қоғам билеп тұрған уақыт.
Содан не керек, екі-үш күндей абақтыда жатып, үйіне келеді. Келсе, әйелі балаларын алып, кетіп қалған. Осы уақыттан бастап Бақытбай Сейітов құлағына келген белгісіз жанның әмірін орындап, жұмысты тастайды. Өмірі жасамаған қолөнерге ден қояды. Ат сатып алып, саятшылық етеді.
Кейінірек, бірқатар діни ағымдарға еріп, әртүрлі дінді ұстанып байқайды. Атажолын ұстайтындарға еріп, емшілік те құрады. Сөйтіп жүріп намаз оқуды үйренеді. Бірақ бұл кісінің айтуынша, намазды араб тілінде емес, қазақша оқиды. Өзінің Алланың елшісі – Мади екендігін Құран кітабын оқу барысында сезініпті.
Мадидің масқаты не?
– Мен СЕЙІТ – пайғамбар әулетіненмін, Атым да БакытБай – Бақиатулла! – Келбетім иудейлеге тартқан еңкіш (сутулый) – Оң жақ бетімде мең бар, оң жақ шекемде » АЙ іспетті шрам бар, Маңдайым ашық, Мұрыным арап тектес ( қырмұрын…сәл қоңқалау) Бейнем монғол жақты. Оң аяғыма сылтып басамын. – 3 – ұл 4- қызым бар. Алғашқы әйелім өзімнен үлкен – аты ХАДИША болған … – Сенімде – Ибрахимдей, Нұрда- Мұсадай, Рухта – Исадай, Сөзде – Мұхамметтей болып, БІР ТҮНДЕ АЛЛА РУХЫ мен НҰРЫНА БӨЛЕНІП, АДАМ ТАНЫМАСТАЙ ӨЗГЕРГЕН ТАҒДЫРЫМ БАР – «Жердің қарапайымы, Көктің таңдаулысы» болған өздеріңдей адаммын… – » Ашхаду алля иляха илляЛлах. Ва ашхаду анна Мухаммадан ‘абдуху ва расулюх. ва Исуа аль Масих-рух Алла! – Кезінде жасырын едім…. Бірақ вертуальды болсада елге шықтым….Ендігіде 30 жыл үлкен жасырынудан, 3-ай кіші жасырынудан өтіп, орталарыңа ту тіктім. Біз жеңеміз, екі діннің басын қосамыз! Тәңірім маған, менің күнәларымды, менің, маған Өзіңнен жүктелген істердегі дұрыс орындауларымнан ауытқуымды кешіре гөр; табанымды нықтай гөр, арсыздарға қарсы, маған көмек бере гөр!».
Бұл өзін Алланың елшісімін деп атаған Бақытбай Сейітовтың өз сөзі. Қазір оның біраз көмекшілері бар екен. Оларды өзі Иса пайғамбардың апастолдары, яғни хауарилері сияқты ісімді жалғастырушы деп санайды және олардың саны болашақта 144 мыңға жетпек. Оның ең басты мақсаты және миссиясы – ислам діні мен христиан дінінің басын қосу, яғни біріктіру.
Бұл мақсатқа қалай жетеді, ол мақсат орындалса не болады, ол адамзатқа қаншалықты игілік әкеледі? Ол жағы белгісіз. Шынын айтқанда, өзін Алланың елшісі атаған пайғамбар жасынан асқан азаматтың сөздерінен қасиетті Құранды онша түсінбейтінін, оны толық оқымағандығын, Інжілді де дұрыс біле қоймайтынын анық аңғаруға болады. Яғни, Алланың елшісі атанып жүрген пенденің білімі толымды емес. Оған қоса, алдына қойған мақсаты да бұлыңғыр, жасап жатқан шаруалары көңілге онша қона қоймайды. Бір сөзбен айтқанда, Алланың елшісі деген үлкен атаққа оншалықты лайықты жан емес.
Рухы әлсіз адам сайтанға елігеді
Ертеректе Орта Азияда ғұмыр кешкен сопылық ағымның танымал тұлғаларының бірі – Бахауддин Накшбанди туралы мынадай бір хикая бар. Накшбандидің мәслихатында болып, оның уағызын тыңдап жүретін бір кісі бір аптадай жоғалып кетеді. Содан кейін қайтадан әулиенің мәслихатына келеді.
Уағыз біткен соң Бахауддин әлгі кісіден «сіз бір аптадай жоғалып кеттіңіз, менің пайымымша, бір қасиет қонған сияқты өзіңізге» -дейді. Соны естігенде әлгі «Иә, тақсыр, сондай бір қасиет дарыды бойыма. Кешкі намаздан кейін көктен періштелер түсіп, мені алып ұшады. Содан таң атқанша періштелермен жұмақта сауық сайран құрамын» дейді.
Осыны естігенде Бахауддин «Менің сізден бір тілегім бар, көкке көтеріліп, жұмақта жүрген кезіңізде менің атымды айтыңызшы» дейді. «Жәрайды, тілегіңіз болсын» дейді әлгі кісі. Содан ол үйіне келіп, кешкі намазын оқыған соң көктен періштелер түсіп, алып ұшады. Жұмақта сауық сайран салып жүрген әлгі бір кезде есіне Бахаудиннің айтқаны түсіп, «Бахауддин» деп қалғанда жұмақ та, періштелер де ғайып болып, өзінің есік алдындағы әжетханада көйлек-дамбалшаң отырғанын көреді. Осыдан кейін тәубесіне түскен ол Накшбандидің мәслихатынан қалмайтын болыпты деседі.
Өздерін Иса пайғамбармын, Мағдимін деп жүрген адамдардың бәрі дерлік сондай жынның тіліне еріп, адасып жүрген пенделер. Олардың әрекеттеріне, сөздеріне қарап қалыпты, ақыл-есі дұрыс адамға ұқсамайтынын, ауытқушылық барлығын бірден сезуге болады. Өзін Иса пайғамбар атаған ресейлік бір азамат төлқұжатына «Иешуа бен Мариам» деп жаздырыпты. Яғни, Мәриямнан туған Иса деген сөз.
«Арқа ажары» газетінде қызмет етіп жүрген кезімде маған бір кісі келді. Астана маңындағы елді мекенде тұрады екен. Түсінде көк тіреген алып басты көреді. Әлгі бас оған «халық діннен безіп кетті, сен оларды Құдайға шақыр» деп әмір етеді. Бір емес, бірнеше мәрте осы түсті қайталап көрген әлгі кісі, жұмысын тастап, ел кезіп адамдарды Құдайға құлшылық етуге шақырып жүр.
Ертеректе орта жастағы бір кісі туралы мақала жазғаным бар. Ол да Бақытбай Сейітов сияқты түнде әлдебір тылсым күштің ықпалына түсіп, әмірлі дауысты естиді. Міне, сол кезден бастап жұмысын тастап, ел кезіп, белгісіз дінді насихаттауға көшеді. Шынын айтқанда, бұндай адамдар жер-жерден көптеп шығып жатыр. Олардың бәрі әлдебір тылсым күштердің ықпалына түсіп, соның әмірін орындайтындықтарын айтады.
Адамның көзіне көрінбейтін, нәзік тәнді жын нәсілінің барлығы туралы Құранда анық жазылған. Адамзаттың жауы саналатын Ібіліс те жын нәсілінен екен. Оларды адам көрмейді, керісінше жындар адамдарды көреді, көріп қана қоймай олардың ойын да көріп, біліп тұрады. Нәпсіге еріп, жаман ойға кеткен адамдарды жын оңай еліктіріп, иландырып, бағындырып алады.
«Жас алаш» газеті осыдан біраз жылдар бұрын Алматыда болған мынадай оқиға туралы жазды. Арақ ішіп алған жас орыстың жігіті кешкілік жұмысынан үйіне келеді. Асүйде кешкі асын ішіп отырған кезінде бастарына қара маска таққан үш жігіт кіріп келіп, өзіңнің денеңді кес, әйтпесе азаптаймыз деп қорқытады. Зәресі ұшқан шала мас жігіт сол арада асхана пышағымен еркектік мүшесін кесіп алады. Қансырап жатқан күйеуін көрген келіншегі жедел жәрдем шақырып, әупіріммен жаны аман қалады.
Жын нәсілінің қармағына түсіп, қылмыс жасайтын, ақылға сыйымсыз арсыз істерге баратындар аз емес. Бұның бәрінен рухы әлсіз, күнәға жақындау пенделерге жын нәсілі әмірін жүргізіп, өз дегендеріне көндіретінін көруге болады. Жалған пайғамбарлар да сол жынның тұзағына түсіп, өздеріне де, өзгелерге де еш пайдасы жоқ іспен айналысып жүргендер.
Осыдан біраз жыл бұрын Ресейде бір жалған пйғамбар ақырзаман келіп қалды деп соңынан ергендерді дүрліктіріп, жер астынан үңгір қазып, сонда жасырынуға шақырады. Үй-жайын тастаған оның ізбасарлары бала-шағаларымен жер астында түседі. Аштан өлуге жақындаған оларды құтқарушылар әзер дегенде айтқандарына көндіріп, сыртқа алып шыққан.
Мен Алланың елшісімін, екі дінді біріктіремін деп жүрген Бақытбай Сейітов деген азамат та сондай жынның ықпалына түскен жалған пайғамбарлардың бірі десек, шындықтан алыс кетпейміз. Бүгінде христиан дінінің 3 мыңнан астам ағымдары бар екен, ислам дінінің өзі 70-тен астам ағымдарға жіктеліп кетті. Осылардың бәрін біріктіріп, бір дін етемін деу ақылға сыйымсыз шаруа. Қазақ «болмайтын елдің баласы, болымсыз іспен айналысады» дейді. Елді адастырып, теріс жолға салып жүрген жалған пайғамбарлардың сөзіне еріп, өзіңізге залал келтірмеймін десеңіз, ондайлардан аулақ жүрген жөн болады.